Жайылым жер елге қайтарылады
Жайылым жер елге қайтарылады
11,786
оқылды
Елімізде «AMANAT» партиясының бастамасымен «Жер аманаты» жо­басы арқылы игерусіз жатқан жер­лердің мәселесін шешу жұмыстары жүргізілуде. Партия пәрменімен жайы­лымдық және шабындық жер­лерге қатысты шаш етектен келетін мәселе оңтайлы шешімін табар де­ген үміт шаруаларды да жігер­лен­діріп отыр. Осы кезге дейін «AMANAT» партиясы Қызылорда об­лыс­­тық филиалы жанын­дағы «Жер аманаты» аймақтық комис­сиясының үз­діксіз жұмысы нәти­жесінде үш аудан бойынша 34 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Оның ішінде облысқа қарасты Жалағаш, Сыр­дария және Шиелі ау­дандары бойынша пайдаланылмай жат­қан және заңсыз пайдалануға берілген жер­лерді анықтау, мемлекет меншігіне қайтару және қайта бөлу бағытында тиіс­ті жұ­мыстар ат­қарылған.
«Биыл облыста «Жер аманаты» ко­мис­сиясы, жергілікті әкімдік, тиісті ор­ган­дар­дың осындай бірлескен жұмысы нәти­жесінде игерусіз тұрған және заңсыз пай­да­ланылып жатқан ауылшаруашылық мақсатындағы 157,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Соның 34 мыңға жуығы аталмыш аудандардың үлесінде», – дейді «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиа­лының Атқарушы хатшысы, комиссия төрағасы Ләйла Төрешова.
Негізі, облысқа қарасты елді мекен­дердің жайылымдармен қамтамасыз етілуі, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, талдау жасау мақсатында игеру­сіз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары тұрақты. Жайылым­дар мәсе­лесін шешу мақсатын­да құрылған арнайы жұмыс тобының ықпалымен әр елді ме­кенде мал жайы­лымының жерлері бел­гіленген.
«Былтыр 1 шілдеден бастап жерді пай­даланудың бұзылу фактісі бойынша ша­ралар қабылдау үшін бизнес процестерді автоматтандыруды және цифрландыру­ды қамтамасыз етуге бағытталған JerInSpectr пилоттық жобасы іске қосылды. Қазір «ҚазғарышСапары» акционерлік қоғамы ғарыштық мониторинг нәтижелерімен әр аудан бойынша мақсатына сай пайда­ланылмаған егістік, жайылым жерлер туралы ақпараттарды осы платформа ар­­қылы жолдауда. Келіп түскен шаруашы­лық­тардың тізімдеріне талдау жасап, пай­даланған немесе пайдаланбағаны туралы деректерді нақтылау жұмыстары жоспарға сай атқарылып жатыр», – деп ойын то­лықтырды «AMANAT» партиясы Қызыл­орда облыстық филиалының Ат­қарушы хатшысы.
Негізінен, жер мәселесі бойынша об­лыс орталығымен іргелес қоныстанған үш ауданда тиісті жұмыстар қолға алын­ған. Соның ішінде бір ғана Шиелі ау­данында жерге қатысты мәселе шешімін таппай тұрғаны анықталған. Нақты айтқанда, ауданға қарасты 22 елді мекен болса, соның ішінде Жаңатұрмыс, Ақ­тоған, Еңбекші сияқты ауылдарда жерге қатысты мәселе туындаған. Бұл тұрғыда аудан бойынша «Жер аманаты» аймақтық комиссиясының құзырлы органдармен жер қатынастары мәселелері және жұмыс жоспарының орын­далуы бойынша жүйелі түрде жұ­мыстар атқарылып жатқа­нын алға тартады. Ал Қызылорда облыстық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары бас­қар­масының мәлімдеуінше, елді мекен­дердің жайылымдармен қамтамасыз ету жағ­дайына талдау жасау, ұтымсыз пай­дала­нылып жатқан жайылымдарды анықтау, оларды мемлекет меншігіне қайтарып алу жұмыстары тұрақты жүр­гізіліп жатыр.
«Президенттің тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет тара­пына қайтару, оны қайта айналымға қосу бағытында жұмыстар қарқынды жүр­гізілуде. Бұл тұрғыда 2022 жылы пайда­ланылмаған және заң бұза отырып пай­даланылған 157,7 мың гектар ауыл шаруа­шылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Жайылымдар мәселесін шешуге облыста арнайы жұмыс тобы құрылды. Әр ауылдық округ бойынша жайылымның бәріне талдау жасалып, әр елді мекенде мал жайылымының жерлері белгіленді. Соның негізінде бүгінде об­лыстағы 352,4 мың бас шартты мал ба­сына 4 млн гектар жайылым қажет болса, оның 2,6 млн гектары қамтамасыз етіл­ген, жайылым жеткіліксіздігі 1,4 млн гектар көлемде анықталып отыр», – деп мә­лім­деді басқарманың баспасөз хат­шысы Нарқыз Орданбай.
Жалпы, облыстық партия филиалы алдағы уақытта да «Жер аманаты» ай­мақтық комиссиясының құзырлы ор­ган­дармен жер қатынастары мәселелері бойынша сапалы жұмыстар жүргізетінін мәлімдеп отыр.

 Қызылорда облысы