Мұқашеваның моцарреласы тіл үйіреді
Мұқашеваның моцарреласы тіл үйіреді
839
оқылды
Көкшетауда көп балалы ана өзінің жеке авторлық әдісімен жұмсақ ірімшіктің 20 түрін қайнатады. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған Эльвира Мұқашева қиын болса да, кәсіптен нәсіп таппақ ниетпен ірімшіктің табиғи түрлерін шығаруға ниет етіпті. Балаларына табиғи сүт тағамдарын беруге ұмтылған ананың әрекеті оны ірімшік өнімдерін шығаратын нағыз кәсіби маманға айналдырған. Бүгінде ол өңірде ірімшіктің жұмсақ түрлерін дайындайтын жалғыз маман. моцаррела Алматы қаласында конструктор-мо­дельер мамандығын тәмамдаған – Эль­ви­ра Мұқашева бұған дейін тапсырыспен киім­нің неше түрлі жобасын жасап, тігіп жүріпті. Жам­был облысы Қордай ау­да­нында ту­ған ол осыдан бес жыл бұрын Көк­ше­тауға қоныс аударыпты. Бірақ ба­ла күтіміне байланысты үйде отыр­ған анаға киім тігіп, тапсырыстарды орын­­­дау аса қиынға соға бас­­таған.
– Кішкентай балаларым үйде оты­рып киім тігуіме мұрша бер­мей­тін болды. Әсіресе, ең кенже балам ту­­­­ғаннан жылаңқы болып өсті. Әрі жиі нау­қастанып қала беретін. Мен мұның бә­рі біздің дұрыс тамақтан­бауы­мыз­дың салдарынан екенін іштей се­зіп жүр­дім. Бұрынғыдай киім тігуге түс­­кен тапсырыстарды көбірек қа­­былдау мүмкін болмады. Та­­быссыз отыру қазір өте қиын. Сондықтан құр бос­қа отыра да алма­дым. Ба­ла­ла­рым­ның ағ­засы мен им­­мунитетін кү­­шейту үшін та­за та­биғи өнім­­­дерді пай­да­лан­бақ болдым. Газ­далған сусындар мен түр­лі тәттілерден мүлдем бас тар­тып, дүкеннен алмай­тын бол­дым. Отбасымның ақуыз­­ды көбірек тұ­тынуын қада­ғаладым. Табиғи ірім­шік қала дүкен­де­рінде өте қымбат. Ал көпшіліктің ірім­­шік өнімі болмаса табиғи ірімшікті алу­­ға қолы жетпейді. Өзім таза қазақы ауыл­­да өскендіктен сүт өнімдерін ба­ла ке­­зімнен жақсы көретінмін. Сон­дық­тан сүт өнімдерінен үй жағдайын­да ірім­шік қай­натуға бір жола бел будым, – дейді Эльвира Мұқашева.
сыр Кейіпкеріміз ал­ғашында аз мөл­шер­де ірімшік қайнатып, ірім­­шіктің ерітілген түрлерін әзір­леп көрген. Дайындаған ірім­шіктерінің дәмі тіл үйірген­діктен, өнімдерін әлеуметтік желіге шы­ғару­ға ұйғарады. Біртіндеп тапсырыс беру­ші­лер де жиналып, тіпті Эльвирадан «ірім­шік қайнатуды үйретші» дейтіндер де табылады. Тапсырыстарын дүкендерге тапсырып, тіпті қалалық жәрмеңкелерге өз өнім­дерін ұсынатын күйге жетеді. Кейін үй­рен­генін жұртқа үйрете бас­таған. Ал ол Эльвираның ірім­шіктің жаңа түрлерін ин­тернет арқы­лы меңгеріп алуына мұрындық болыпты.
– Білгенімді басқа қыз-келін­шек­терге үйретудің өзі өзінше бір мотивация бол­ды. Қазір менен 30-дан артық әйел ірімшіктің бірнеше түрін қайнатуды үйренді. Өнім­де­рімді дүкендерге, ара-тұра ұйым­дасты­рылатын жәрмеңкелерге шығардым. Жеке инстаграм парақ­ша­сын ашып, өнімдерімді ұсынамын деу­ші әйелдерге біл­генімді үй­рете бас­тадым. Өңірде ірім­шік пі­сіру кәсібі аса та­ралмағаны да биз­­­несімнің өр­ге бас­уы­на ықпал ет­ті. Қазір тек Бура­бай ау­­да­нын­­дағы Қа­тар­­көлде және Жақ­­­­­­сы ау­да­­нында кә­сіп­орында ірімшіктің қат­ты жә­не жартылай қатты түр­лерін әзірлейді. Ал мен ірім­шіктің жұмсақ түрлерінен бас­тауды жөн көрдім. Кейінірек қат­ты түр­лерін де үйреніп көрмекпін, – дейді кейіп­керіміз Эльвира Мұқашева.
моцаррела Кейіпкеріміз саланы зерттей бас­тағаннан-ақ елде ірімшікті жасауға да мүлде назар аударылмағанын байқағанын айтады. Табиғи ірімшік өнімдері халық­тың қалтасы көтермейтін қымбат әрі қол­жетімсіз болып шыққан. Расында да елдегі ірімшік өнімдерінің 80 пайызы Ре­сей мен Беларусьтің ұнтақты химиялық өнім­­дері болып отыр. Мұнымен қоса Эль­вира іс бастауға қажетсіз бюрократия­лық ке­дергілер елдегі саланың кенжелеп қал­уы­­на түрткі болғанын жеткізді.
– Облыстағы «Гормолзавод» және бас­қа да сүт зауыттары ірімшіктің тек 4-5 түрін ғана шығарады. Ал қалған ірімшік өнім­дерінің бәрі көршілес Ресей мен Бе­ларусьтен, Қырғыз Республикасынан жеткізілетінін анықтадым. Әрине, на­рықта қиын болса да өзінің табиғи өнімін ұсы­нып отырғандар бар. Мәселен, Қатар­көл­дегі Соколов ірімшігінің дәмі тіл үйіреді. Бірақ бағасы қымбат. Келісі 8 мың тең­геден сатылады. Ал оны алуға халық­тың қалтасы көтермейді. Іштегі бір ұмты­лыс мені де батыл қадам жасауға итер­ме­леп, мемлекеттік грант алуға өтініш жа­сап, өз қолыммен жасаған бизнес-жос­па­рым өтіп кетіп, «Бизнес Бастау» бағ­дар­ла­масы арқылы 1 миллион 225 мың грант ұтып алдым. Бірақ бизнес бастаудағы бір­қатар кедергілер алға басқан қадамым­ды кейінге шегере берді. Дегенмен мойы­май ісімді одан әрі жалғастырып келемін, – дей­ді Эльвира Мұқашева.
ірімшік Жас кәсіпкерге қиындық грант алған­нан кейін басталыпты. Ірімшік қайна­та­тын арнайы қондырғыға қол жеткізге­німен, одан кейін мемлекеттік органдар­дан тиісті құ­жаттарды алуға біршама ұзақ уақыт кет­кен. Ең алдымен орын табу зор маша­қат­қа айналған. Өйткені, ірімшік қайна­тып пісіретін орын СЭС талабына сәй­кес тұр­ғын үйлерден кемінде 50 метр жер­де орналасуға тиіс әрі екі жақтан кіре­тін есігі болуы міндет­те­ліпті.
– Қазір ұлттық сараптама орталығынан ар­найы сертификатты алуды күтіп отыр­мын. Біраз уақыт іздеп жүріп талапқа сай келетін екі есігі бар орынды әзер таптым. Әзір­ге толықтай сол орында жұмыс істеп кет­пегенмен, бұрыннан тапсырыспен өнім­дерді алатын тұтынушыларыма ірім­шік өнімдерін ұсынып келемін. Қазір жұм­сақ ірімшіктің 12 түріне сертификатым бар. Дегенмен ірімшіктің 20-дан артық түрін істеуді білемін. Алған ғимаратыма ке­­летін су лай болып СЭС талабынан өтпей тағы қыруар қаржы шығарып ар­найы су сүзгісін алуға тура келді. Енді тағы СЭС-тің жауабын күтіп отырмын. Бәрі дұрыс болады деген үміттемін, – дейді кейіпкеріміз.
Дұрыс тамақтануға назар аударып, көп­тің қолынан келмейтін үлкен істі бас­тап кеткен көп балалы ананың батыл қа­­­­дамына біз де сәттілік тіледік.

Ақмола облысы