«Гүлсім курсқа келген күннен бастап өзінің асқан сұлулығымен, оның үстіне ерекше тәкаппар мінезімен жұрттың көңілін өзіне аударады. Ол ешкімге сәлем де бермей, берген сәлемін де алмай тіп-тік шығып кетеді екен. Бір күні Мағжан оқытушылар бөлмесіне кіріп келсе, Гүлсім бір столдың жанында жалғыз отыр екен. Кіріп келген Мағжанға селт етіп қарамайды да, Мағжан Гүлсімге қарама-қарсы отыра қалады. Бірдеңе айтқысы келіп оңтайлана бергенде үй сыпырушы татар әйелі кіріп келіп: «Гүлсім ханым, сізді телефонға шақырады», – дейді. Гүлсім шығып кетеді. Мағжан столдың үстінде қалып қойған Гүлсімнің қалың дәптерін көреді. Дәптерді алады да, оның бір бетіне табан астында шығарып, 8 жол өлеңді жазады. Сәлден соң Гүлсім бөлмеге қайтып кіріп: «Мағжан мырза, мені қожам шақырып жатыр, рұқсат етсеңіз, қайтайын», – дейді. Мағжан рұқсат етеді. Ертеңіне Мағжан басқа мұғалімдермен дәлізде келе жатса, үйге Гүлсім кіріп, оларға қарама-қарсы жүреді. Әдетте жан адаммен тілдеспейтін, сәлем бермейтін паң Гүлсім: «Сәлеметсіз бе, құрметті Мағжан мырза!» – деп қастарынан өте шығады. Сол күні сабақ біткеннен кейін Мағжан Гүлсімге келіп: «Гүлсім ханым, сізді орта жолға дейін шығарып салуға бола ма?» – деп сұрайды. Сонда Гүлсім: «Жоқ, Мағжан мырза, орта жолға дейін емес, жолдың аяғына дейін шығарып салуыңызға болады!» – деп жауап береді» деп жазады Тұрсынбек Кәкішев.Алайда ақынның Гүлсімге махаббаты ұзаққа созылмаған. Әйелінің Мағжанмен қарым-қатынасын сезген Мичурин Қызылжардан көшіп кетеді. Тіпті, қызғаныштан ақынды өлтірмекші де болыпты. Гүлсім кеткеннен кейінгі ақынның жан қиналысын оның өлеңдерінен байқауға болады. Сезім сергелдеңіне түскен ақын ғашығына арнап: «Кетіпсің Қызылжандан, ханым Гүлсім», «Айырылғанда», «Гүлсімге», «Г...ге», «Сүй, жан сәулем» деген сияқты бір топ өлеңдер циклын жазған. Арада бірнеше жыл өткен соң, екеуі ойда-жоқта қоғамдық көлікте кездесіп қалады. Бірақ ол кезде жанында жары Зылиха бар еді. Екеуі де бір-біріне «ләм» деуге шамалары келмейді. Сөйтіп, ғашықтар жолы екіге айырылады. Бұл жолы мәңгілікке айырылған еді... Содан қайта кездеспеген...
«Мағжан» кітабында Шерияздан Елеукенов бұл туралы: «Мағжанның махаббат лирикасының шоқтығы Гүлсім сұлуға арналған өлеңдер. Бұл циклден екі жастың небір ғашықтық дастанға бергісіз махаббат тарихын зор тебіреніспен оқисың. Сезімге түскен ғашықтық шоғы от боп тұтанып, өрттей лапылдап, жалындап барып, күрт сөнеді... еріксіз баурап әкетеді» деп жазды.Жүз жылдық махаббат Белгілі жазушы Дулат Исабеков Мағжан-Зылиха махаббатын осылай дәріптеп, арнайы пьеса жазды. Ол ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы академиялық драма театр сахнасында қойылып келеді. Зәйни (Зейнеп) қайтыс болғаннан кейін ауқатты әкесі Бекен Мағжанға Қызылжардың атақты байы Дәули Қуанышевтің асқан сұлу қызы Жәмилаға құда түседі. Қырық жетісін төлеп, қазақтың барлық жора-жобаларын түгел жасайды. Ақырында, келінін алып кетуге бір топ керуенмен Қызылжарға келеді. Жәмила да бір топ құрбыларымен күйеумен кездесу сағатын күтіп отырады. Алайда Мағжан жоғалып кетеді... Екі жақ сеңдей соғылып, күйеуді таппай, қиналады. Қалижан Жұмабаевтың қызы Райхан апай өз сұхбатында «Мағжанды баяғы өшіккен татарлар өлтіріп кетті» деп ойлағанын айтады. Сөйтіп жүргенде, Мағжанның Хасен жесірі Зылихамен кеткені белгілі болады. Мағжан Зылихаға үйленгенінде 29 жаста болған. Ал Зылиха – 28 жаста. Екеуі қолұстасып, бірге қашып, Орынборда бас қосады. Одан ары екеуі Ташкентке кетеді. Ташкентте ақынның әйгілі «Педагогика» кітабы жазылады. Сол кітабына, бірнеше өлеңдеріне қаламақы алып, соған ескерткіш белгі ретінде алтын сақина, білезік, сырға алып берген. Өкінішке қарай, Мағжан ақын Зылихадан бала сүймеген. Өмірінің соңына дейін Зылихамен бірге болған. Ақын он жылға сотталып, Карелияның батпағын кешті, Ақтеңіз каналын қазды, сол бір азапты күндерде туыс-туған, жора-жолдастары жасамаған ерлікті жалғыз Зылиха апамыз көрсетті. Зылиха апа өз естеліктерінде жарының соңынан жеті жылда 14 рет барғанын айтады. «Қызылжар мен Карелия арасында көздің жасын төгіп жүрген қаншама азапты жол қалды». «Зылиха байғұс теңізден өтіп, нелер батпақ, тоң жерді белшесінен кешіп, Мағжанға талай рет барыпты. Тамақ апарып тұрған. Саясатты, ертеңгі тағдырды көп ойламай, көзжұмбаймен асқан ерлікке, жанын шүберекке түйіп, өзін құрбан етуден тартынбаған, ештеңеден қорықпаған, жасқанбаған, жары жолында жанын пида қылған әйелдердің бірі Зылиха болған. Бұл айдаудағы Мағжанға күш, көңіліне көп демеу болған». Бұл – жазушы Жайық Бектұровтың жазбасы. ТАҚЫРЫПТЫҢ ТҰЗДЫҒЫ Елдос ТОҚТАРБАЙ, алаштанушы, ғалым:
ЗЫЛИХА АНАМЫЗ КЕЗ КЕЛГЕН ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ
– Алаштың үлкен қайраткері, ұлт-азаттық көтерілісінің көрнекті өкілі, тек қана ақын емес, публицист, жазушы, ұстаз, ғалым деңгейіне көтерілген, бүкіл түркі халықтарына ортақ поэзияның көркем кестелі өрнегін салған Мағжан Жұмабайдың отбасына қатысты әртүрлі алыпқашпа әңгімелер жиі айтылып жүр. Әсіресе, әлеуметтік желілерде. Жұрттың әлеуметтік желілерде ұлт тұлғаларының тарихына қызыққаны, оқығаны жөн. Бірақ та саралап, анығын, ең дұрысын таңдап алу керек пе деп ойлаймын. Жақында Мағжанның жары Зылиха анамызға қатысты тағы да алыпқашпа деректер жазылды. Шын мәнінде, Мағжанның сүйіп қосылған, күткен, сағынған жары болатын болса, ол – Зылиха анамыз еді. Қазақ тарихында әйелге ескерткіш қойылатын болса, онда ол – Мағжанның Зылихасына лайықты. Мағжанның Зылихасы ақынды Карелияға, Магаданға іздеп, артынан сәлем-сауқат алып, бүкіл түрмеде отырған, жазасын өтеп жүрген, итжеккенге айдалған бар алаш қайраткерлерін шақырып, қазақтың дәмін ұсынып, ет асқан оқиғалары сақталған. Әсіресе, Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр анамыздың естеліктерінде Зылиханың образы, Зылиханың қайраткерлігі, ер азаматтармен иықтас бола білген табандылығы, қайсарлығы суреттеледі. Зылиха Мағжанды шын сүймесе, жақсы көрмесе, ол артынан барар ма еді? Мағжанның басы саудаға түскенде, оны сатып, түрмеге айдатқан інілерінің бәрінің атын атап, түсін түстеп күрескен де осы Зылиха анамыз болатын. Оның тарихтағы үлкен ерлігі – Мағжанды ақтау процесіне қатысуы. Жалпы, Мағжан екі рет ақтау процесіне ұсынылған болатын. Әуелде 1960 жылғы процесті еске алайық. Бұл жылдарда Мағжан саяси барлық жазадан құтылып кетуге, туған жұртымен қауышуға үлкен мүмкіндік туды. Өйткені оның алдында ғана Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгірұлы, Бейімбет Майлин, Қошке Кемеңгерұлы бастаған қазақтың бірқатар азамат ақталып, барлық кінәсін қателескен деп советтік билік өз мойнына алды. Зылиха Мағжанның өлеңдерін бастыртып, қазақтың арасына таратып жүрген шағында, өкінішке қарай бірқатар қазақ-совет әдебиетінің негізін қалаушылар тарапынан Мағжанға қарсылық білдіріп, оның бірінші ақталу процесі сәтсіздікке ұшырады. Зылиха Мағжанды 1988 жылы ақтап, ақынның 100 жылдық мерейтойын атап өткеннен кейін өмірден өткен болатын. Зылиха 97 жас жасап, қайтыс болды. Бұл оның Мағжанға деген, Алашқа деген адалдығы, тазалығы деп тануымыз керек. Мағжанның алғашқы жары, некелескен бәйбішесі Зейнеп болатын. Зейнеп – Шоқан Уәлихановтың жиені. Өкінішке қарай, Зейнеп пен Мағжанның отбасылық ғұмыры ұзаққа созылмады. 1919 жылы Зейнеп босанып, Граждан өмірге келді. Әуелі Зейнеп, артынан Граждан өмірден өте барды. Бұл Мағжанның басына түскен трагедиялық жағдай болатын. Ақынның жүрегіне үлкен жара салған, оның өлеңдерінде де бір пессимистік сарын байқалатын қиын шақ еді. Бірінші – ұлт қайғысы, екінші – ақынға отбасылық қайғы келіп жамалғанда Мағжанның күйініп кететін жырлары болатын. Одан кейін Мағжан Гүлсімге ғашық болды. Гүлсім екеуінің арақатынасы нәзік махаббатқа ұласып бастағанда, оның жары біліп қойып, әйелін алып, басқа қалаға көшіп кетеді. Содан кейін Мағжан әке тілегіне құлақ аспай, өзі сүйген, жүрегінің қалауы болған Зылихасына қосылып, Ташкентке, кейін Мәскеуге кетеді. Оның жүрегіндегі бар қайғысын ұмыттырып, кесек шығармалар жазуына, әсіресе «Батыр Баян» поэмасы, Қорқыт ата, қобыз туралы шығармалары, түркілік сарындағы жаңа поэзиялық өлеңдерін жазуда Мағжанға муза болған Зылиханың орны да, рөлі де айрықша. Ақынның шығармалар жинағының басылуына да, халыққа жетуіне де, әрі мағжаншыл жастардың өсіп-шығуына, оның ішінде Хамза Абдуллин, Әбілмәжін Жұмабаев сияқты азаматтарға қолұшын берген де Зылиха анамыз болатын. Алматының көшелерінде жүріп, Мағжанын насихаттаған, кітаптарын жасырын сатқан анамыздың ерлігін ұмытпағанымыз абзал. Мағжанның жастардың өсіп-шығуына, оның ішінде Хамза Абдуллин, Әбілмәжін Жұмабаев сияқты азаматтарға қолұшын берген де Зылиха анамыз болатын. Алматының көшелерінде жүріп, Мағжанын насихаттаған, кітаптарын жасырын сатқан анамыздың ерлігін ұмытпағанымыз абзал. Мағжанның шығармаларында Зылихаға арналған жырлардың айрықша екенін айтқым келеді. Ол жырлардан Зылиханың ғана образы емес, барлық қазақ қыздарына деген сезімі, құрметі барын байқауымызға болады.P.S. Жақында «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек» кітабы жарық көрді. Жинаққа Мағжан Жұмабайдың бұрын жарияланбаған өлеңдері де енген. Ол өлеңдер – 1911-13 жылдардағы Уфадағы «Ғалия» медресесінде оқыған кезеңіндегі ғашықтық сезімін көрсететін топтамасы. Бұған дейін ақынның сезімге толы жырлары Гүлсім циклы болса, бұл өлеңдер топтамасы Нұржәмилаға арналған. Топтаманың өзі тақырыбында көрініп тұрғандай: «Мағжан Н-ның артынан барғанда», «Мағжан Жұмабаевтың Нұржәмиланың оқуға келгендегісі мен кеткендегісіне жазған өлеңі» және т.б. өлеңдері. Мағжан ақынның рухты жырлары бір бөлек те, ғашықтық ғазалы бір бөлек. «Айнала дүние жаңарып, құлпырып сала береді. Бір адамға ғашықтығы бүкіл өмірге ғашықтыққа айналады. Кеудеңде бір әсем күй ойнайды». (Ш. Елеукенов)«Сәкен сүйген сұлулар» секілді Мағжан ақын сүйген арулардың тағдыры осындай. Әр өлең – жеке бір тарих. Зәйни анамызға, Гүлсім ханымға, Зылиха апамызға арналған жырлардың бәрі өзінше бір тарих. «Ақындардың ақынына айналған» тұлғаның бұл да бір өткен жолы, өткен дәуірі. Біз одан алыс кете алмаймыз. Мағжан – жүрегі махаббатқа тұнған ақын! Адам боп келгесін өмірге адамды сүю керек. Мағжан жырлары сезімге қозғау салады, жүректі жібітеді, жан дүниеңізді нұрландырады. Өзі өмірден өтсе де сөзі елмен бірге жасап келеді. Мұндай құрмет екі ақынның бірінің маңдайына бұйырмайды.