Батыр Бауыржанның батасы қабыл болды – Сейітжан Қойбақов
Батыр Бауыржанның батасы қабыл болды – Сейітжан Қойбақов
2,352
оқылды
Сейітжан Мелдебекұлы, Кеңес Ода­ғының, кейіннен тәуелсіз Қазақстанның ар­наулы органында түрлі лауазымдарда қыз­мет еттіңіз. Тәуелсіз Қазақстанның Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің құрылу сәт­і­нің куәсі болдыңыз. Сіз куә болған Қа­зақстанның төл құпия қызметінің тари­хы қалай басталды? – Кеңес Одағы тұсында біздің орган Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті деп атал­ды. 1981 жылдан лейтенант шенінде қыз­метімді осы органнан бастадым. Ал тәуел­сіздік алған соң Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті құрылды. Кеңес Одағы тараған соң салада еңбек еткен білікті кадрлар да атамекеніне қоныс аударды. Ол кезде мен комитеттің Қарсы барлау басқар­масын басқарып тұрдым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыс Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де оңай соқпады. Кәдімгі ақ парақтың өзі тапшы. Материалдық-техникалық ба­за да мәз емес. Автокөліктің өзі жетіс­пей­ді. Барының маркасы ескі. Біздің бар­лаушылар әрекеті күдікті адамның ізіне түседі. Барлаушылар әлгіні қара­пайым автокөлікпен аңдыса, нысан шет­елдік маркадағы көлікке жайғасқан. Жыл­дам жүріп, бізді адастырып кететін жағ­дайлар болды. Осылайша, бұрын Мәс­кеуге иек артып келген органға енді­гі кезекте өз қотырын өзі қасуға тура кел­ді. Кадр мәселесін шешу үшін Алма­ты­дағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын аштық. Тәуелсіздігімізді алыс-жақын шет­елдермен дипломатиялық бай­ланыс жолға қойылды. КСРО сияқты емес тәуелсіз Қазақстан халықаралық қа­тынаста ашықтық саясатын ұстанды. Сон­дықтан Кеңес Одағы жау көрген Еу­ропа елдері мен АҚШ енді бізге се­ріктес елдерге айналды. Олардың құпия қыз­меттерімен халықаралық терроризм, есірт­кі тасымалы, діни экстремизге қар­сы күресте бірлесіп жұмыс істеуге тура келді. Еуразия құрлығының қақ орта­сын­да жайғасқан соң Азиядан Еу­ропаға тасымалданатын тыйым салын­ған тауарлар біздің ел аумағынан өтеді. Оның үстіне, тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­дарында діни экстремизм пайда бол­­ды. Көрші Өзбекстанда Ислам қоз­ға­лысы қарқын алды. 1990 жылдардың ая­ғында бұл қозғалыстар әрекетке кө­шіп, Ташкент қаласында теракт жа­са­ды. Ұйым мүшелері кейіннен Қазақ­стан­ға, Қырғыз Республикасына өтті. Десе де, комитет олардың арам ойын жүзеге асыруға кедергі болды. Өкінішке қарай, мұн­дай діни ағымдар бірінші кезекте жастардың санасын улауға тырысып жа­тады. Олардың арасында түрлі лауазымда жүрген мемлекеттік қызметкерлердің де болғаны анықталып жатты. Өз тарапымыздан Үкіметке, заң шығарушы органдарға ел ау­ма­ғында теріс діни ағым өкілдеріне тыйым салу туралы ұсыныс жасадық. Қысқасы, тәуелсіздік алған сәттен жаңадан құрыл­ған Ұлттық қауіпсіздік комитеті айна­лы­сатын мәселе көп болды. Аз уақыттың ішін­де мемлекеттің сыртқы мәселе­лері­мен айналысатын Сыртқы барлау қыз­ме­ті, ал ішкі саясат сын-қатерлердің ал­дын алу үшін Қарсы барлау қызметі іс­ке кірісті. Ұлттық қауіпсіздік – қай мемле­кет­ке болмасын ең өзекті мәселе. Қауіпсіздік органдарының жүктелген міндетті мүлтіксіз жүзеге асыруы елдегі басқа салалардың өз деңгейінде жұмыс іс­теуін қамтамасыз етеді. – Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрыл­ған 30 жыл ішінде шын мәнінде елдің тұтастығы мен тыныштығын қас қақпай кү­зететін органға айнала алды ма? – Айналды деп сеніммен айта ала­мын. Осы 30 жылда елдің қоғамдық сая­си өмірінде түрлі өзгеріс болды. Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің өзінде көп мә­селе шешілді. Мамандарды даяр­лай­тын арнаулы оқу орындары ашылды. Қыз­меткерлердің әлеуметтік жағдайын шешуге баса назар аударылды. Құрмет де­малысына шыққан қызметкерлерге лайықты зейнетақы төлеу, қызметтік боры­шын өтеу кезінде қайтыс болған­дар­дың отбасына, туған-туыстарына мем­лекет тарапынан материалдық кө­мек көрсету тетігі реттелді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қыз­меткерлері ендігі кезекте ха­лық­тың қауіпсіздігін сақтау үшін күндіз-түні қызмет ету керек. Рас, біздің қыз­мет­керлерге өз міндеттерін мүлтіксіз орын­дауы үшін тәулікпен санаспай ең­бек етеді. Әрине, олардың да отбасы, ба­ла-шағасы, туған-туысы бар. Соған қа­рамастан, комитетке қызмет ету кезін­де демалысты, мерекені ұмытуға тура кел­ді. Өйткені қандай да болмасын жол­мен жұмысқы ойын жүзеге асырғысы ке­­­летіндердің қай кезде іске көшетіні бәй­мәлім. – Комитет құрылғаннан кейінгі жыл­дары әуелі Шығыс Қазақстан облысында кейін­нен Маңғыстау облысында құпия қызметтің жергілікті департаменттерін, бас­қармаларын басқардыңыз. Шекараға таяу орналасқан екі өңірдің де страте­гиялық мәні зор. Мұндағы қызметте неге ай­рық­ша мән бердіңіз? Сіз басқарған жыл­дары комитеттің жергіліктің басқар­ма­сы, департаменті өз міндетін қаншалық­ты өз деңгейінде атқарды? – Рас, комитет құрылғаннан кейінгі бірер жылдан соң Шығыс Қазақстан об­­­лысында Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­те­тінің өңірлік департаментінің бастығы бо­лып тағайындалдым. Сол тұста елі­міз­дің шығыс аймағын Ресейдің Алтайына қо­суды көксеген «Пугачев» аталатын қыл­­мыстық топ бас көтерді. Әрине, бізге олар­дың ойға алған жоспарын жүзеге асы­руға жол бермеу міндеті жүктелді. Кейін­нен қылмыстық топ мүшелері сот­талды. Олар Президентке рақымшылық жа­сау туралы өтінішпен шықты. Біз де өз тарапымыздан қылмыстық топ мү­ше­леріне кешірім берілмеуі керектігін айт­тық. Қайткен күнде де территориялық тұ­тастығымызға қол сұққысы келген­дер­дің әрекетіне кешіріммен қарауға бол­май­ды. Басқа өңірлердегідей емес Шығыс Қазақстан облысындағы Қытай­мен мемлекеттік шекара Кеңес Одағы кезінде болған. Тәуелсіздігін жаңадан ал­ған мемлекет ретінде алпауыт көр­ші­леріміз бізді өз мүддесі үшін пайдалануға тыры­сып бақты. Сондықтан бізге Қы­тай­дың барлаушыларын әшкерелеу жұ­мыстарын жүргізуге тура келді. Бұл ба­ғыттағы жұмысымыз нәтижелі аяқ­тал­ды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шы­ғыс Қазақстан облысы бойынша депар­та­ментінің қызметкерлері үшін осы мә­селе әлі күнге өзекті. Ал Маңғыстаудағы жағдай басқаша. Мұнда теңіз жағалауына қатысты түрлі мә­селелер болды. Ол кезде Каспийдің мәр­тебесін анықтау мәселесі шешіл­ме­ген-ді. Оның үстіне, сол жылдары өңірге қан­дастар көптеп көшіп келіп жатты. Олар­дың арасында қандас атын жамыл­ған шетел тыңшылары да болды. Тың­шы­ларды анықтау жұмыстарын ұйым­дас­тырып, Иран тыңшыларын ұстадық. Қа­зақстанмен Каспий арқылы шек­тесетін Иран Ислам Республикасы әлі күн­ге атом қаруына қол жеткізе алмай жүр. Ал Маңғыстауда атомдық энергия ком­бинаты бар. Атом қаруын иемдену үшін ирандықтар қандастарымызды да пай­даланғысы келді. Әрине, өңірлерде осы секілді көптеген операцияларды жү­зеге асырып жаттық. Бірақ оларға қа­тыс­ты көптеген мәліметті ашық айтуға бол­майды. – Кейінгі жылдары «Арыстан» арнайы қыз­метіне жетекшілік жасағаныңызды біле­міз. Элиталы жасақ ретінде «арыс­тан­дықтардың» мойнына артылған жауап­кер­шіліктің жүгі ауыр. Демек, мұндай қыз­мет­ті басқару да оңай емес шығар... – Бұрын Мемлекеттік қауіпсіздік ко­­митеті жанында арнайы операция­лар­ды жүргізуге маманданған «Альфа» қыз­меті болатын. Тәуелсіз еліміздің Ұлттық қауіп­сіздік комитеті іске кіріскен соң біз­­ге де осындай қызметті құру қажет­ті­лігі туындады. Комитеттің сол кездегі тө­­рағасы генерал Жеңісбек Жұман­бе­ков­пен ақылдаса келе «Арыстан» қыз­ме­тін құрдық. Төрағамен жаңадан құ­рыл­­ған құраманы атау мәселесін тал­қы­лау барысында түрлі ұсыныстар бол­ды. Со­ның ішінде «Арыстан» деген атау көңіл­ге қонды. Құрылған сәттен бұл құ­ра­ма өзіне жүктелген барлық міндетті мүл­­тіксіз орындап келеді. Әрине, істің соңғы нүктесін ар­найы операциямен қою да жақ­сы нәрсе емес. Бірақ елдің қауіпсіздігі үшін «Арыстанның» көмегіне жүгінуге ту­­ра келеді. «Арыстандықтар» Атырауда, Ал­­матыда, Таразда операция жүргізіп, лаң­­кестерге тосқауыл болды. Өкінішке қа­рай, арнайы операциялар кезінде «Арыс­тан» сапындағы офицерлерден айы­рылып қалып жатамыз. Бірақ оларға әр­дайым құрмет көрсетіледі. Ел тыныш­тығын бұзғысы келетіндермен күресте мерт болған әріптестеріміздің есімі мәң­гі жадымызда. Олардың отбасымен, ар­тында қалған ұл-қыздарымен кезде­сіп, құрмет көрсетіп тұрамыз. Ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің батыл әре­кетін кейінгі жастарға үлгі етеміз. Әрине, бізге де операциялардың сәт­ті өт­кені керек. Бірақ қарсы тарап та мүм­кіндігінше мұздай қаруланып, іске кірі­седі. Сондықтан ұрыс кезінде қыз­мет­кер­лердің оққа ұшуы, жарақат алуы мүм­кін. Дегенмен «Арыстанның» қа­та­ры­на сайдың тасындай іріктелген, жүре­гінің түгі бар жігіттер алынады. Әрі олар осы жасаққа қызметке тұрған сәтінен өзінің қандай тәуекелге бел буғанын өте жақсы біледі. – Біздің арнайы жасақ қызмет­кер­ле­рінің «Набат» операциясын мінсіз жүзеге асыр­ғаны күні бүгінге дейін аңыз болып ай­тылады. Сіз басқарған жылдары «Арыс­тан» қызметі осындай айтулы операция­лар­ға тартылды ма? Тартылса, олардың нә­ти­жесі қалай болды? – Рас, «Набат» операциясы – біздің қыз­­меттің тарихындағы ең айтулы опе­ра­ция. Пойызда келе жатқан бірнеше сот­талушы күзетшілерді ұрып-соғып, қар­уын алып, түсіп қалады. Автожолға шы­ғып автобусты тоқтатып, ішіндегі жо­лаушыларды кепілдікке алады. Олар ке­пілдегілерді босату үшін шетелге ұша­тын ұшақ сұрады. Лаңкестермен ұзақ уа­қыт келіссөздер жүргізіп, ақыр соңын­да олардың талабын орындауға келістік. Бұл кезде біз арнайы операцияны өт­кізу­ге дайын болған едік. Негізгі операция Шым­кент қаласындағы халықаралық әуе­жайда жүргізілді. Абырой болғанда «Арыс­танның» қызметкерлері де, кепіл­де­гілер де дін аман. Қазірге дейін алыс-жа­қын шетелдің арнайы қызметі «арыс­тан­дықтардың» сол кездегі тәжірибесін жан-жақты зерттеп жатады. Осы қызметте басқарған жылдары арнайы операцияларды өткізу­де­гі озық тәжірибемен танысу үшін алыс-жақын шетелге шығып, бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Біздің қызмет құрылғанға дейін әлемнің әр түк­пірінде қауіпті операцияларды мінсіз орын­даған шетелдік арнайы жасақ­тар­дың тәжірибесінің де берері мол. Әсі­ре­се, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес­те шетелдік әріптестермен тығыз бай­ланыста болғаннан ұтарымыз көп. Өйт­кені халықаралық терроризм бар­шаға ортақ мәселе. Бір сөзбен айтқанда, өз уақытында «Арыстан» қызметін құруға сұра­ныс болды. Бұл қызмет қазір де өз мін­де­тін мүлтіксіз атқарып, атына заты сай эли­талық әскер екенін дәлелдеп жүр. «Арыс­тан» қызметкерлері бірінші кезек­те елдің амандығы, тыныштығы жо­лын­да өз өмірін қиюға дайын тұрады. Сол үшін күнделікті дайындалады. Тәжіри­бе­сін жетілдіреді. Қысқасы, «Арыстан» бү­гінде тәжірибесі толған құрылымға ай­­налады. – Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы сөз болғанда былтырғы Қаңтар оқиғалары ес­ке түседі. Сол сәттегі комитет басшы­лы­­­ғының, қызметкерлерінің әрекетін қа­лай бағалайсыз? – Әрине, бірінші кезекте елімізде мұн­дай жағдайдың қайталанбағаны маңыз­ды екенін айтқым келеді. Қаңтар оқи­ғасы діни экстремистерді, терро­рис­тер­ді басқарып жүрген мемлекеттік лауа­зым иелері бар екенін көрсетті. Ол оқи­ғаның бағасын уақыт береді. Тергеу жұ­мыстары әлі де жүріп жатыр. Ұстал­ған­дардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары да бар. Қазір іс құ­пия жүргізіліп жатқандықтан бәрі сот­тың шешімі шыққан соң белгілі болады. Жалпы, Ұлттық қауіпсіздік ко­ми­теті сияқты әскери құры­лым­­дарды кәсіби біліктілігі жоғары сол са­ланың ұңғыл-шұңғыл білетін, сол ұжым­да сатылап өскен азаматтардың бас­қарғаны жөн деп санаймын. Иә, ко­ми­тет төрағасын тағайындау біздің құзы­ре­тімізге кірмейді. Сонда да болса орган­ға дәл осы қызметтен хабарсыз адамды қоя салу дұрыс емес. Қаңтар оқиғасы бізге дінге сақтықпен қ­а­раған жөн екенін көрсетіп берді. Бізге керегі ата-баба ұстанған дәс­түрлі ислам. Ал сырттан келген те­ріс діни ағымдардың қоғамға ықпалы қа­лай боларына көзіміз жетті. Рас, Қаңтар оқиғасы бәрімізді үрейлендірді. Абырой болғанда би­лікті күшпен басып алуға тырыс­қан­дардың дегені болмады. Мемлекет бас­шы­сы да соңына дейін күресіп, қиын сәт­терде халықпен бірге болды. Қазақстанды әлем елдері қай кезде де бейбітшілікті ту еткен ел ретінде та­ни­ды. Әскери доктринамызда да әске­рі­міздің өзгенің жерін басып алуға ты­рыс­пай, жердің біртұтастығын қорғай­ты­ны айтылған. Бізге халықтың аманды­ғы, заманның тыныштығы керек. Ал мың өліп, мың тіріліп жектен Қазақ­стан­ның тәуелсіздігіне қол салғысы ке­ле­тіндерге қарсы күресу – Ұлттық қауі­п­сіздік комитетінің борышы. – Құпия қызметке кім көрінген алын­бай­тыны мәлім. Осы орайда болашағын Ұлт­тық қауіпсіздік комитетімен байла­ныс­­­­тырған жастарға қандай кеңес бересіз? – Иә, бізде қызмет етуге көптеген жас ниет білдіріп жатады. Олар қатаң ірік­теуден өтеді. Ұлттық қауіпсіздік ко­митетінің Академиясын түсу кезінде 10 та­лапкер 1 орынға таласады. Кандидат­тар­дың денсаулық жағдайы, психоло­гия­лық ахуалы, ақпараттық-коммуни­ка­ция құралдарын меңгеруі де жан-жақ­ты тексеріледі. Қазір барлық әскери құрамаға мықты жі­гіт­тер қажет. Бүгінде жастардың әс­кери борышын өтеуі төңірегінде дау-да­май көп. Меніңше, қазақтың әр жігіті әс­­кери борышын міндетті түрде өтеуі ке­­рек. Орыстар: «Есть такая профессия – Родину защищать!» деп айтады. Де­мек, отанды қорғау да мәртебелі маман­дық. Оның үстіне, қазіргідей геосаяси жағдай ушыққан кезеңде жастардың әскери даярлы­ғы­ның жоғары болғаны керек. Алысқа бар­май-ақ Ресей мен Украина­ның ара­сын­дағы жағдай көз алды­ларыңыз­да. Сол оқиғадан кейін Ресейдің сая­сатта, мә­дениетте жүрген тұлғалары қазақ­станға қа­тысты түрлі арандату­шы­лық пі­кір айта бас­тады. Соны естіген әр қазақтың бала­сы Отанды қорғауға дайын болуы керек деп ойлаймын. – Батыр Бауыржан туған, талай ге­нералдар шыққан Жуалы жерінде өмірге ке­ліпсіз. Мамандықты сол даңқты жер­лес­теріңіздің жолын қуу мақсатымен таң­дадыңыз ба? – 1974 жылы әскери борышымды өтеу­ге аттанбас бұрын әкем Мелдебектің ай­туымен Бауыржан Момышұлынан ба­та алдым. Ол кісі: «Халыққа адал қыз­ме­тіңді жаса. Әскери борышыңды орын­да. Халық үшін жан пида. Мен сондай жауынгер болдым. Менің ізімді жалғай­тын өздерің» деп батасын берді. Әрине, кейінгі таңдауыма Бауыржандай алып­тың берген батасының ықпалы болды. Сол кісіге еліктедім. Қазіргідей ге­нерал бо­ламыз деген мақсат болмады. Біл­генім қай салада болмасын елге, жер­ге адал қызмет еткендер қалмайды. Олар­дың ең­бегі қашан да ескеріледі. Бауыр­жан ата­мыз талай замандасыма үлгі бола біл­ді. Қазір де жастарға үлгі бо­­латын осын­дай атпал азаматтардың көп болғаны керек-ақ. – Әскери салаға келмей тұрып пар­тия­да жауапты қызметте болғаныңызды бі­леміз. Комсомолдың екінші хатшылы­ғына дейін көтерілген екенсіз. Тіпті, сізге ки­ноға түсу туралы да ұсыныс жасалған екен. Бірақ сіз екеуіне де мойын бұрмай, әс­кери саланы таңдадыңыз. Сол таң­дауыңызғ­а өкінбейсіз бе? – Ешқандай өкініш жоқ. Қазір де сол кезді қайтарып қайта таңдау жасау мүм­кін­дігі берілсе, ойланбастан әскери са­ла­ны таңдар едім. Жасыратыны жоқ, сол кездегі Жам­был (қазіргі Тараз қаласы) қа­лалық жастар комсомол комитетінде екін­ші хатшы болып жүргенімде алдым­да үлкен партиялық мансап күтіп тұрған­дай көрінетін. Сөйтіп жүргенде, Мем­ле­кеттік қауіпсіздік комитетінен ұсыныс түс­ті. Комитет қызметкерлері мені екі жыл бойы сырттай бақылап, лайықты де­ген ұйғарым жасаған екен. Актерлікке де ұсыныс күтпеген жер­де жасалды. Ол кезде жаңадан үйлен­ген­біз. киноға түсуге шақырту алға­нымда келіншегім оң шырай таныта қоймады. Өзім­нің де ниетім болмады. Әрине, ұсы­ныс жасағандар ренішін білдірді. Ком­сомол комитеті де органға жібергісі кел­­меді. Тіпті, іске облыстық партия ко­­ми­теті араласып, мені комсомолда қал­­дыруға тырысып бақты. Оларға жағ­дайды түсіндіріп, таңдауым Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті екенін айттым. Ком­сомол комитетіндегі жолдастарым ара-тұра жолыққанда әзіл-шыны аралас «партиялық қызметпен кеткенде облыс әкі­мі, министр лауазымына дейін кө­тері­лер едіңіз» деп жатады. Бірақ менде бас­шы боламын деген мақсат болмады. Ең бастысы, ата-анам айтқандай, қай қыз­метте, қай лауазымда болсам да адал қызмет етуді ғана ойладым.