Әлемде болып жатқан геосаяси қақтығыстардың кесірі елімізді айналып өтіп жатпағаны анық. Меңзегеніміз – сол баяғы Украина мен Ресей. Әсіресе, басқыншылықты бағыты ретінде ұстанған екіншісі өзге ұлт азаматтарын қатарға қосуға тырысып жатыр. Ойын ашық жеткізуге де көшті. 2 күн бұрын ғана өзге емес, өзіміз дейтін Байқоңыр әкімдігі күтпеген мәлімдеме жасап, елді бір дүрбелеңге салды. Сырттағы елдің «сырқаты» қалай тарала бастады? Байқоңырдағы былық «Байқоңырда Украинадағы соғысқа бару үшін 260 мың рубль ұсынып жатыр» деген ақпаратты құлағымыз шалған. Кейін көзіміз жеткендей, бірреттік төлем төлеу туралы қаулыға Байқоңыр қаласы әкімдігі қол қойып, құжат мекеме сайтында жарияланған екен. Ал қаржы қала бюджетінен қарастырылған. Құжатқа сәйкес, ақша әлеуметтік қолдау шарасы ретінде ұсынылған. Бірақ көп өтпей әкімдік ақпаратты жоққа шығарып бақты. Негізінде, ақпаратты жалған деуге келмейді. Мәселе былай, Байқоңыр қаласының әкімдігі 2023 жылғы 7 ақпандағы №49 қаулысына сәйкес, Байқоңыр қаласында тұратын жұмылдырылған азаматтарға, сондай-ақ арнайы әскери операцияға қатысуға ниет білдірген және әскери қызметті өткеруге келісімшарт жасасқан адамдарға әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 мың рубль мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем белгіленген. Әкімдік «Ресей федерациясы президентінің 2022 жылдың 22 қыркүйегіндегі №647 «Ресей федерациясында ішінара жұмылдыру жариялау туралы» жарлығына сәйкес, тек Ресей Федерациясының азаматтары әскери қызметке шақырылады» дегенді басшылыққа алып қойыпты. Яғни, ерікті түрде әскери қызметші ретінде жұмылдыру немесе арнайы әскери операцияға қатысу үшін Ресейдің 60 жасқа дейінгі ер-азаматтары шақырылуы мүмкін. Осылай дей келе, әлеуметтік қолдау шарасы ретінде 260 мың рубль мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем тек Байқоңыр қаласының тұрғыны болып саналатын Ресейдің азаматтарына қолданылатынын жеткізген. Ал қала тұрғындарының көбі Қазақстан азаматы екенін білеміз. 76 мың тұрғынның 39 мыңнан астамы – Қазақстан азаматы. Сөйте тұра, осындай қаулыны жариялауы тек Ресей азаматтарына қатысты дегенмен келісе алмаймыз. Күдік-күмәніміз көп. Келісіп жатса, қала тұрғындарын азаматтығына қарамастан майданға жөнелтуге даяр секілді. Әйтпесе, хабарландыруды алдын ала толық түсінікті етіп жазуы тиіс болған. Қоғам бас көтерген соң аяқасты Ресей азаматтарына ғана қатысты деп мәлімдеді. Бұл Байқоңырда болып тұрған бірінші келеңсіз жайт емес. Осыған дейін қаладағы мектептерде оқушыларға майданды насихаттайтын Z таңбасы көрсетіліп, «патриотизм» деген желеумен түрлі әскери сабақ өткізілген. Сонымен, Байқоңыр қаласын Ресей 2050 жылға дейін жалға алып, оған Ресейдің федералдық маңызы бар қаласы деген мәртебе бергенін білеміз. Жылына 115 млн доллар төлейді. Әйткенмен, бұл ондағы тұрып жатқан азаматтар басыбайлы көрші елге тәуелді дегенді білдірмейді. Еліміз заң бойынша өз азаматтарымызға шетелдегі соғыстарға қатысуға тыйым салған, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық кодекстің 172-бабында (Шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу) «Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе соғыс қимылдарына жалдамалылық белгілері болмаған кезде қасақана қатысуы – 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» деп анық көрсетілген. Айтпақшы, «Ресей Қазақстан азаматтарын түрлі жолмен соғысқа шақырып жатыр» деген хабарламалар осыған дейін де болған. Мысалы, өткен айда жарнама сайттарында көрші елде вахталық жұмыс бары, айына 700-900 мың теңге төлейтіні жайлы хабарламалар қаптады. Алайда жұмыс түрі нақты жазылмаған. Өзге ұлттарды иемденуге ұмтылыс Былтырдан бері үзілмей келе жатқан соғыс басталғалы еліміз бірнеше сепаратистік әрекеттердің куәсі болды. Мұндай жағдайлар сонау 2014 жылдан бастап арагідік көрініп қалатын. Оларды тізбектемей, бергілерін айтсақ та жеткілікті. Былтыр наурызда кей автомобильдердің шанағынан Z белгісі бар жапсырмаларды аңғардық. Бұл әрекет қоғамда қызу талқыланды, себебі осы белгі Ресей әскерін қолдау амалымен байланыстыратын, майданды насихаттау жолы еді. Абырой болғанда, құзырлы органдар жапсырмаларды алып тастатып, ескерту беріп жүріп тыйды. Шектеу қоймаса, ұлтаралық араздықты тудыруы да мүмкін болатын. Біз осы тұста назар аудармаған тағы бір жайтты баяндағымыз келеді. Осыған дейін құқық қорғаушылар Ресейдегі азшылық этностардың қанды қырғын ошағына тасталып жатқанына алаңдаған. Оның ішінде қазақтар да бар. 2010 жылғы бүкілресейлік санаққа сәйкес, Ресейдегі қазақтар саны 647 732 адамды құраған. Қазақстан елшілігі жергілікті қазақ ұйымдарының және басқа көздердің деректеріне жүгініп, Ресейде тұрып жатқан «қазақтар саны 800 мыңнан 1,5 миллион адамға дейін жетеді» деп отыр. Ресми мәліметке жүгінсек, Астрахань облысында – 149 мың, Орынбор өлкесінде – 78 мың, Саратов облысында – 76 мың, Волгоград облысында – 76 мың), Челябіде – 35 мың, Тюменьде (Түмен) 19 мың қазақ тұрады. Мәскеу Украинаға басқыншылық жасағанда ерікті түрде соғысқа барғандар сапында қазақтар болды. Украина жариялаған қаза тапқандардың және тұтқынға түскендердің тізімінде де өзіміздің қандастарымыз жүрді. ЗСУ жермен-жексен еткен, темір-терсек болып шашылып жатқан РФ әскери техникасының, танктің сауырында «Казахи» деген жазу ұлтжанды азаматтарымыздың қабырғасына батса қажет. Былтыр қазан айында олигарх Айдын Рақымбаев Орынбор, Омбы, Астрахань өңірлерінде майданға жүздеген қазақты топырлатып әкетіп жатқанын айта келе, оларды Қазақстанға келуге шақырғаны есте. Қандастарға жатақханалардан орын мен тамағын беретінін жариялады. Алайда артынша жатақханаларына жүз шақты ғана қазақ келгенін қосымша хабарлады. Негізі, Астана мен Атырауда, Жамбыл және Алматы облыстарында 500-ге жуық қандасты қабылдауға дайын болған. Не де болса, Ресей өзге ұлттарды өз жағынан майданға қосқысы келетін ниетін ашық жеткізіп жүр. Қорытындылар болсақ, теріскейдегі көршіміздің «теріс пиғылы» бітер емес. Айыптауымыз бекер емес, адамзат бірлікке, ауызбіршілікке, өзгенің хақына қол сұқпауға ұмсынып жатқан заманда қақтығыстарды қабылдау қиын дүние. Бұл істі жауаптылар бір ой елегінен өткізіп, зерделегені абзал деп ойлаймыз.