Қазан тазалап, миллион тапқан
Қазан тазалап, миллион тапқан
1,244
оқылды
Кейде көл-көсір табыстың көзін табу үшін велосипед ойлап табудың қажеті жоқ. Бар болғаны, нендей еңбектен де ықпайтын ерік-жігеріңіз бен «ай­на­лама пайдалы болсам» деген ниетіңіз болса жеткілікті. Қызылорда облысы Жаңақорған ау­даны Кеден батыр ауылының тұрғыны Гүлнәр Есма­хан осы сөзімізге дәлел болса керек. 35 жас­тағы келіншек қазан-таба тазалап, айына мил­лион тауып жүр. Гүлнәр бұл кәсіп туралы ең алғаш әлеуметтік желіден көріп-біліпті.
«Instagram желісінде қазан тазалау курсы жүріп жатыр екен. Кез келген әйел асүйдегі ыдыстарының жарқырап тұр­ғанын жақсы көреді ғой. Қа­жетіме жарар деп ойлап, әлгі курсқа тіркелдім. Сол жерден таба, қазан, кәстрөлдерді та­за­лау технологиясын үйрен­дім. Өзім қолданып қана қой­м­ай, оны бизнеске де ай­налдыруға болатынын тү­сін­дім. Бұл идеямды жолдасым да қолдай кетті. Сөйтіп, әуелі көр­ші-қолаңнан, ауыл-ай­мақ­тан, ауданнан тапсырыс қа­былдап, қазандарын жар­қы­ратып беріп жүрдім. Жол­дасым екеуіміз үйді-үйге ба­рып, қазандарын алып ке­те­міз де, тазалап болған соң кеш­ке апарып береміз. Осы кә­сіпті бастағанда анам да үй­де еді, ол кісі де шама-шар­қын­ша бізге көмектесіп, шаруамыз осылай дөңгеленіп кетті», – дейді Гүлнәр.
қазан Оның айтуынша, қазан та­­залау жұмысына арнайы құрылғы керек. Күнделікті тамақ пісіретін таба, қазан­дарды қыруға 15-20 минуттай, ал үлкен қазандарды ағартуға жарты сағаттай уақыт жұм­салады. Қызмет құны ыдыс­тың жай-күйіне, көлеміне бай­­ланысты. Орташа деңгей­де ластанған табаларды 2 000-2 500 теңгеге, қазандарды 3 000-3 500 теңгеге, ал далалық үл­кен қазандарды 10 мың тең­геге айнадай етіп жар­­­қыра­тып береді.
«Қазан тазалап, күніне кем де­ген­де 15-20 мың, ал орта есеппен 30-40 мың тең­­гедей та­быс табуға бо­лады. Қазір айы­на 1 мил­лио­н­ға жуық та­­быс табамын. Оңай жұмыс емес, әрине. Бірақ ал­­ты баламен жүріп те жол­­дасым екеуіміз бәріне үл­геріп отырмыз. Өзіміздің оң ние­тіміздің жемісі, балалары­мыз­дың несібесі шығар. Был­тыр осы кәсіптің арқасында көлік те алдық», – деп ағынан ақтарылды кейіпкеріміз.
кәсіп Айтпақшы, қазір Гүлнәр ше­берлік сыныбын өткізу ар­қылы басқа да қыз-ке­лін­шек­терді қазан тазалаудың қыр-сы­рына үйретеді. Қазірге дейін одан 500-ден аса адам бұл кәсіптің құпиясын меңге­ріп, кішігірім бизнестерін бас­тап кеткен. Қазан тазалаудан бөлек, Гүлнәр кондитерлік өнімдер пісіріп, рецептілерін YouTube желісінде бөлісіп отырады. Әлеу­меттік желідегі парақ­шасына кіре қалсаң, ақжарма алғысын жаудырған қыз-ке­ліншектердің пікірінен көзің сүрінеді. Адал еңбегімен өзі де берекелі бизнес жасап, өзгеге де таудай мотивация беріп жүрген ол болашақта Жаңа­қор­ғанда қазан тазалау орта­лы­ғын ашуды армандай­ды. Бұл арманын да бір күні ба­ғын­дырар.