«Ақ жол» партиясы сайлау науқанын қазақ хандығының арғы атасы Жошы хан кесенесіне тағзым етуден бастады
«Ақ жол» партиясы сайлау науқанын қазақ хандығының арғы атасы Жошы хан кесенесіне тағзым етуден бастады
741
оқылды
«Ақ жол» демократиялық партиясының үгіт-насихат тобы науқанның алғашқы күнін ұлт ұясы Ұлытау облысынан бастап, алдымен Жошы хан кесенесіне барып құран бағыштады.  Бұл тегін емес. Жошы хан қазақ хандығының негізін қалаған әлемге танымал қайраткер. Алтын Орданың негізінде қазақ хандығының құрылғанын ескерсек, тарихымыздың тамыры Ұлытауда жатқанын дәлелдейді. Оның үстіне биыл Жошы ханның таққа отырғанына 800 жыл толып отыр. «Ақжолдың» Ұлытаудан басталған үгіт-насихат жұмыстары сайлау додасында тек ғана жеңіске жетуге бастайтыны анық.
«Тұлпарының тұяғының дүбірі Еуропаны дірілдеткен, жарты құрлықты жаулаған Алтын Орданың атасы, ұлық ұлыстың ұлы ханы Жошы ханның Ұлытаудағы кесенесінде тұрмыз. «Ақ жол» неге сайлау жорығын Ұлытаудан бастады?! Бағзы заман тарихын балбал тастары жырлап тұрған бұл өлке саф алтыннан сауыт киген сақтарда бастасақ та, қуатты ғұндарға құлаш сілтесек те, көк аспан астын жаулаған көк түріктерден, ұлық ұлыстан, Алтын Орда мен қанатын кеңге жайған Қазақ хандығынан тамыр тартатын Алаш ұстанымын ұстанған “Ақ жолдың” сайлау жорығының Ақ жолын Ұлытаудан бастауының сыры осында жатыр», -деді Қазыбек Иса.
Партияның республикалық штаб өкілдері Қазыбек Иса мен Берік Дүйсембинов сағат 18:00-де ұлытаулық сайлаушылармен кездесіп, баспасөз конференциясын өткізді. Штаб мүшелері аймақ тұрғындарына партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, ұлттық мүдде, кәсіпкерлер құқығы, қазақ тілінің маңыздылығы, елімізде өндірісті дамыту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, деофшоризация мәселелеріне ерекше тоқталды. "Ақжолдықтар" өңірдегі халықпен кездесіп, партияның сайлауалды саяси бағдарламасын таныстырды. Республикалық штабтың өкілдері үгіт-насихат кезеңінде еліміздің барлық өңірін аралап, 21 қалаға баруды жоспарлап отыр. Партияның әр аймағында облыстық, қалалық штабтар ашылған, сайлау науқанына тас түйін дайын.