Неше күннен бері түрік ағайындардың басына түскен қасіреттің себеп-салдарын бірге іздеп, өзгелер жіберген қателіктен сабақ алу қажет екенін жарыса айтып жатырмыз. Табиғаттың тосын мінезіне технологиясы мың жерден мықты елдердің өзі де тойтарыс беруге қауқарсыз екені түсінікті. Әйткенмен, алдын алуға мүмкіндік болмаса да адам өлімін азайтып, ел экономикасына орасан шығын болмаудың жолын қарастыратын жапондықтардан жауаптыларымыз үйренетін дүние көп. Олар ойлап тапқан технологияны жасап шығарсын деп жатқан ешкім жоқ, тек құрылыс технологияларынан бастап қажетті материалдарына дейін қатаң сынақтан өткізетін қадағалаушы органдардың әдіс-тәсілін қажетке жаратса да жетіп жатыр.
Алдыңғы аптада Ыстанбұл әуежайының полицейлері жер сілкінісі кезінде толығымен қираған Хатай провинциясындағы тұрғын үй кешенінің бас сәулетшісі Мехмет Яшар Джошкунның қолына кісен салды. Жария болған мәліметке сенсек, элиталық тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің әр шаршы метрі 1,5-3 миллион теңгеге дейін сатылған. Бірақ шаршы метрдің қымбаттығы сапасына кепілдік бермеген. Үйді салған екі ағайынды сәулетші Мехмет Яшар Джошкун мен құрылыс инженері Хусейн Ялчин Джошкун заң алдында жауап бермек. Енді дәл осы жер сілкінісі қатты болған Түркияның бір қалашығында бірде-бір адам өлімі тіркелмеген. Хатай провинциясының Ерзин қалашығы туралы түрік ақпарат құралдары жарыса жазып жатыр. Жер сілкінісі кезінде 42 мың тұрғыны бар қалашықта бірде-бір кірпіш құламаған. Жергілікті жұрт бұл құпияның сыры бар болғаны қалашықтың басшысы Өккеш Елмасоғлының заңсыз құрылысқа ешқашан рұқсат бермеуімен байланыстырады.
Желге де шыдас бермейді
Хатайда қатты жер сілкінісі салдарынан сан мыңдаған үй опырылып жатса, бізде табиғаттың тосын мінезінсіз-ақ жаңа тұрғызылған тұрғын үйлердің жыл өтпей қабырғасы қақырап, терезесі сықырлап жатады. Мәселен, Алматы қаласындағы «Алма Сити» тұрғын үй кешенінің әу баста-ақ жарнамасы жер жарған еді. Мердігер компания көпқабатты үйлердің жобалары тұрғындарға көрсетілгенде «барлық жағдай жасалады» деп сендірген. Өкінішке қарай, ертегіге сенген тұрғындар құрылыстағы кемшіліктерді қоныстанған соң бір-ақ біледі. Былтыр да Алматының Жетісу ауданында жаңадан салынған 3 көпқабатты тұрғын үйдің иелері баспана сапасына шағымданып бас көтерді. «Сырты бүтін, іші түтін» пәтерлердің іші жарты жылға жетпестен тоз-тозы шыққан.
50 жылдан аса құрылыс саласындағы қадағалау жұмыстарын жүргізген Ерлан Қабденов жаңа салынған тұрғын үй құрылысына бұрынғыдай 10-15 адам емес, 4-5 адамнан құралған топ төрелік ететінін тілге тиек етті. Айтуынша, құрылыс сапасын қарайтын тапсырыс беруші, мердігер компания, авторлық және техникалық бақылаушы құрылыс басындағы күнделікті атқарған жұмыстан бастап қолданылған материалдың маркасына дейін тексеруі тиіс.
Бір қызығы, тексеріс темірдей дегенімен, бас қаланың өзінде үйлер үп еткен желге де шыдас бере алмайды. Шыны керек, осы күні астаналықтар желді және боранды күні үйінен шықпауға тырысады. Өйткені тұрғын үйдің төбесіндегі шатыры мен керамограниттері кез келген сәтте жазым етуі мүмкін.
Бұл сөзімізді Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының қызметкері Әсем Чапай да растай алады. Себебі ол да сапасы сын көтермейтін тұрғын үйдің жырын жоғарыдағыларға жеткіземін деп табаннан таусылғандардың бірі. Айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасымен Астана қаласы Сарыарқа ауданы Тілендиев 38 көшесінде орналасқан тұрғын үйден ипотека арқылы алған баспанасы бір жыл өтпей жарамсыз күйге түсіпті.
«Үкімет үйді тегін беріп отырған жоқ. Кеше ғана қолданысқа берілген баспанамыз шұрық тесік, қабырғасында үлкен сызаты тұрса да тұрғын үйді салған алпауыт компанияға тісімізді батыра алмай отырмыз. Осылайша, 167 отбасы жанымызды шүберекке түйіп жүрсек те, ай сайын ипотекасын төлейміз. Әр есікті бір ашып сапасыз құрылыс үшін жауаптыларды іздеп, жөні түзу жауап ала алмай жүргенімізбен, ақшасын төлеуге келгенде бір күн кешіктірмей өздері хабарласады», – дейді Әсем Чапай. Қабырғасы ажырап, төбенің тесігінен аңыраған жел мен еденнің суығы тұрғындардың сырқаттан көз ашпауына да себеп болып отыр. Бұл – Астананың төріндегі тұрған үй. Әкімдік балансындағы үйді тұрғызған компанияның жұмысын қабылдап алған әкімдікке де, әділдік сұрап жүрген тұрғындардың айтарына құлақ түретін Үкімет те үнсіз. «Қарт ата-әжелер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар, жас босанған, босанатын келіншектер суық бөлменің салдарынан күнде суықтап ауырып жатыр. Біздің үйдің тұрғындарына жаңа туған сәбилерді 40 күн суға шомылдыру арман. Себебі үйдің ішкі температурасы 10 градустан көтерілмейді. Дәретхана мен жуынатын бөлменің температурасы 3-4 градустан аспайды. Аязды күндері ас бөлменің суықтығынан кесеге құйған ыстық шайымыз бір минутта суып кетеді. Амал жоқ, денсаулыққа қауіпті болса да тәулік бойы жылыту құралына тәуелді болып отырмыз», – дейді тұрғын үйдің тұрғындары.
Құрылыста бақылау жоқ
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары салынған тұрғын үйден ұзақ күттірген пәтер кілтін алғандар ішкі жөндеу жұмыстарына көп қаржы жұмсауға мәжбүр. Құрылыс саласына көп жылын арнаған Фарид Акбердиевтің сөзінше, оның бірнеше себебі бар.
Біріншіден, Үкімет сыннан сабақ алуды ұмытты. Тұрғын үй құрылысы саласына бақылау жасауы тиіс тұлғалардың салғырттығын сынаудан өлердей қорқу бар. Осындай сын-ескертпелермен жұмыс істемеудің салдарын қазір Түркия да, Сирия да көріп отыр. «Құрылыстың барлық кезеңі құрылыс бақылауын жүргізетіндердің қырағы көзінен тыс қалмауы тиіс. Сметалық жобаны іске асыру мерзімдерін қадағалайтын және құрылыс жобасын іске асыру уақытын ұзартудың заңсыздығы туралы бақылау органдарына, қажет болса құқық қорғау органдарына хабарлайтын техникалық қадағалау инженерлері де бар. Егер мемлекеттік сатып алу кезінен бастап осы қадағалау комиссиясы дұрыс жұмыс істесе, құрылыс компанияларына мұндай сын болмас еді. Өкінішке қарай, құрылыс бақылауының осалдығынан үлкен олқылықтар бар. Бірақ құрылыс компанияларын сапасыз салынған үйлері үшін сынаудан қорқамыз. Себебі жақсы болғымыз келеді. Ал құрылыс кезінде қандай да бір туыстық, достық қарым-қатынасқа жол берілмеу керек. Өйткені бұл үрдіс келешекте қадағалаудың төмендеуіне әкеледі», – дейді ол. Оның айтуынша, келмеске кеткен кеңестік кездің өзінде адамдардың шағымы өте мұқият қаралған. Қазір жұрттың жанайқайына құлақ түретін құзырлы орган табу қиын. Сонымен бірге ол «Бұрын құрылыстың сапасына шағым келсе, құрылысты салған компаниямен бірге комиссиялық кездесу ұйымдастырылатын. Тіпті, Алматыдағы тұрғын үй құрылысына қатысты шағымды қарау үшін Мәскеуден республикалық органдардың қызметкерлері келетін. Егер біз адамдардың шағымдарымен байланыс орнатпасақ және нақты жауап бермесек, Президенттің ашықтық саясатын қолдамағанымыз. Өйткені қазіргі Үкімет Президенттің адамдарға мейлінше жақын болу талаптарын елең қылмай келеді» дегенді айтады.
Екіншіден, мемлекеттік қабылдау комиссияларының жұмысында жүйе жоқ. Сол үшін қолданысқа берілген су жаңа үйлердің құрылыс материалдары сапасы мүлдем төмен. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған кейбір пәтерлердегі тұсқағаздар мен линолиумы қолданысқа берілген күннен бастап жыртылып жатады. Бірақ жаңадан қоныстанған тұрғындар қолына кілт ұстағанына шүкір айтысып, көп кемшілікке көз жұмады екен. Осылай деген Фарид Аминович: «Негізі, бұлай болмауы керек. Қабылдау комиссиясы өз талаптарын қатаң түрде қойса, кемшілігі көп үйді пайдалануға қабылдамаса, бас мердігерді смета шегінде барлығын сапалы және мерзімінде орындауға мәжбүр етсе, тұрғындар бұлай шырылдап жүрмес еді», – дейді.
Үшіншіден, қазіргі және бұрынғы құрылыс нормалары мен ережелеріндегі айырмашылық жер мен көктей. Кезінде үйлер арасындағы алшақтықтан бастап құрылыс сапасына дейін барлық санитарлық нормалар осы ережеге енгізілді. Бұл санитарлық қызметтермен бірлесіп жасалды. Бұл қазіргі заманғы құрылыс нормалары мен ережелерінде жоқ. Осының өзі құрылыс компанияларын еш нәрсеге міндетті емес деген талаптарға тірейді.
Үстірт білім үй сапасына әсер етеді
Төртіншіден, жобаға қатысатын адамдардың сауатсыздығы да әсер ететінін айтқан Фарид Аминович: «Құрылыс және техникалық қадағалауды жүзеге асыратын қабылдау комиссияларына қатысатын адамдардың білім сапасы күмән тудырады. Үстірт білім үй сапасына әсер етеді. Құрылысқа қатысы бар адамдармен сөйлескен кезімде техникалық қадағалау комиссиялары арматураның қалыңдығын бақыламайтынын, цементтің қандай маркасы қойылғаны да қызығушылық тудырмайтынын естіп таңғалдым. Құрылыста бұл өте маңызды. Бұрын құрылыс бөлімшелерінің әрқайсысында бетон сынамаларын алатын, зертханалық жағдайда сапасын тексеретін құрылыс зертханалары болды. Сондықтан құрылыс сапасы сан сүзгіден өткізіліп, қатаң шара болмағандықтан, дәл осындай сапасыз үйлер қолданысқа беріліп жатыр. Бақылауды жүзеге асыратындардың жұмысын қатаң бақылауға алу керек», – дейді.
Сондай-ақ құрылыс сапасына құрылысшылардың жұмыс істеу тәсілі де әсер етеді екен. «Үйімнің іргесінде 28 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Байқағаным, жұмысшылар 18 сағат жұмыс істейді. Демалыс пен мереке жоқ. Өкінішке қарай, жұмысшылар күндік жұмысқа жегіліп жұмыс істейді. Оған ешкім қарамайды. Қауіпсіздік инспекторын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Осы туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жүгінгенімде «Сіз құрылысқа қатысы жоқ адамсыз» деп жауап берді. Ойлаңызшы, құрылыс өндірісінде жұмыс істейтін маман шаршаудың салдарынан да кейбір кемшіліктерге жол бере алады. Құл еңбегі құрылыста болмауы тиіс. «Еңбек туралы» заңға салсақ та, жоспарлы жұмыста форс-мажорға жол берілмеуі керек», – дейді Фарид Аминович.
Бұл пікірлерден ұққанымыз, сапасы сын көтермейтін тұрғын үй кешендерін қабылдап алған әкімдік пен бақылау комиссиясының артынан шам алып жүрген құзырлы орган жоқ. Есесіне қолданыстағы ереже жиған-тергенін банкке беріп, жетпегенін қарызға батып алған баспанасы үшін барын беретін қарапайым жұрттың қалтасын қағуды қатырады. Мысалы, қазіргі заңнама бойынша әрбір құрылыс компаниясы үйдің сапасына екі жылға ғана кепілдік алады. Алайда екі жылдан кейін ақаулықтары байқалса, оны жөндеу, күтіп ұстау ПИК немесе МИБ-тің өздеріне артылады. Егер мұндай күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді халықтың қалтасы көтермесе, 2020-2025 жылға қайтарымды түрде күрделі жөндеу жұмыстарын жасауға несие беріледі. Ол да айналып келгенде тұрғындардың қалтасын теспей соруға жұмыс істейді. Есі дұрыс елде баспана алғандар бақытты, бізде өз үйі өлең төсегіне қол жеткізгендер «кемтар» үйдің кем-кетігін жамаумен өмірі өтуде.