IELTS-тан 5.5 және 5.0. сертификатын алған талапкерлер ағылшын тілінен ҰБТ тапсырмауы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев мәлімдеді.
Қазір де халықаралық сертификаты бар талапкерлер ҰБТ-дан босатылады. Бұл көбінесе IELTS/TOEFL емтихандарына байланысты. Бірақ IELTS сертификаты 6 балдан жоғары болса ғана талапкерлерге автоматты түрде 45 балл беріледі. Енді бұл талапқа өзгеріс енгізілмек.
«ҰБТ сертификатында ағылшын тілі бойынша ұпайлар көрсетілмейді. ЖОО-ның қабылдау комиссиялары білім беру гранттарын беру немесе ақылы негізде қабылдау өтінішін бергенде сертификаттардың растығы мен қолданылу мерзімін тексереді. Сертификаттың түпнұсқалығын тексерген соң бірден 45 балл беріледі. Ал қазір жаңа өзгерістер әзірленіп жатыр. IELTS сынағынан 5 және 5,5 балл алған талапкерлерге ҰБТ-да ағылшын тілі бойынша балл берілуі мүмкін», – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.