«Бәлен жерде бақыр бар, барсаң, бақыр түгіл тақыр жоқ» деген мақал кейде біздің ХХІ ғасырға арнап айтылғандай көрінеді. «Әне-міне» деумен атыраулықтардың концерт залын күтіп жүргеніне тура 13 жыл толып отыр. Кезінде «1 200 орындық зал болады» деп жалаулатқан құрылысқа қызды-қыздымен 3,7 млрд теңге бөлінген еді. Сол кездегі облыс әкімі Бергей Рысқалиев «Атырауда бұрын-соңды болмаған мәдени ошақ 2013 жылы пайдалануға беріледі. Осыдан артық не керек?» деген еді бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында. Сол уақыттан бері, міне он үш жыл өтті. Жарым-жартылай салынған ғимарат қазір қарқынды дамып жатқан Әбілхайыр хан даңғылында қаланың сиқын кетіріп тұр. «Жемқорлыққа салынған ескерткіш» құрылысын кейінгі облысты басқаруға келген әкімдер оқтын-оқтын жалғастырмаққа ұмтылуда. Бірақ дәл осы концерт залына келгенде атқарушы биліктің де, инвестордың да жолы болмай тұр. Концерттік зал құрылысын дереу қолға алмақ болған облыс әкімдерінің қатарында Бақтықожа Ізмұхамбетов, Нұрлан Ноғаев, тіпті Махамбет Досмұхамбетов те болды. Атышулы Бергей Рысқалиевтен кейін Атырауды басқарған Бақтықожа Ізмұхамбетов кезінде 1 200 орындық концерт залының орнына балабақша салуды ұсынған еді. «Бізге концерт залы не үшін керек? Концерт залының құрылысын аяқтауға жұмсалатын ақшаға 4 үлкен ғимарат салуға болады. Концерт залын бұзып, содан соң тексеру жүргізіп, материалдарының қайсысын пайдалануға болатынын қарау керек деп есептеймін» деген Бақтықожа Ізмұхамбетов орнына балабақша салуға шақырған еді. Кейін Нұрлан Ноғаев облыс әкімі болып тұрған уақытта Атырау билігіне француздық компанияның жолыққаны туралы ақпарат шықты. «Болашақта аталған құрылыс нысаны концерттік зал ретінде қалдырылып, жанына мәдени сауықтыру кешені қоса салынады. Яғни, бұл шаруа француздық компания тарапынан салынатын инвестиция арқылы жүзеге асады» деп уәде берді сол кездегі атқамінерлер.
Былтырғы жылдың қыркүйегінде Атырау қаласының әкімі концерттік залдың құрылысы жалғасатынын мәлімдеді. «Қазір шаралардың басым көпшілігі Махамбет атындағы академиялық драма театрында өтеді. Ал оның сыйымдылығы 500-дей адамды қамти алады. Қала халқы 400 мыңға жақындап келеді. Сондықтан мұндай көлемдегі концерттік залдар қалаға қажет», – деген еді Мейірім Қалауи Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.Бірақ әне-міне деп қанша уәделеткенімізбен, концерттік зал он үш жыл бұрын қалай тұрса, әлі күнге дейін сол қалпында қаңырап тұр. Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен жыр болған құрылыстың болашағына байланысты қандай шешім қабылданғанын сұрадық. Әкімдік 1 200 орындық концерт залының құрылысын инвестициялық жоба арқылы жүзеге асыру мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.
«Алайда компания корпорация арқылы бөлінген қаражатты құрал-жабдыққа емес, құрылыс саласына жұмсап жіберген. Қаражат мақсатты жұмсалмағаны себепті, оны қайтару мәселесі көтерілді. Осылайша, жоба тоқтап қалды. Қазір зауытта инфрақұрылым бойынша мәселе жоқ. Жол бар, газ тартылып тұр. Қалай десек те, фармацевтикалық зауытқа елімізде қажеттілік бар. Себебі Қазақстанда дәрі-дәрмек шығарып жатқан үлкен зауыт жоқ. Алматыда, Шымкентте цех деңгейіндегі өндіріс қана бар. Бұл еліміздің қажеттілігі үшін жеткіліксіз», – дейді Парламент Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев.Облыс әкімдігі зауыт құрылысын жандандыру үшін инвестор іздеу үстінде. Бірақ оған қызығушылық танытқан компания әзірге табылмай тұр. Кезінде қызылды-жасылды жарнамалары жер жарған Атыраудағы «ірі нысандардың» сиқы осындай.
Атырау облысы