Сап түзелсе, болашақ сарбаз да түзелер...
Сап түзелсе, болашақ сарбаз да түзелер...
1,063
оқылды
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлыққа қол қойды. Қарулы Күштердің Бас қолбасшысының бұл жылдағы маусымдық бұйрығы болғанымен, биыл өзгеше көрініс байқалады. Себебі әлемдегі геосаяси жағдай әскери салаға салмақты көзбен қарауға мәжбүрлейді. Сон­дықтан әскери шақыру қорғаныс қабілеттілігіміздің нығайтудың алғашқы қа­дамы. Олай дейтініміз – қазір жастар Отан алдындағы борышын өтеуді емес, әс­керге барудан қашуды ойлайтындай. Оған себеп те жоқ емес. Соңғы жылдары ба­ласын әскерге аттандырған ата-ана сарбазын жылы құшақпен емес, қара жа­мылып күтіп алу оқиғалары жиіледі. Бұл әскери салаға деген сенімді әлсіретіп жа­т­қаны анық. Бақылау күшейсе, береке орнайды Еліміз бойынша биыл 37 056 азамат әскер са­пын толықтырмақ. Жамбыл облыстық Қор­ғаныс істері жөніндегі департаменті берген ақ­паратқа сүйенсек, өңір бойынша 2 500-ден ас­там азамат Отан алдындағы борышын өтеу­ге шақыртылады екен. Мерзімді әскери қыз­мет­ке шақырудан бас тартқан азаматтарға Қазақстан Республикасы Қыл­мыстық Кодексінің №387-бабына сәй­кес, әскери қызметтен жалтару ісі бойынша қыл­мыстық жауапкершілікке тартылады. Осындай қылмыстық жазаға қарамастан, бү­гінде әскери борыштан жалтарып жүргендер көп. Елімізде өткен жылдың өзінде 35 мыңнан ас­там адам әскерге барудан қашып жүргені ай­тылды. Жастарды борышын өтеуге тарту үшін арнайы рейдтер ұйымдастырылып, қор­ға­ныс істері жөніндегі бөлімдерге мәжбүрлеп апару шаралары да қолға алынды. Алайда одан айтарлықтай нәтиже шықты дей алмаймыз. Мұн­дай мәжбүрлік шараларға ата-аналар қар­сы шығып, соңы айқай-шуға ұласса, әскери бө­лімдегі сарбаздардың қазасы тіпті жағдайды ушықтыра түсті. Енді жастарды әскери борышын өтеуге қа­лай қызықтыра аламыз? Және олардың қауіп­сіздігі мен өміріне кепіл болар тың тәсіл бар ма? Бұл сауалмен сала ардагерлеріне қа­йы­­­рылған едік. – Кеңес Одағы тұсында әскерге бару – абы­ройлы міндет саналатын. Ал әскерден қа­шу жігіт үшін сын еді. Содан болар жастар­дың өздері әскерге аттануға құлшынып тұра­тын. Қазір соның ұшқыны да байқалмайды. Оған себеп әскердегі түрлі әлімжеттік және сар­баздардың қаза болуы ата-ананың үрейін ту­ғызып отыр. Ал мұндай әрекеттерді бол­дыр­мау үшін әскери бөлімдердегі бақылауды кү­шей­тіп, заңдық үстемдік құрылуы қажет. Былтыр Отан алдындағы борышын өтеуге Қор­дай ауданынан дүнген ұлтты азаматтар көп­теп аттанды. Бүгінде олардың алды әскер­ден қайтып жатыр. Олардан әскердегі өмірі қа­лай өткенін сұрасаң, барлық жерде бейне­ба­қылау камерасы болғандықтан, ешқандай әлім­жеттік болмағанын айтады. Бұл әрине, Қордай қақтығысынан кейін дүнген ұлтты аза­маттар борышын өтеген әскери бөлімдердің ерек­ше бақылауға алынғанын көрсетеді. Дәл сондай өзге де әскери бөлімдерге за­ма­науи бейнебақылау камераларын орнатып, жас сарбаздардың өмірі мен денсаулығына еш­қандай қауіп төніп тұрмағанын көрсету ке­рек. Қазіргі әскери бөлімдерде бейне­ба­қы­лау камерасы санаулы жерге ғана қойылған. Мі­не, осы камералардың санын көбейтіп, әс­­­кери бөлімнің барлық аумағын бақылауға алу қажет. Сонда ғана жас сарбаздар өздерінің қауіп­сіз екенін сезінеді, – дейді запастағы сер­жант-инструктор Исмаил Хаджимуратов. Құрылыс батальондары қайта құрылса... Ауған соғысының ардагері Болат Сайлан бол­са, жастарды әскерге тартудың бірден-бір жо­лы құрылыс батальондарын қайта жандан­дыру қажеттігін айтады. – Кеңес Одағында жастарды Отан қорғауға тәр­биелеу идеологиясы мықты еді. Қазір мек­тептерде кадет сыныптары ақсап тұр. Әскери-пат­риоттық тәрбие беру жоқтың қасы. Кезінде Кеңес үкіметі әскерилердің кү­шін әлеуметтік мәселелерді шешуге де тиімді пай­даланды. Тұрғын үй құрылысы сынды жұ­мыстарға сарбаздарды көптеп жұмылдырды. Әскери батальонның қатарында болған сар­баз­дар физикалық тұрғыда шынығып қана қой­май, табыс та табатын. Сондай-ақ тәртіп пен ұқыптылыққа үйренетін. Неге осы жүйені қазір қолданбасқа? Егер сарбаздарды осы бағытқа бағыттасақ, одан мердігер де, Үкімет те ұтар еді. Оған қоса, жас сарбаз құрылыс тілін де үйреніп, дайын ма­ман болып та шығады. Егер борышын өтеп біт­кен сарбазға әскери билетпен қоса, құры­лыс жұмыстары курсынан өткендігі туралы анық­тама қағаз берілсе, тіпті ол оның бола­шақ­та жұмыс тауып кетуіне септігін тигізуі мүм­кін. Әскери құрылыс батальондарын құрып, олардың жұмысына мердігерлердің ақы төлеу мәселесін қарастыратын болсақ, жастар әс­кер­ге қуана-қуана барады деп ойлаймын, – дейді Болат Санабайұлы. Сарбаз болуға дайынмын, тек... Иә, Ауған соғысы ардагерінің ұсынысы ұтым­ды. Бұдан бөлек, биыл Отан алдындағы бо­рышын өтеген жастарға әскерден кейін жо­ғары оқу орнына ҰБТ тапсырмай түсуге, әс­кери кафедрада тегін оқуға және несиесін тө­леуге демалыс алуға жеңілдік беріледі. Бұ­ның барлығы жастарды Қарулы Күштердің қа­тарына тартудың жолы екені түсінікті. Алайда бұған жастардың өзі не дейді? – Әскерге баруға қарсы емеспін. Бірақ оқу ор­­нын енді бітірейін деп жатқандықтан жұ­мыс істеп, еліме қызмет етсем деймін. Дип­ло­­­­мымды қолыма алғаннан кейін Отан ал­дын­­дағы борышым мен өз құқығымды тағы бір рет зерделеймін. Олай дейтінім, үйдің үл­кені болғаннан кейін анам мен бауырларыма ба­рынша қолдау көрсеткім келеді. Оның үстіне, қазір әскери өмірге қатысты түр­лі ақпараттар жарық көріп жатыр. Соны кө­ріп, ойға да қаласың. Егер Үкімет әскери бө­лімдерді бақылауға алып, тәртіп орнатса, кез келген азамат әскерге барады деп ойлай­мын. Оған қоса, биылдан қолға алынған түрлі жеңілдіктер сап түзейтін сарбаздардың санын арт­тырады деп сенемін. Себебі елімізде бұрын мұн­дай жеңілдіктер қарастырылған емес. Ең бас­тысы, Отан алдындағы борышын өтеп жүр­ген жастардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіл­се екен деймін, – дейді Мадияр Қасымбек. Ата-ана алаңдаулы Жастың сөзі де, ойы да орынсыз дей ал­мас­сың. Елім деп борышын өтеп жүрген ер бар да, ерім дейтін ел де керек. Алайда Ма­дияр­дай жастардың бойында Отан алдындағы боры­шын өтеуге деген ниет болғанымен, бү­гін­де балаларының шешіміне көп ата-ана қар­сы болып жататыны шындық. – Әскери бөлімдердегі былықты бұқара­лық ақпарат құралдарынан көріп отырып, қа­лай ғана балаңды әскерге жібересің? Бірі соқ­қыға жығылып жатса, енді екіншісі қаза тап­қан. Тіпті, айтуға ауыз бармайтын сұмдық­тар­ды да естіп жатырмыз. Осыдан кейін сау ба­лаңды әскерге жіберіп қалай ғана қарап оты­расың? Балаларым әзірге Отан алдындағы бо­ры­шын өтейтін жасқа жеткен жоқ. Алайда егер әскери бөлімдердегі жағдай түзелмесе, ұл­да­рымды әскерге жібермеудің барлық ама­лын жасаймын, – дейді Әсел Оспанова есімді тұр­ғын. Былтыр үш ұлын әскерге аттандырған Тал­ғат Аманов балаларының шешіміне қарсы кел­мегенімен, олардың амандығы үшін алаң­дайтынын жасырмайды. – Әскерге алдымен ортаншы ұлым Айдын аттан­ды. Ол бір ай Алматыдағы әскери бөлім­де болса, кейін Ақтауға теңіз әскерінің қата­ры­­на қосылды. Артынша, 1999 жылы туған үл­к­ен ұлым Айбек те портты қалаға жол тарт­ты. Кейін ағаларына қарап бой түзеп жүрген 18 жасар ұлым Айдос та әскерге баратынын ай­тып, Қостанайдағы Ұлттық ұлан жауын­гер­лерінің қатарында сап түзеді. Бұл бала­ла­рым­ның таңдауы болғаннан кейін қарсы келгенім жоқ. Десе де, әскери бөлімдердегі түрлі жағ­дай­ларды естіп, алаңдаймыз. Демалыс күндері ұлдарым хабарласқанда ең бірінші хал-жағдайларын сұрап, одан кейін жанарларына көз саламын. Үшеуі де әскери өмірге бейімделгендерін айтады. Қазір енді тек перзенттерімнің аман-есен оралуын тілеп отырмын, – дейді ол.   P.S.

Дәл қазір жастардың әскери борышын өтеуі­не қатысты бір байлам айту қиын. Себебі әр­түрлі пікір бар. Бірі баларының қалауына ерік берсе, енді екіншілер ұлдарын әскерге жібер­меу­дің барлық амалын жасауға тырысады. Десе де, бұдан қауіпсіздік қалқаны саналатын әскери әлеуетіміз әлсірей түспек. Енді бұл олқылықтың орны толып, әлеуметтің әскерилерге деген сені­мі қашан қайта оянатыны белгісіз. Ал таразы басы қалай теңселерін көктемгі әс­керге шақыру науқаны көрсетпек.

Жамбыл облысы