Медеу Арынбаев Қазақстан Композиторлар одағының құрамына кірді
Медеу Арынбаев Қазақстан Композиторлар одағының құрамына кірді
1,858
оқылды
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық «Алтын адам» жүлдесі мен халықаралық байқаулардың лауреаты, әнші, композитор Медеу Арынбаев Қазақстан Композиторлар одағы құрамына кірді. Одақтың төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Серікжан Әбдінұров осы мақсатта Алматыға арнайы келіп, салтанатты түрде Медеу Арынбаевқа ұйымның куәлігін табыстады.
– Медеу Арынбаевтың шығармашылығын бәріміз де жақсы білеміз. Оның «Өмір өзен», «Балама тілек», «Дәурен-ай», «Бәрі есімде», «Алматы мәңгі жыр қала», «Туған жердей жер болмас», «Ата-ана деп ән салайық әрқашан» сияқты басқа да көптеген әні халықтың көңілінен шығып, көптің сүйіктісіне айналды. Алайда Медеудің композиторлық шығармашылығы туралы көбісі білмейді. Ол  25 жылға жуық тамаша әндер жазып жүрген талантты композитор. Ұлттық музыканың дамуы мен насихатталуы жолында көп жылғы еңбегін ескере отырып, Медеу Арынбаевты Қазақстан Композиторлар одағы мүшелігіне қабылдауды жөн көрдік, – деді Серікжан Әбдінұров.
Өз кезегінде Медеу Арынбаев шығармашылығына жоғары кәсіби деңгейде баға бергендері үшін Қазақстан Композиторлар одағына алғысын білдірды. «Одақтың мүшесі болу мен үшін құрмет қана емес, үлкен жауапкершілік», – деді ол. Салтанатты кешке Медеу Арынбаевтың әріптестері де қатысты. Олардың арасында еліміздің мақтанышы, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева да болды. Ол Медеу Арынбаевтың әніне жазылған «Ардағым да сен» атты әнін орындап, өз тілегін айтты. Медеу Арынбаев
Осы әнді алғаш естігенімде маған қатты ұнаған болатын. Осылайша, репертуарыма композитор Медеу Арынбаевтың тамаша әні қосылды. Болашақта маған арнап бірнеше туынды  жазып беретін шығар деп ойлаймын. Жалпы, Медеу жүрегі таза әнші ғой, сондықтан да оның жанды тебірентер әндері халықтың жүрегінен бірден орын алып жатыр,  – деді Роза Рымбаева.
Кеш барысында Медеу Арынбаев қазақтың белгілі композиторлары – Әбілахат Еспаев, Өмірбек Байділдаев, Рамазан Елебеков, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сияқты басқа да композиторларды және олардың шығарған туындылары туралы сөз айтты. Сонымен қатар әнші өзінің композиторлық шығармашылығының қалай басталғаны туралы еске алды. – Айгүл екеуміз 1997 жылы фортепиано сатып алдық. Сол кезден бастап ойыма әуендер келе басталды. Осылайша, 1998 жылы «Дәурен-ай» әні, ал сәлден соң «Өмір өзен» әндері дүниеге келді, – деді Медеу Арынбаев. Кеш барысында Медеу Арынбаев өзінің авторлық әндерін орындады. Өнер иесін құттықтауға оның достары мен әріптестері келді, олар:  Жеңіс Ысқақова, Жұбаныш Жексен, «Дервиши» тобының солисі Ділмұрат Бахаров, композитор Еркін Ынтықбаев, Темірлан Төлегенов, Азамат Сатыбалды және басқалары қатысты. Медеу Арынбаев Айта кетсек, Медеу Арынбаевтың 25 жылдық композиторлық шығармашылығында 80-ге жуық ән жазылса, оның 60-қа жуығы жарық көріп, тыңдармандарының құлағына жеткен. Бүгінде Медеу Арынбаев күз айына жоспарланған сахналық шығармашылығының 35 жылдығына арнап кеш өткізуді жоспарлап отыр.