Сөзге шорқақ болғаны үшін сүрінді
Сөзге шорқақ болғаны үшін сүрінді
925
оқылды
Еліміздің ұстанған басым бағыт­тарының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Яғни, бизнес субъектілерін ел экономикасының негізгі драйверлерінің біріне айнал­дыруда. Бұл бағытта жылда Үкімет та­рапынан жанданып жатқан жоба­лар мен несиелік гранттар аз емес. Алайда өз бизнесімді ашсам деген азаматтардың комиссия мүшелері белін бумай, бетін қағып жатқанын көріп, бас шайқайсың. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бо­йынша департаментіне келген екі азамат Байзақ ауданы әкімдігі құрған комиссия мүшелері бизнес жобаларын қабылдамай, сүріндіргенін айтып шағымданған. Депар­тамент осы шағым негізінде жүр­гізген тек­серіс барысында аудандық ко­миссия мүшелері шынында азамат­тардың бизнес жобалары заңға сай жасалса да, қасақана өткізбегенін анықтаған. Осы­лайша, «өзім білемге» салған комиссия мүшелерінің заңсыз әрекеті әшкере болғаннан кейін олар түрлі сылтауларын алға тартқан. – Бізге шағымданып келген екі аза­маттың арызы негізінде жіті тексеріс жүр­гіздік. Нәтижесінде, комиссия мүшелері тұрғындардың бизнес жобалары заңды жасалса да, қабылдамай қойғаны анық­талды. Мұның себебін сұрағанымызда комиссия мүшелері бизнес жобалары заң­ды жасалғанымен, қайтарымсыз несиеге үміткер азаматтар жобаларын сөзбен дұрыс түсіндіре алмағанын айтты. Алайда сол үшін жобаларын қабылдамай қою ақылған сыймайтын дүние. Неге десеңіз, шаруалар сөзге шорқақ болып жатады. Немесе ко­мис­сия мүшелерінің мысы басып, алдында сөйлей алмай қалуы мүмкін. Мұндай жағ­дайда комиссия мүшелері жобаны өздері оқып шығуы керек. Олар сол үшін комис­сия мүшелері болып отырған жоқ па? Байзақ ауданы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарымен де сөйлестім. Олар да бизнес жоба заңға сай жасалғанын растады. Енді биыл шағым айтқан екі аза­маттың бизнес жобалары жіті бақылауы­мызда болады. Яғни, оларға қайта бизнес жоба жасау қажет емес. Егер комиссия мүшелері тарапынан мұндай жағдай қайта қайталанатын болса, онда сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдігі турасында тексеріс жүр­гізетін боламыз, – дейді Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бас маманы Қайрат Ақмурзаев. Иә, байқап тұрсақ, департамент тек­серісінен кейін ғана комиссия мүшелері «жаздық», «жаңылдық» деп ант су ішіп ақ­талған екен. Осы орайда комиссия мүше­лерінің әрекетіне Байзақ ауданы әкім­дігі қандай баға беретінін сұраған едік. – Қ. және С. есімді жеке тұлғалардың кә­сіптерін дамыту үшін мемлекеттік қол­дауға арналған мөлшері 400 АЕК грант алуға ұсынған өтінім мен бизнес жобалары зерделенді. Үміткерлердің қайтарымсыз грант алуға бизнес жобалары белгіленген талаптарға сай болғанымен, бизнес жоба­ның мәнін комиссия мүшелеріне толық жеткізе алмауы себебінен оң шешім шы­ғарылмаған. Алдағы уақытта түсінбеушілік пен тәуе­келдерді болдырмау мақсатында Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы аяқталып жаңадан сайланған мәслихат депутаттары жасақталған соң Байзақ ауданы бойынша 2021-2025 жыл­дарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жө­ніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа биз­нес идеяларды іске асыру үшін мем­лекеттік гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарауға арналған комиссияның құрамы толығымен өзгертілетін болады, – дейді Байзақ ауданы әкімінің орынба­сары Дәуір Дәулетов. Бұдан бөлек, Дәуір Рысбайұлы 2022 жыл­ғы гранттар 4 лекпен комиссия қара­луына жіберіліп, алғашқы үш лекте ешқан­дай кедергі болмағанын айтады. Алайда 4-ші лекте министрлік тарапынан қайта­рым­сыз грантқа өтініш берушілердің шек­тік саны алынып тасталуына байланысты портал арқылы 1 621 азаматтан өтініш түсіпті. Яғни, лимит шектеуі алынып тас­талуына байланысты 1 грантқа 10 адамнан келіп, халық арасында әлеуметтік шиеленіс туындаған. Нәтижесінде, уақыт шектеулі болғандықтан, комиссия мүшелері күніне 200 адамды қабылдап, жұмыс сапасыз орындалған. Сондықтан аудан әкімінің орын­басары Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйым­дастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» мемлекеттік грантты беру жөніндегі қызметті реттейтін құқықтық ак­тідегі комиссия жұмысы мен бағалау бағы­тындағы заңдылықтарды қайта қарап, нақтылауды ұсынуда. Негізі, қайтарымсыз гранттарға қатыс­ты өңірде «бауын тапса, байлауын тап­паған» тірлік көп. Әсіресе, комиссия мү­шелерінің шешімінің соңы айқай-шуға ұласып жатады. Сондықтан ең бірінші осы комиссия мүшелерінің құрамын білікті мамандардан жасақтау қажет. «Әйтеуір, қатысып отырса болды» деп тізімге ілген адамдардың артынан қандай ілік шығып жатқанын Байзақ ауданындағы жағдай көрсетті. Одан бөлек, аудан әкімінің орын­басары айтқандай комиссия жұмысы мен бағалау бағытына да өзгеріс керек секілді. Енді оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауына қалдыр­дық. Әйтеуір, министрліктегілер бұл мә­селеге байзақтық комиссия мүшелері се­кіл­ді атүсті қарамайды деп сенеміз.

Жамбыл облысы