15 ақпан - Кеңес әскерінің Ауғаныстан елінен шығарылған күніне орай Қарағанды облысының Приозерск қалалық кітапханасында «Ауған соғысының жаңғырығы» тақырыбындағы кеш өтті.
Іс-шараға Приозерск гарнизонындағы 44841, 06708 әскери бөлімдерінің мерзімдік қызметтегі әскери қызметшілері, қалалық №1 орта мектебінің оқушылары мен «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатыстырылды. Басты қонақ ретінде Ауған соғысының ардагері, интернационалист-жауынгер Бердібек Ақмурзаев арнайы шақырылып, төрден орын алды.
Аталған кештің мақсаты – Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлер арқылы оқырмандарға соғыс жайлы мағлұмат алып, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздар мен мектеп оқушыларының танымдық қабілеттерін кеңейтіп, тарихи оқиға туралы мәлімет беру және жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады.
Алдымен, кешке жиналған оқырман қауым – Отан алдындағы борышын өтеп жүрген мерзімдік қызмет әскери қызметшілері, әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілері және мектеп оқушылары Ауғаныстан еліндегі соғыста қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алынды. Сұрапыл соғыс тарихын көрсету мақсатында оқырмандарға заманауи интерактивтік тақта арқылы «Ауған соғысы» тақырыбындағы деректі фильм ұсынылды. Кеш барысында төрден орын алған Ауған соғысының ардагері, интернационалист-жауынгер Бердібек Ақмурзаев өткен өмірінің жастық шағын еске алып, жат елдегі орын алған соғыстың кейбір көзбен көрген сәттерін оқырмандарға баяндап берді. Ол өз сөзінде: «Ауғаныстандағы соғыс өртінен өзінің елі мен жеріне аман-есен оралған біз секілді жауынгерлерге осыдан талай жыл бұрын соғыстан емес, басқа елдің тыныштығын бұзып келген қарақшыларына қарағандай көзқарастың да болғандығы жасырын емес. Ал, иықтарымызға қару асынған біздер болсақ «Отан алдындағы азаматтық борышымызды өтеу жолындағы, өзіміз қабылдаған Әскери антқа адал болдық», - деп ақталуды білмедік. «Шынымен де, Отан-Ана қажет санаса, кеудесін оққа тосуға дайын тұратын сол кездегі Кеңес әскерінің құрамындағы қазақстандық интернационалист-жауынгерлер де тек антқа адал, берілген тапсырмаға бекем екендіктерін ғана дәлелдей алды» - деп, ағынан жарылды.
Кештің көркі қызған шақта қатысушылар ардагер аға Бердібек Ақмурзаевқа соғысқа қатысты түрлі сұрақтар қойып, берілген жауапқа асқан қанағаттанарлық танытты.
Сонымен қатар, кеште 44841 әскери бөліміндегі сарбаздардың қамқоршы анасы Мастура Мырзахметова мен 06708 әскери бөлімінің «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының жетекшісі Тілек Кенжебеков сөз сөйлеп, оқырмандарға Ауған соғысы туралы көп мағұлмат берді.
Жоғары деңгейде өткен «Ауған соғысының жаңғырығы» тақырыбындағы кештің соңында қатысушылар ортаға шығып естелік фотосуретке түсті.