Креатив көгінде күн болмасам, кім болам?
Креатив көгінде күн болмасам, кім болам?
877
оқылды
«Осы сен айтшы: креативті индустрия де­ген не өзі?» Үкімет отырысына қатысуға кел­ген белгілі әкім әріптесіне сұрақты төтесінен қойды. «Нақты білмеймін. Бірақ тойға әнші шақырсаң, креативті қолдағаның!» деп әзілге аударды екінші әкім. Шынында, билік бұл өзек­ті сауалға нақты жауап іздеу үстінде. Мы­салы, Туризм индустриясы комитеті креативті индустрияға шұлық пен колготки өндірісін қосқалы тұр. Креативті индустрия­ларды да­мыту орталығы оған TikTok жоба­лары мен под­каст­тарды жатқызды. Ал нағыз креатив Кореяда: бір ғана K-pop топ елге 40 миллиард дол­ларға жуық табыс әкеледі. Қазақтар креатив­тің көгіне, өрмелеп шығып, күн бола ала ма? Қазақстанда креативті индустрияны (creative industries немесе CI) дамыту мәселесін бірінші Президент көтерген болатын. 2017 жылғы 31 қаңтардағы Жолдауында үшінші модернизацияны жариялаған ол соның аясында цифрлық технологиялармен ере келген жаңа индустрияларды өркендету міндетін қойды. Табыстың көзін жазбай танитын әкімдіктер өз жанынан тиісті орталықты да тез құра қойды. Сол тұста креативті индус­трияға (КИ) нақты қандай са­лалар жататыны да нақты­ланбаған еді. Соған қарамас­тан, мысалы, Алматы қала­сының әкімі болып тұрған Бақытжан Сағынтаев 2021 жылы мегаполисте, осы салада жалпы сомасы 513 млн теңгеге 9 жоба қаржыландырылғанын, алда креативті кәсіпкерлерді қолдауға тағы 630 млн теңге қар­жы бөлу жоспарланғанын айтқан-тын. Бұл ретте 10 бағыт – кино және анимация, әдебиет, сән, жаңа медиа және цифрлық мә­дениеттер, театр, опера және балет, киберспорт және геймде­волопмент, сәулет және дизайн, музыка, қазіргі заманғы өнер, ойын-сауық индустриясы бас­шылыққа алынған. Үкіметтің дерегінше, Қазақ­станда соңғы 10 жылда креативті индустрия саласындағы инвес­тиция көлемі 4 еседен астам ұлғайды. Онда еліміздің барлық жұмыспен қамтылған халқының 3,5%-ы немесе 310 мың қазақ­стандық жұмыс істейді. Оның са­лаларының Қазақстан эконо­микасына үлесі 2,7%-ды құрайды. Туризм индустриясы коми­тетінің мәліметінше, алда жүзеге асырылатын қолдау шаралары арқасында креативті индус­трия­дағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының санын 1,5 есеге өсіру жоспарланған. Нәтижесінде креатор мәртебесі бар нысандар саны 2023 жылғы – 66 мыңнан 2024 жылы – 73 000, ал 2025 жы­лы – 80 мыңға жетуі тиіс. «CI» дегенге сый бар ма? Ел Үкіметі 2021 жылғы 30 қа­рашадағы №860 қау­лысымен Креативті индустрия­ларды да­мытудың 2021-2025 жылдарға ар­налған тұжырым­дамасын бе­кітті. Дегенмен, онда CI құрамына кіретін салалардың тізімі нақты айқындалмады. Оған қазір ғана қадам жасалып отыр. Тиісінше, мемлекеттік қолдау шаралары да енді нысаналы, адресті болуы мүмкін. Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің Туризм индустрия­сы комитеті екі маңызды құжат­ты – Креативті индустрияға жа­татын экономикалық қызмет түрлерінің тізбесін және Жеке кәсіпкерлік субъектілерін креа­тивті индустриялар субъектілеріне жатқызу өлшемшарт-крите­рийлерін бекітетін Үкіметтің қос қаулысының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Талқы 23 ақпанға дейін жалғасады. Комитет «Креативті индус­трияға жататын экономикалық қызмет түрлеріне» енгізуді ұсы­нып отырған салаларды бірнеше топқа жіктеуге болады. Бірінші­сі – тігін, тоқыма өнімдері: ұйық, шұлық, колготкилерді; гобелен­дерді; таспа, бау, шашақ, басқа декоративтік бұйымдарды; еден төсеніштерін; қалпақтар мен бас киімдерді, кілемдерді; киіз бұ­йым­дарын; табиғи былғарыдан ті­гілген киімдерді (тон, ішік), то­қылған, трикотаж киімдерді; аяқ киімдерді және өзгелерін өндіру. Екіншісі – дәстүрлі және ұлттық қолөнер: ағаш мүсіншелер, мозаикалар, ағаштан инкрус­тациялар; ағаш сандықша және қораптар, асхана құралдары мен ұқсас бұйымдар; кәрзеңкелер; айналар мен суреттерге арналған ағаш рамалар; шыны мүсіншелер, жылжымалы құрама үйлер (киіз үй); ішекті, үрмелі, соқпалы му­зыкалық аспаптар; қайыс-ерто­қым, қамшы, ат саймандары, қыш бұйымдар; қылыш, семсер, шпага және найза жасау және басқасы. Үшіншісі – жеңіл өнеркәсіп­тің өзге салалары: сағаттардың барлық түрлерін; бағалы және бағалы емес металдардан зергер­лік бұйымдарды; шамадандар, жүк сөмкелері, әйелдер сөмкесін және басқасын; орындықтар және креслоларды; діни мақ­саттағы бұйымдарды; қуыршақ­тар мен қуыршақ киімдерін, аксессуарларын; адамдардың, жануарлардың ойыншық фигу­раларын; үстел немесе бөлме ойын­дарын жасау креативті ин­дустрия аясында қолдау таппақ. Тізімде баспа ісіне үлкен орын берілген: сөздіктер мен энцикло­педиялар, брошюралар, буклеттер және осыларға ұқсас баспа өнім­дері, аудио-кітаптар; энцикло­педиялар мен ұқсас баспаларды компакт-дискілерде (CD-ROM) шығару; каталогтар, фото, гравю­ралар, пошта ашықхаттары, блан­кілер, плакаттар, көркем репродукциялары, жарнамалық материалдар, өзге баспа өнімдері (соның ішінде онлайн режи­мінде). CI тізіміне фильмдер жа­саумен және телевизиямен тығыз байланысты қызмет түрлерінің үлкен тобы енгізіліпті: кино, бейнефильмдер және телеви­зиялық бағдарламалар, телесе­риалдар, деректі фильмдер, теле­жарнамалар өндірісі; кино, бейнефильмдерді және теледидар бағдарламаларын аяқтау қызметі, яғни монтаждау, фильмді, плен­каны аудару, титрлерді басу, суб­титрлер, қатысушылар тізімін жа­сау, жасырын субтитрлерді жа­сау, компьютерлік графика, ани­мация және арнайы эффек­тілер енгізу, сондай-ақ кино­зерт­ханалар мен мультипликациялық фильмдерге арналған арнайы зертханалар қызметі; фильмдер, бейнетаспалар, DVD дискілерді және осыған ұқсас өнімді кино­театрларда, теледидар желіле­рін­де, сондай-ақ көрмелерде көр­се­ту; радиобағдарламаларын өндіру, студияларда және басқа жерлерде дыбыс жазу қызметі де креативті индустрия деп танылмақ. креатив1 Модельерлер, дизайнерлер, графикалық дизайнерлер, ин­терьер дизайнерлері, фото­граф­тар, патенттеумен айналысатын брокерлер, антиквариат, зергер­лік бұйым бағалаушылары, ак­терларды іріктейтін агенттер мен агенттіктер де CI аясында мем­лекеттен қолдау көріп, бюджеттік миллиардтарды игеру алама­нында бақ сынай алады. Карта жасау да креативті қажет етеді Цифрлық технологиялар сек­торы шетелдік тәжі­ри­бе бойынша креативті ин­дус­трияның басты саласы саналады. Бірақ тізімде ол ауқымды орын алмады: кез келген платфор­маларға арналған ком­пьютерлік ойындар; операциялық жүйелер; бизнес және өзге де қосым­ша­ларды аудару немесе бейімдеуді қоса алғанда дайын бағдарла­малық қамтылым кірді. Инноватор, «Map for everyone» фирмасының басшысы Әділ Мырзатаев нағыз креатив цифр­ландыру саласында тұнып жат­қанына сенімді. Цифрлық тех­нологиялар адам күшін сарқып, жұмысшы шақ келтірмейтін ауыр жұмыстарды автоматтандырады, еңбек өнімділігін арттырады, өндірістік және басқа шығыс­тарды азайтуға мүмкіндік береді. Елдің жаңа заманға – цифрлық шынайылыққа өтуіне және ең құнды ресурс саналатын адам­дардың қара жұмыспен емес, креативті істермен айналысуына жол ашады. Мемлекеттік орган­дардың қызмет тиімділігі авто­маттандыру процестеріне тәуелді. Мемлекет бұрын қағаз жинатып, айға созатын қызметтерді бүгінде бірер сағат ішінде көрсетеді. Цифрландыру мемлекеттің «paper-free» қағидатына көшіп, құ­жаттан тау тұрғызылған дәуірді артқа тастауына көмектеседі. «Әйтсе де, бірқатар мемле­кеттік мекемелер мен кәсіп­орын­дарда қағазбастылық қалып тұр. Мысалы, Ауыл шаруашылығында жер орналастыру және гео­де­зиялық ізденіс жұмыстарымен, сондай-ақ картографиямен айналысатын институт бар. Оның жұмыс нәтижелерінің дәлдігіне көптеген саланың қызметі тә­уелді. Бұл салада ғарыштық түсі­рілімдердің қағаз нұсқаларына өзен, тау, жол, елді мекен сияқты географиялық деректер қолмен түсіріледі. Даладағы жұмыстар ке­зінде де қағаз пайдаланылады. Соңынан барып, мамандар жа­зып, сызған қағаз құжаттардағы деректер цифрландырылады. Мұндай әдістер ескірді, тиімділігі төмен. Бұл әдіс ізденіс жұмыс­тарының дәлдігін түпкілікті қам­тамасыз ете алмайды», – деді Ә.Мырзатаев. Оның айтуынша, аталған әдіс кадрлық ресурстарды, кеңсе та­уарларын және басқасын үлкен көлемде шығындауды талап етеді. Сонымен бірге қағаз құжаттар өртте жанып кетуі не жоғалып қалуы мүмкін. Сондықтан маман геодеректерді қалам, қарын­даш­пен қағазға жазуды қойып, бұл істе заманауи геоақпараттық жүйелерді (ГИС) және ұялы смарт-қосымшаларды пайда­лануды ұсынады. Бұл технология дала мамандарына құла түзде деректерді өзі немесе дрон ар­қылы электронды түрде тіркеп, кейін жинақталған мәліметтерді смарт-қосымшаға ауыстыра са­луға мүмкіндік береді. Мысалы, дамыған елдерде, ай­талық, Германияда ауыл ша­руашылығы мақсатындағы жер телімдерін бөлуге маман емес, пилотсыз ұшатын аппарат келеді екен: ол аумақты түсіріп кеткен соң фермердің смартфонына оның жерінің нақты электронды картасы жіберіледі. Дәл солай дамып кетпеге­ні­мен, Қазақстан да гео­дезия және картография саласын белсенді цифрландырып жатыр. Мысалы, жерді қашықтан зонд­таудың кеңістік аналитикасы, үш өл­шем­ді сканерлеу сияқты тех­ноло­гиялар енгізілуде. Соның арқа­сында елде цифрлық карто­графия түзілді. Заманауи геоақ­параттық жүйелер мен жерсерік техно­логиялары арқасында Қазақ­станның төл, мемлекеттік бі­рыңғай координаттар жүйесін (QTRS немесе Qazaqstan Terrestrial Reference System) орнату бойынша кең ауқымды жоба жү­зеге асырылып жатыр.  Индустрияның драйвері – ақпарат агенттіктері Қазақстандық креативті ин­дустрияға кірген са­лалардың басым бөлігін мәдениет пен өнер секторлары құрайды. Қазіргі за­манда мәдениет тек ұлттық, та­рихи құндылықтарды сақтауға ғана емес, сонымен қатар креа­тивті индустрияны дамытып, елге мол табыс әкелуге бағдарланған. Мұны Голливуд, Болливуд мы­салынан байқауға болады: өз елінің креативті экс­портының үлкен бөлігі соларға тиесілі. Мысалы, таяуда таймаут алып, қызметін уақытша тоқ­татқан оңтүстіккореялық BTS k-pop тобынан «Таң самал» еліне жыл сайын шамамен 37 млрд доллар табыс түсіп тұрған. Осы­ның өзі бұл индустрияның әлеуеті ғаламат екенін паш етеді. Тек бітелген қайнар көзін тауып, арши білу қажет. Оның үлгісі өзімізде де бар. 2022 жылғы қыркүйекте Ал­матыда өткен Димаш Құдайбер­геннің концертіне әлемнің 68 елінен фанаттары жиылған. Са­рапшылардың бағалауынша, бұдан елге шамамен 1 миллиард теңгеге дейін (2 млн доллар) қа­ражат келіпті. British Council Орталық Азия­дағы өнер және креативті эко­номика жобаларының басшысы Галина Корецкаяның айтуынша, Қазақстанда креативті индус­трияны ұйымдасқан, құрылымды түрде қолдау болған жоқ. Тіпті оған қандай салалар енуге тиіс дегенде, қызу пікірталас туады. Креативті индустрияға қиял, шығармашылық және зияткерлік капитал өндіретін экономика секторлары жатады. Бұл санатқа мәдениет пен өнер, цифрлы сек­тор, кәсіби, ғылыми және техни­калық қызмет, ақпарат пен бай­ланыс кіреді. Аталған салалардың бәрі өз бетінше, әркелді дамуда. Г.Корецкая олардың бәрін бі­ріктіріп, бір жерден мемлекеттік қолдау көрсеткенде ғана бұл индустрия буырқана дами бастайтынын жеткізді. креатив Әзірге ондай үйлесімді, ортақ даму жоқ. Қазақстан Үкіметі Креативті индустрияларды да­мытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын 2021 жылғы қарашада бекітіп қойды. Алайда құжат шикі болып шықты және қазірден жетілдіруді қажет етеді. Онда уәкілетті органның құзіреті де анықталмаған. Сол себепті Мәдениет және спорт министрлігі креативті индустриялар ұғымын заңнамалық бекіту, саланы қолдау құралдары сияқты заңнамалық өзгерістерді енгізуге ден қойды. Алматылық кәсіпкер Асқар Сұлтанбек бірер жыл бұрын креативті индустрия жобасы ретінде коуоркинг орталық ашыпты. «Ол жастар түрлі шығар­машылықпен айналысатын ай­маққа айналуға тиіс-тін. Бірақ ақыр соңында тегін уай-фай, тыныш жұмыс орнын іздеген фрилансерлерден басқалары қызықпады. Әкімдік шамалы қар­жылай қолдау көрсетті, де­генмен, сол үшін сұрау қатты болды, түрлі есеп талап етті. Со­дан жауып тындым. Басқа да жобаларымды жеке инвесторлар қолдауымен жүзеге асырып жүрмін. Ол жобалар CI тізіміне сәйкес келеді. CI критерийлері де күрделі емес, тек жеке кәсіпкер ретінде тіркелсең болды. Туризм индустриясы комитеті ұсынып отырған өлшемшарттардың бұ­лыңғырлығы сонша, пысық, еті тірі, алғыр кәсіпкерлер кез келген жобасын креативті индустрияға енгізе алады. Бірақ қадағалаушы органдар күн бермей тексерсе, креаторларды үркітіп алады», – деп санайды А.Сұлтанбек. Ақтөбе облысының әкімі Ера­лы Тоғжанов кезінде Үкіметте осы мәселелермен айналысқан болатын. Ол енді өзі басқаратын өңірде шығармашылық сала­ларды дамытуға, дарынды жас­тардың мәдени әлеуетін толық іске асыруға қолайлы жағдай жасау үшін креативті индус­трияны дамытуға білек сыбана кірісті. Алайда белгілі болғандай, Ақтөбе жақта да шығармашыл жастарға арналған коуоркинг орталықтарын ашу, цифрлық білім беру контентін құру бо­йынша жас мұғалімдер арасында байқау ұйымдастыру, киберспорт федерациясының филиалын ашу, аймақтағы цифрлық индустрияны дамыту орталығын ашу сияқты ұсыныстар түсіпті. Аймақ басшысы жергілікті IT мамандарға қанат қақтыратын ІТ-парк құратынын мәлімдеп үлгерді. Ақтөбенің 5 жерінде тәу­лік бойы жұмыс істейтін креативті орталықтар ашылады деп күткен еді. Оның ең үлкені «Өнер ор­талығы» ғима­ратында құрылады. Әкімнің пікірінше, «креативті орталық­тарға орта есеппен айына 10 мың адам келіп, соның кем дегенде 1 пайызының таланты ашылса, оның өзі тамаша нәтиже болмақ». Әйткенмен, салалық тұжы­рымдамаға сәйкес, креатив са­ласындағы заңды және жеке тұл­ғалардың ең көп шоғырланған орны ретінде Алматы, Астана және Шымкент белгіленді. Алда қолдау қаражаттың басым бөлігі де соларға бағытталатынға ұқсайды. Мәдениет министрлігі «Мә­дениет туралы» заңына және Кәсіпкерлік кодекске креативті индустрияға қатысты түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзір­леді, оны жаңа Парламент қа­былдаса, онда бұл индустрия жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қол­даудың негізгі бағыттары қата­рына қосылады. Тиісінше, бюд­жеттен субсидиялар, грант қаржылар тасқындай бастамақ. Мұның сыртында Үкімет индустрия өкілдерін бірқатар салықтан босатуды қарастырып жатыр. Оның игілігін мысалы, «Қазақфильм» мен кинорежис­серлар көруі мүмкін. Сондай-ақ министрлік жанынан Креативті жобаларды қолдау қоры құ­рыл­мақ: оған тек мемлекет қана емес, меценаттар, ұлттық компаниялар, демеушілер қаржы құяды деп жоспарланған. Бұл қаржының қатаң сұрауы болмайтыны ай­тылды: ведомство инвестиция­лардың қайтарылуын талап ет­пеуге ниетті. Бұдан бөлек, қалаларда жер­гілікті индустрия өкілдерін қол­даудың өңірлік бағдарла­малары жасалып жатыр. Жалпы, ресми дерекке жүгін­сек, Қазақстанда креативті ин­дустрияға жатады деп саналатын салалар арасында кейінгі 10 жылда 4 сала ғана қарқынды дамып келеді. Бұлар – «Веб-пор­талдар мен ақпарат агенттіктері» (65 есе өсті), «Мәдени, ойын-сауық іс-шаралары, әнші, әртістік қызмет» (3,8 есе), «Кино және ТВ-бағдарламалар» (2 есе), «Ди­зайн, фотосуреттер мен аудар­малар» (1,2 есе). Алда КИ аясында тіпті вайнерлер де қаржылай қолдау көріп, жеңілдікті несиеге қол жеткізе алатын көрінеді. Ел қаржысы желге ұшпай, бұдан елге пайда болса, жөн. Мәселен, елордалық Креативті индус­трия­ларды дамыту орталығы былтыр «Әзіл әлемі» әзілқойлар кон­цертін ұйымдастырған. Бұл ин­дустрия той индустриясына ай­налып кетпесе, игі. Онда отандық CI өкілдері шетелге қызмет экспорттау орнына, ел бюджетін игергеннен ары аспас.