Ақпанның басында арасы бітісе қоймайтын дүниедегі екі алпауыт мемлекетке қатысты ерекше оқиға болды. Америка мен Канада аспанында әуе шарлары көрініп, ізін ала АҚШ билігі шарларды тыңшылық қызмет үшін пайдаланған деп айып тақты. Көп ұзамай америкалықтар әуе шарларын атып түсірді. Дегенмен «тыңшы» шарлардың нендей мақсатпен ұшырылғаны әлі де беймәлім. Алғашқы қадам – агрессия
Әуе шары көрінгеннен-ақ АҚШ шенеуніктері Қытайды айыптай жөнелді.Бұдан соң Америка бірнеше күн бойы әуе шарларының қозғалысын бақылады. 5 ақпанда Қытайдың шпиондық шары бағытын өзгертіп, Американың орталық бөлігінен шығысқа қарай шамамен 18 300 метр биіктікте қалықтап бара жатқаны айтылды. Әскерилер бұл әрекетті оның маневр жасау мүмкіндігін де көрсеткені ретінде бағалаған. Әрине, Қытай жауапсыз қалған жоқ, геосаяси қарсыласының аспанында кенеттен пайда болған аэростатты «бағытынан тайып, Құрама Штаттар кеңістігіне енген азаматтық әрі метеорологиялық дирижабль» деп атаған еді. Алайда сол шардың маневр жасау қабілеті Бейжіңнің бұл мәлімдемесін күмәнді еткені анық.Келесі қадам – шарды атып түсіру. Алайда Америка президенті Джо Байден күдікті шарды Монтананың үстінен ұшып бара жатқанда асығыс атып түсірмеу туралы шешім қабылдады. Өйткені көлемі «мектептің үш автобусындай» нысанның бөлшектері адамдарға зақым келтіруі мүмкін болған. Сонымен, америкалықтар Қытайдың барлаушы жерсеріктеріндегі датчиктер әуе шарында да бар деп күмәнданған. Бейжіңнің ірі дипломатиялық оқиға қарсаңында неге мұндай өрескел әрекетке тәуекел еткені сол күйі белгісіз. Негізі, бақылау жұмысы спутниктер немесе авиациялық жолмен жүзеге асатын еді. Шамасы, қарсы тарап шарлар аса күмән тудырмайды деп шешсе керек. Күмәндануға тағы бір себеп – қытайлық шпион шар стратегиялық маңызы зор объектілерге апаратын жолды ұстанған. Сондай алаңдар қатарында әскери базалар мен Монтанада орналасқан континентаралық баллистикалық зымырандардың үш шахтасы бар. Қалай десек те, тыңшы шардан қандай құрылғылар шыққаны беймәлім. Шар тақырыбынан шығады, Украинаға басып кірген ресейліктер соңғы күндері шарға темір немесе қаңылтыр байлап ұшырып жатыр. Сөйтіп, Украина әуе қорғанысы күштерінің радарларын жаңылыстыруға ұмтылып жатыр. Оның үстіне, шарға байланған темір-терсекті атып түсіру қып-қызыл шығын. Екі елдің таусылмас егесі Екі алпауыттың арасы бұдан кейін ушыға түскендей болып көрінеді. Бірақ Бейжің әуе кемесінің тыңшы болғанын жоққа шығарып жатыр. Америка да солай. Байденнің айтуынша, Қытай аппаратынан кейін АҚШ әскери күштері төмен жылдамдықпен ұшатын нысандарды іздей бастап, үшеуін тапқан екен.
«Мен бұл үш нысанды азаматтық және коммерциялық авиацияға қауіп төндіргендіктен және құпия мекемелердің бақылауына түсу қаупін жоққа шығара алмағандықтан құлатуға бұйрық бердім. Біз бұл нысандар-дың не екенін әлі білмейміз. Қазір олардың Қытайдың тыңшылық әуе шарлары бағ-дарламасымен немесе басқа елдердің бақы-лау құралдарымен байланысы анықталған жоқ», – деп түйіндеді Байден.Түптеп келгенде, біз үшін әуе шарында не болғанынан гөрі, Қытайдың мақсатын білу қызығырақ болар еді. Былтыр қарашада Байден мен Қытай төрағасы Си Цзиньпин кездесіп, Блинкеннің Бейжіңге баруына уағдаласқан еді. Ол жүздесуде Тайвань, адам құқықтары, Қытайдың Оңтүстік Қытай теңізіндегі талаптары, Солтүстік Корея, Ресей, Украинадағы соғыс, сауда саясаты, климаттың өзгеруі тәрізді екі жақты дауға ұрындырған мәселелерді талқылау жоспарланған. Енді сол сапар әзірге жайына қалды. Бұл – екі жаққа да үлкен соққы. Өйткені АҚШ та, Қытай да осы сапарды әбден құлдырап кеткен қатынастарды тұрақтандырудың маңызды мүмкіндігі деп қарастырған еді. Осылай бір шар шартарапты шулатып өтті.