«Қолжетімді интернет»: жылдамдық сапаны білдірмейді
«Қолжетімді интернет»: жылдамдық сапаны білдірмейді
929
оқылды
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жойы­лады. Оны «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы ал­мастырды. Он жыл ішінде осымен үшінші цифрландыру бағ­дарламасы мерзімінен бұрын тоқтатылмақ. Мұндай кереғарлық, салаға үстірт, салғырт қараушылық маман­дардың қатаң сынын туғызды. Жалпы, жаңа жобаның не берері бар? Ол елді «цифрлық» ұшпаққа шығара ма? Қазақстанда жүздеген мил­лиард теңге шығындалатын бағдарламалар шынында көп емес. Кезінде ғаламат шығынды талап ететін мемлекеттік бағдар­ла­малардың алғашқысы да «Цифрлы Қазақстан» болған еді. Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының (ЦАРКА) эксперті Сабина Берікова 2021 жылғы қазанда «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есе­бінен технологиялық серпіліс» атты ұлттық жоба қабылданғанын еске салды.
«Ұлттық жоба өзіне бөлінген мерзімнің 20%-ы ғана өткенде жо­йылғалы тұр. Бұл соңғы 10 жылда мерзімінен бұрын доғарылатын үшінші цифрлық бағдарлама бол­мақ. Олар жалпы алғанда 17 жыл жүзеге асыруға есептелген еді, алай­да бірде бірі ақырғы мақсатына, нысаналы көрсеткіштеріне жете алмады. Мысалы, ең алдымен, 2013-2020 жылдарға арналған «Ақ­параттық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынды. Ол 2017 жылы жойылды. Сол жылы 2017-2022 жылдарға арналған «Ци­фр­лық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Бірақ 2021 жылы оның да күші тоқта­тылды. 2021-2027 жылдарға бағдар­ланған «Цифрландыру есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы биыл күшін жоятын көрі­неді, – деді сарапшы.
Себебі Бағдат Мусиннің ко­ман­дасы «Қолжетімді Интернет» бай­ланыс саласындағы пилоттық ұлт­тық жобаны әзірлеп шықты. Ол Үкімет қаулысымен бекітілмек. Сарапшының бағалауынша, жаңа құжаттың сапасы төмен әрі шикі.
«Шындап келгенде, бұл «Цифр­лы Қазақстан» бағдарламасының үшінші бағыты саналатын «Цифрлы Жібек жолының» сәтсіз шыққан компиляциясы ғана. Ол бағдарлама бес бағыттан тұрып еді. Бұл жолы жасалатын шаралар өзара үйлес­тіріліп, бірыңғай тізбекке тізілмеген. Айталық, Қазақстанға 5G-дің қаже­ті не? Оны елдің транзиттік әлеуетін арттыру қажеттілігімен және ауыл­дарда интернеттің жоқтығымен дә­йектейді. Бұл проблеммаларды 5G сияқты өте қымбат дүниесіз-ақ шешуге болады. Жаңа құжат жоба­сында деректерді өңдеу орталықта­рының Tier-III стандарты деңгейін енгізу қарастырылған. Ол қандай мақсат пен міндет үшін қажет? Шы­нында, елімізге Tier емес, Data center, деректер сақтау сыйымды­лықтары керек. Әрине, бұл нақты бір Data center-ді сатып алуды не­гіздеп, ақтап алу үшін жасалғанын да түсінеміз», – деді С.Берікова.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ми­нистрлігінің ұстанымынша, транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier-III деңгейінен төмен емес деректерді өңдеу орталықтарын құру қажет. Жаңа ұлттық жобада сондай-ақ 2027 жылға қарай мегаполистер аумағының 75 пайызын, облыс ор­талықтарының 60 пайызын 5G тех­нологиясымен қамту жоспары бел­гіленбек. Шетелде ғалымдар 5G стандартындағы байланыс жыл­дамдығын секундына 1 терабайтқа дейін «ұшырды». Бұл жылдамдық, 3 секундта 100 фильмді жүктеп алуға жетеді. Қазақстанға үш жылдан соң мұндай ақылға сыймас ұшқыр ин­тернет не үшін керек болады? Ұлт­тық жобада оған егжей-тегжейлі жауап жоқ. Бұл технология телеме­дицинаны бұрын-соңды болмаған биікке көтере алар еді: жоғары бі­лікті дәрігерге астанада отырып, қияндағы ауылда операция жаса­уына болады. Бірақ 5G байланысы ауылдарға әзір бармайды әрі қа­шықтан сондай операция жасауға қажетті құрылғылар ауыл түгіл, ме­­гаполистерімізге де жете қойған жоқ.
«5G технологиясын енгізу жо­ғары деректер жылдамдығын әрі төмен кідірісті қамтамасыз етеді және пайдаланушылардың, құрыл­ғылардың және қызметтердің кө­бірек санын қолдайды. Сондай-ақ технологияның бұл түрі мемлекет пен бизнес үшін заттар интернетін, Ақылды қалалар мен сервистерді да­мыту үшін анағұрлым жоғары тиімділікке ие. Бұл елдегі цифр­лан­дыру қарқынын айтарлықтай же­дел­детеді», – деп қысқаша ғана дә­йектеді Цифрлық даму министрлігі.
ADSL технологиясынан арылатын болдық Сарапшылар құжаттың өзге де нысаналы көрсеткіштерін сынады. Жаңа ұлттық жобаның мақсаты ретінде 2027 жылға дейін халық пен бизнестің, әрбір абоненттің ин­тернет желісіне 100 Мбит/секунд жоғары жылдамдықпен қол жет­кізуін қамтамасыз ету белгіленген. Бұл орындалса, Қазақстанның өр­кендеуіне серпін берілмек. Соған жету үшін 5G желісін дамыту жос­парланған. Бірақ 5G-дің жыл­дам­дығы ұлттық жоба межесінен кем дегенде 200 есе көп: 20 гигабайт/секунд (1 терабайтқа дейін барады). Мұндай шектен тыс, басы артық көрсеткішке ұмтылудағы мақсат не? Ел қаржысын босқа, желге шашу болмай ма? Мамандардың айтуын­ша, жаңа ұлттық жобадағы 100 Мбит/секунд көрсеткішіне жету үшін қолданыстағы 4G стандарты да жеткілікті. Өйткені 4G 1 гига­байт/секундқа дейінгі дерек беру жылдамдығын қамтамасыз ете алады. Неге онда соған әлі күнге қол жеткізілмеді? Пайдакүнемдікке салынған қазақстандық байланыс операторлары базалық стансаларын көптеп құруға инвестиция салғысы келмейді. Салса, көп ақталмай­ты­нын біледі. «Атамекен» палата­сы­ның Ақпараттық-коммуникация­лық технологиялар, білім беру және инновация комитетінің төрағасы Болат Башеевтің айтуынша, қазір кейбір оператор 5G-ді енгізуге қар­сы шығуда, өйткені олардың LTE жабдықтарына салған инвестиция­лары да өтелген жоқ. Өйткені Қа­зақстанда халықтың тығыздығы төмен, абоненттер сонша көп емес. Бұған қоса, 5G-дің бір ерекшелігі сол, оның жоғары жылдамдығына базалық стансалардың тығыз орна­ласуы арқылы қол жеткізіледі. Ал бұл тағы да көп ақша төгуді талап етеді. IT сарапшы Сабина Берікова­ның байламынша, жаңа бағдарла­мадағы 100 Мб/с межесін басшы­лыққа алсақ, онда 5G түгіл, 4G-дің әлеуеті алдағы 5 жылда түгесілмейді. Оның аясында республиканың ке­лесі технологиялық серпіліс жаса­уына әлеует қалады. [caption id="attachment_240412" align="aligncenter" width="1561"]интернет © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Сарапшылар ұлттық жобадан тағы бір қайшылықты тапты. Оның жобасын әзірлеген Б.Мусин коман­дасы 4G байланыс стандарты аясында 5 Мб/с жылдамдығына қол жеткізілгенімен мақтанады, соны қызметінің бір жетістігі деп көрсетті. «Халықтың интернетке қолже­тімділік сапасына қанағаттанбауы мәселесін шешу үшін байланыс қызметтері сапасының көрсет­кіш­тері бекітілді: оған сәйкес, 3G-де са­паның ең төменгі параметрлері – 1 Мбит/с, 4G-де – 5 Мбит/с» деп масаттана жазады. Бірақ артынша ADSL модемдік технологиясын одан екі есе көп, 10 Мб/с жылдамдығы үшін аяусыз сынады және одан тезірек құтылуды ұсынады: «ADSL технологиясы дауысты және деректерді 10 Мбит/сек жылдамдықпен ғана қарапайым «мыс» телефон арналары арқылы бір уақытта жіберуге мүмкіндік бе­реді. Бұл абоненттердің қазіргі қа­жеттіліктеріне сәйкес келмейді. Осыған байланысты ADSL (мыс сымдар бойынша) технологиясын интернетке кеңжолақты қолжетім­ділік технологияларына ауыстыру жұмыстары жүргізілетін болады» делінген жаңа ұлттық жобада. Те­лефон сымдары арқылы интернетке шығу технологиялары ескіргені жасырын емес, бірақ оны жою неге соқтыратыны жете бағамдалмаған. Біраз елді мекенде сымды интер­нетке балама да жоқ, олардағы тұрғындардың жағдайы не болады? Бұл сауалға жауап ізделмеген. Қазақстанда 6 290 ауылдық елді мекеннің 4 664-і тіркелген (фик­сированный), сымды интернетке қосылған, соның ішінде 2 063 ауыл ADSL технологиясы арқасында ғаламторға шығып отыр. Тек 2 601 ауыл ғана оптика арқылы қосылған. Тіпті, моноқалалардың күні соған қараған. Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде ауылдық жерлерде, шағын қалаларда және қала маңында негі­зінен мыс сымдар арқылы АDSL технологиясы қолданылады: оның үлесі 35%-дан асады. Ірі қалаларда ADSL-ді абоненттердің 25%-ы пайдаланады. «Импортты» интернет тәуелділіктен құтқара ма? Сарапшылар Мусин коман­дасының 5G-ден басқа өршіл мақ­саттар қоя алмағанына, батылдық танытпағанына таң. Мысалы, Қа­зақстан бүгінде Ресей арқылы ке­летін 6 Тб/с арнасы арқылы жаһан­дық интернетке қосылған. Елімізде қазірдің өзінде 16 миллионнан ас­там абонент бар. Еңбектеген ба­ладан еңкейген қарияға дейін смарт­фонға шұқшиған заманда ғаламтор сүзетіндер саны тек өсе береді. Осы 16 миллионға бөлгенде 50 Кб/с қана шығады. Телеком­му­никация операторлары кэштеу тех­нологиялары арқасында тығы­рық­тан шығып жүр. Салада тапшы­лық­тың құлағы қылтиды. Озық әлемнен оқшауланған Ресей де болашақта, кез келген уақытта интернетті шек­теп тастауы ықтимал. Цифрлық даму министрлігі көр­шіге тәуелділіктен құтылу үшін Кас­пий түбінен «интернет өткі­зе­тін» магистраль салынатынын атап өтті.
«Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп төсеу жөнінде екі­жақты үкіметаралық келісім жасал­ды. Жоба трафиктің Қазақстан ау­мағы бойынша және суасты кабелі арқылы Әзербайжанға дейін және ары қарай Еуропаға (Грузия – Қара теңіз – Болгария – Словакия ар­қылы Германияға) шығуын көздей­ді. Каспий теңізінің түбіндегі ка­белдің ұзындығы шамамен 380-400 шақырымды құрайды. Деректер берудің жобалық сыйымдылығы кемінде 4-6 терабит/с. Сондай-ақ транзиттік трафикті өткізу кезінде кідірістерді азайту үшін Қазақстан аумағы бойынша Шығыстан Ба­тысқа қарай ұлттық гипермагистраль салу қажет делінген «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасында.
Мамандар өткізу қабілеті 4-6 Тб/с қана болатын Транскаспий ғаламтор магистралінің жобасы басталмай жатып, ескіріп қалғанына назар аудартады. Себебі тіпті РФ арқылы өтетін 6 Тб/с арнасы Қазақ­станның тақиясына тар келе бас­тады. Сонымен бірге Қазақстан Ор­­та­лық Азия елдерінің қолын ин­­тернетке өз аумағы арқылы жет­кізіп отыр. Ендеше Қазақстан техноло­гия­лық революцияның жаңа дәуіріне өту, тапшылықтың алдын алу үшін бұдан да ауқымды жобаны – Каспий теңізі арқылы Қытайдан Еуропаға талшықты-оптикалық байланыс­тың алып магистралін төсеу мега-жобасын қолға алғаны жөн. Сонда Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан республикамыз Шығыс пен Батыс арасындағы ең кемі 2,5 миллиардтан астам абонент арасындағы транзитті өзі арқылы өткізе алады. Әйтпесе, бесжылдық бағдарламаның ірі жобасы ретінде ұсынылған «Транскаспий магистра­ліндегі» 4-6 Тб/с өткізу қабілеті 32 оптика талшығынан тұрады: ақпа­раты ғарыштық жылдамдықпен жарысқан заманда мұны салмақты деу әбестік. «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасын іске асыру үшін 5 жылда 1 трлн 114 млрд 726 млн теңге жұмсау көзделген. Оның ауқымды бөлігі, 531 млрд 988 млн теңгесі – респуб­ликалық бюджеттен арна тартады. Тағы 582 млрд 737,6 млн теңгесі – бюджеттен тыс қаражат, жеке ин­вестициялар есебінен тартылмақ. Ұлан-ғайыр соманы шығындау нәтижесінде 2027 жылы барлық абонент кең жолақты интернетке қол жеткізуі тиіс. Бес жыл ішінде ауылдардың 90%-ына талшықты-оптикалық байланыс желісі жеткі­зілмек. Нәтижесінде, ауылда интер­нетті пайдаланушылардың үлесі 97%-ға жетпек. Қазақстан 2027 жылы ADSL технологияларынан бас тартып, жоғары жылдамдықты өзге технологияларға 100% ауысады. Халықтың жаңа технологиялар игілігін көруіне биліктің қам жаса­ғаны қуантады. Дегенмен «Қайыр қыл­­саң, бүтін қыл» дейді қазақ да­налығы. Олай болса, ел Үкіметі Қа­зақстанның цифрландырылу ке­ле­шегін айқындайтын жаңа ұлт­тық жобаны әлі де пысықтай түссе жөн.