ҚазАқпараттың хабарлауынша, Өскемен қаласында соңғы 8 күнде мектепке бомба қойылғаны туралы төртінші хабар түскен. ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, хабар 13 ақпан күні түскі уақытта түскен. Онда полицияға Өскемендегі мектептердің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы айтқан.
«Мамандандырылған қызметтер дереу мектепке келіп жетті. Білім ордасының қызметкерлері мен оқушылар қауіпсіз жерге көшірілді. Қазір ғимарат іші тексеріліп жатыр. Халықтан сабырлық танытуды және енгізілген шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраймыз» делінген ақпаратта.Еске салсақ, ең бірінші 6 ақпанда Өскеменде сотқа және мектепке бомба қойылғаны хабарланған. Алайда тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылмады. 9 ақпанда Өскеменде тағы да мектепке бомба қойылғаны туралы хабар түсіп, оқушылар мен мұғалімдер эвакуацияланған. Тексеру нәтижесінде бомба жоқ болып шықты. Сондай-ақ 10 ақпан күні қаладағы жиырма алты мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар түскен.