«Ұрпаққа аманат»: Алаш қайраткерлері – ұлтқа үлгі
«Ұрпаққа аманат»: Алаш қайраткерлері – ұлтқа үлгі
1,014
оқылды
«AMANAT» партиясының «Ұрпаққа аманат» қоғамдық дәрісі жалғасып жатыр. «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында қолға алын­ған іс-шара бұл жолы елор­дадағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебінде өтті. Оған алаштанушы-ғалымдар Елдос Тоқтарбай мен Ұшқын Сейдірахман қатысып, мектеп ұжымының және оқушылардың алдында Алаш идеясы туралы келелі ой өрбітті. Сондай-ақ осы жиында «Алаш кітапханасы» сериясы аясында жарық көрген жаңа форматтағы кітаптар та­ныстырылды. Осы жолы шыққан кітаптар биыл туғанына 130 жыл толған Алаш қайраткерлеріне арналып отыр. Атап айтқанда, ақын, ғалым, лингвист, ұстаз, Алаш әскерін құ­рушылардың бірі Біләл Сүлейұлы­на арналған – «Күрескер», ақын, педагог Мағжан Жұмабаев­қа арналған – «Ұлт руханиятының алдаспаны», ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған «Өксік ғұмыр» кітаптары. ұрпақ Алаштанушы, ғалым Елдос Тоқтарбайдың айтуынша, бұл кітаптардың басты ерекшелігі – формасының сонылығында, бұ­рын-соңды мұндай кітаптар тұл­ға­ларға арнап шықпаған.
«Біріншіден, кітапта тұлғаның ғұмырындағы ең басты оқиғалар жинақталып, жас оқырмандардың түйсінуіне негізделіп, мейлінше ықшам жазылған. Кітаптың де­ректері – қою, тілі – жеңіл. Екінші жағынан, креативті, көркем. Үшіншіден, кітаптағы «бас» пішіні идеясының тууына себеп ақын Серік Ақсұңқарұлының: «Қазақ бүгін – Кенесары, Кеудесі бар, басы жоқ» деген өлең жолдарын­дағы идеямен өзектес», – дейді ол.
Жиналғандар жалпы Алаш идеясының құндылығы туралы тұщымды әңгіме айтып, бүгінгі ұрпаққа кімдер үлгі деген сұрақ төңірегінде де ой қозғады.
«Алаш идеясы қоғамды алға жылжыту, мемлекет құру, қазақ жұртын ұлттық ерекшелігі бар озық елге айналдыруды ұс­тын етуімен құнды. Алаш арыс­тары қазақ қоғамын тұ­ты­нушы елден өндіруші елге жет­кізуге әрекет етті. Бұл идея бү­гінгі қо­ғам үшін ең негізгі ба­сымдық болуы ке­рек», – деді Ұшқын Сейдірахман.
Ғалымдардың айтуынша, ұлт мақтаныштарының қай-қайсысы да бірнеше тілді еркін меңгерген, интеллектуал азаматтар болды. Сондықтан олардың өмір жолы жас ұрпаққа жарқын үлгі бола алады.