Ширек ғасырға жалғасқан Вьетнам соғысы адамзат тарихындағы ең қасіретті оқиғаның бірі. Қызылорда облысында дәл осы соғыс өртін көзбен көріп, бастан өткерген азамат тұрады. Ол күні бүгінге дейін Қармақшы ауданының тұрғыны Иса Бисеновтің жадында.
Негізінен, бізде Вьетнам соғысы жайында нақты ақпарат өте аз. Тек белгілі болғаны, сол кезеңде Оңтүстік Вьетнамда азаматтық қақтығыстан басталған бұл дүрбелеңге Солтүстік Вьетнамнан өзге Қытай мен КСРО, АҚШ пен СЕАТО ұйымы араласуға мәжбүр болған.
Вьетнам соғысын көрген қазақ жауынгері Иса Бисенов Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданы Ақжар кеңшарында 1942 жылы 5 ақпанда дүниеге келіпті. Оның әкесі Бисен Сақтағанов саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаса, анасы Бибігүл Сақтағанова шаруашылықта еңбек еткен.
1964-1966 жылдары міндетті әскери борышын өтеп жүрген оны бірде Ленинград округінің қолбасшысы шақырып, одақтас елге әскерге баратынын айтады. Осылайша, қазақ жігіті Вьетнам соғысына қолдау білдіруге жібергелі отырған полктің құрамына алынады. Оңтүстік Вьетнамды АҚШ-тың әскерінен қорғау мақсатында жасақталған полк құрамына орыстар, латыштар, украиндықтар, белорусьтер мен бір өзбек азаматы алыныпты. Иса осы полкке жалғыз қазақ жауынгері болып қосылады.
Алғашында алты ай арнайы әскери дайындықтан өткізеді. Содан кейін қолына дипломаттық құжатын беріп, қарапайым киіммен Вьетнамға аттандырады. Арнайы әскери киіммен апармауы сол кездегі Кеңес билігінің қитұрқы саясаты болса керек.
«Әуеден шабуылдаған ұшақтар төбеңнен төніп келгенде дүниені жайпап өтердей болады. Бастапқыда ұшақтар қатарласа тізбектеліп шабуылдайтын еді. Зымыранмен оларға қарсы жойқын шабуыл көрсеттік. Ұшақтар қаз-қатар ұшқандықтан, бір зымыранмен жайратып салу қиындық туғызбайтын. Уақыт өте келе олар да соғысу тәсілін меңгере бастады. Бұрынғыдай қатар ұшпай, тұтқиылдан бір-бірлеп шабуылдауға көшті. Сонда да біздің атқыштар полкі жау ұшағына жойқын соққы жасай білді. Біз бір ракетамен жалғыз ұшақты атып түсіру әдісіне көштік. Америкалық ұшақтардың сұрқия әдісіне қарай кейіннен бір ұшаққа екі ракетаны шығындайтын болдық. Соның арқасында бір зымыраннан айласын асырған жау ұшағы екінші зеңбірекке төтеп бере алмай, көктен жерге қарай құлдилап, құлап жататын» деп еске алады сол бір сұрапыл сәтті Иса ақсақал.Майдангер ақсақал өзі көрген Вьетнам халқының еңбексүйгіштігі көпке үлгі боларлық екенін алға тартады. Жергілікті халық кескілескен шайқас жүріп жатса да, жер жыртып, егін егіп, күріш алқаптарында тынымсыз тер төгіп, еңбектен қол үзбепті. Ал түн мезгілінде жауынгерлер тұрғылықты халықпен бас қосып, ән кешін өткізіп тұрған. Сондай кездерде өзі «Бәрінен де сен сұлу» әнін жиі орындайтынын тебірене еске алады.
«Майдан даласында он бес айдан астам уақыт бойы соғыстық. Сондай күндердің бірінде жаудың жойқын әуе соққысына тап болдық. Күтпеген жерден жаудың снаряды тура жаныма түсіп, содан жарақат алдым. Одан кейін соғысқа жарамай, ІІ топтағы мүгедектік берілді. Ең бастысы, осы соғыстан зымыранды орналастыру, оны ату секілді түрлі тәсілмен машықтандым. Қорқынышты түстей болған сол бір сұрапыл күндер әлі күнге жадымнан өшер емес. Ондай дүрбелеңді бүгінгі ұрпағымыздың басына бермесін», – дейді қарт жауынгер.Вьетнам соғысынан жараланған сарбазды бірден елге қайтармай, Ленинградта тағы 3 айдай әскери борышын өтеуге алып қалыпты. Бір қызығы, азаматтық борышын адал орындап, елге аман-есен оралған оның әскери билетінде Вьетнам соғысына қатысқаны жайында дерек жоқ. Себебі сол кездегі саясаттың талабына сәйкес, бұл ақпаратты құпия ұстауға міндеттелген. Содан кейін ұзақ жыл бойына бастан өткерген сұрапыл кезеңді жария етпеуге мәжбүр болыпты.
Қызылорда облысы