Азат Перуашев «Астана су арнасы» мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті
Азат Перуашев «Астана су арнасы» мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті
436
оқылды

Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев пен партияның елордалық филиалының жетекшісі Асқар Смағұлов сайлауалды үгіт-насихат аясында «Астана су арнасы» мекемесінің еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесу аясында «Ақ жол» лидері партияның бағдарламасына тоқталып, жұмысының басым бағыттарын атады.

«Ақ жол» партиясы – бұл отандық өндірушілер партиясы. Біз үнемі Парламент мінберінен болсын, жалпы өкілетті органдармен сөйлескен кезде де осы отандық өндірушілерді нақты іс жүзінде қалай қолдау керектігін айтып отырамыз», – деген Азат Перуашев, партия бағдарламасын егжей-тегжей түсіндіріп берді.  

«Бағдарламамыз бойынша айтсақ, біріншіден, әрине, мемлекеттік тіл, тәуелсіздігіміз, жер тұтастығымыз. Бұл еліміздің басты құндылықтары. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Мемлекеті жоқ халық – жетім халық» деген. Құдайға шүкір, жетім емеспіз, мемлекетіміз бар. Біз мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді қалаймыз. Біздің ойымызша, қазақша сөйлейтін жастар біздің қоғамымызда өзіне лайық орын таппай отыр. Бұл үлкен проблема.

Сонымен қатар, мақсатымыз экономикамызды дамыту, экономикамыздың  құралын өзгерту.

Екінші мәселе – демократия және парламентаризм. Одан бөлек, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық. Жемқорлық пен бюрократия. Жемқорлықтан бос орын қалмады бізде. 

Үшінші мәселе, бұл – әділетсіздік пен монополия. Экономикада ашық бәсекелестік жоқ. Монополия тек экономикада емес, тіпті тариф саясатында да орныққан. Бағдарламамыздағы басым бағыттың бірі салиқалы сыртқы саясат. Ешбір экономикалық, басқа болсын одақтар, еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына нұқсан келтірмеуі керек», – деді Азат Тұрлыбекұлы.  

Кездесу барысында еңбек ұжымының өкілдері «Ақ жол» төрағасына өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойды.

Жиналғандардың көпшілігін «Ақ жол» демпартиясының жемқорлықпен күрес, әсіресе, шетелге заңсыз шығарылған халыққа тиесілі қыруар қаржыны елге қайтару бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары қызықтырды.

«Иә, шетелге заңсыз шығарылған қаржыны елге қайтару, де-офшоризация бұл партиямыздың ұдайы назарында тұратын жұмыс. Біз парламентте фракция боп құрылғалы бері бұл тақырыпты қарсылықтарға қарамастан көтеріп келеміз. Мысалы, 2013 жылы Кипрде көптеген офшорлық шоттар әшкере болды. Біз сол кезде Ұлттық банкке депутаттық сауал жолдап, шоты анықталғандардың арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғын анықтауды сұрадық. Ұлттық банк «аталмыш офшорлық аймақта Қазақстан азаматтарының шоты жоқ» деп жауап берді. Бір аптадан соң, сол кездегі РБК банкінің басшысы, өзінің жеке мәліметі бойынша Кипрде кемінде 2 млрд доллар Қазақстан азаматтарының ақшасы барын мәлімдеді. Біз сол мәлімдеме негізінде Ұлттық банкке қайта сауал жолдадық. Ұлттық банк «банк құпиясы» деп ол мәліметті жарияламады.

Неге жарияламайды? Егер бұл заңды түрде шығарылған отандық кәсіпкерлердің өзінің адал еңбегімен тапқан ақшасы болса, олар Қазақстан азаматтары, біз оларды қорғауымыз керек. Ал, егер ұрланған қаржы болса, халыққа қайтарылуы қажет емес пе? Шетелге қаржы шығарған азаматтардың арасында Үкімет мүшелері бар ма? Осы сауалдарға Ұлттық банк еш жауап бергісі келмеді.

Тағы бір мысал. 2016 жылы Панама тізімі жария болды. Біз сол бойынша да сауал жолдадық. Оған да Ұлттық банк «банк құпиясы» деп жауап қайтарды. Ал, шын мәнінде олардың білмеуі мүмкін емес. Себебі, сіз шетелге шыққанда қолма-қол ақшаңыз 10 мың доллардан асса, кеденде арнайы декларация тапсырып, соны көрсетуіңіз керек. Ал, шот арқылы шетелге ақша аударғанда жалпы сомасы 50 мың доллардан асса, ондай транзакцияларға міндетті түрде Ұлттық банк келісімі болуы керек. Жалпы, осы мәселеге қатысты біз көптеген депутаттық сауалдар жолдадық. Соның нәтижесінде қылмыстық істер де қозғалды, кейбір лауазымды тұлғалар қызметінен айырылды. Біз бұл жұмысты ары қарай да жалғастыра береміз», – деді А. Тұрлыбекұлы.

Жиналған қауым, сондай-ақ, жастарды әлеуметтік баспанамен, қолжетімді тұрғын үйлермен қамтудың бүгінгі таңда өте өзекті екенін тілге тиек етті. «Ақ жол» төрағасы бұл мәселені бұған дейін көтергендерін көпшіліктің есіне салды.

«Өздеріңіз білесіздер, біз жастарды қолжетімді баспанамен қамту мәселесін Мәжіліс мінберінен көтерген болатынбыз. Яғни, тұрғын үй көлемі шағын, бағасы арзан баспаналарды салып, бірінші қабаттарын оқу орталықтарын, тігін цехтарын, не шеберханаларды орналастыруды ұсындық. Демек, бір жағынан жастар баспанамен қамтылады, әрі жұмыс көздері ашылады. Себебі, жыл сайын 300 мыңнан жарты миллионға дейін жастар легі қалаға ағылады. Олардың үйі жоқ, тіркеуі жоқ, жұмысы жоқ. Сол кезде орыстілді ақпарат құралдары бұл тақырыпты әдейі бұрмалап шығарды. Үкімет сол орыстілді БАҚ-тан қорқып, біздің ұсынысымызды қабылдамай тастады. Қабылдамағаннан бөлек, Үкімет осы мәселені шешу үшін өздері де ештеңе ұсынбады.

Ал, орыстілді БАҚ ақпаратты неге бұрмалады? Себебі, бір аптадан соң біз басқа депутаттық сауал жолдағанбыз. БЖЗҚ-ның Әзербайжанның банкрот болған халықаралық банкінің акцияларын сатып алғаны туралы. Содан кейін бірден әлеуметтік баспана туралы ұсынысымызға шабуыл басталды. Ал, 2018 жылы Ұлыбритания «шыққан дерегі белгісіз байлық» туралы заң қабылдады. Ол заңды, ең бірінші, зергерлік дүкеннен Қазақстан азаматтарының 30 миллион долларына бұйым сатып алған сол Әзербайжан банкі басшысының әйеліне қатысты қолданды. Біз мұндай заң жобасын біздің елде де қабылдауды ұсындық. Неше жылдан бері билік бас тартып келді, енді биыл, міне, сол заң әзірленбек.

Міне, Үкіметтің біз ұсынған проблеманы шешу жолдарын қабылдамауы, не сол проблеманы өздері шешпеуі ақыры неге алып келді? Бес жылдан кейін сол баспанасы жоқ, жұмысы жоқ жастар Қаңтарда көшеге шықты. Мен өзім Қаңтар оқиғасынан кейін бірнеше қалаға барып, түрмеге қамалған жастармен кездестім. Сол кезде жастардың бәрі «Көке, не үйім, не маңдыған жұмысым жоқ, үмітсіздіктен шықтым» деп жауап берді. Кейін Бас прокуратураға сол жастардың ісін әділ қарауды сұрап жүзден астам хат жаздық. Нәтижесінде олардың көбі босап шықты», – деп жауап берді Азат Перуашев.

Ал, жалақы мөлшеріне, елдегі қымбатшылыққа қатысты сауалға жауап берген Азат Перуашев, ең алдымен, отандық тауар өндірушілерді қолдау қажеттігін алға тартты.

«Отандық өнімді дамытпай, отандық тауар өндірушілерді қолдамай қымбатшылықпен күресу мүмкін емес. Ұлттық банк инфляциямен күресу үшін несие ставкаларын көтерумен ғана шектеліп отыр. Бұл тек импортқа тәуелділікті арттырып, баға тұрақсыздығын одан сайын арттырады. Сондықтан, жалақыны қанша көтергенмен, одан халықтың әл-ауқаты еселенбейді. Біз қымбатшылықтың, ақшаның құнсыздануының себеп-салдарымен күресуіміз керек», – деді А. Перуашев.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылардың бірі ауылшаруашылығын дамыту мәселесі өзін толғандыратынын айтып, сауал қойды.

«Біздің бағдарламамыздың «Нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау» атты бесінші бөлімінде бұл мәселеге де жіті тоқталғанбыз. Ауыл шаруашылығын қолжетімді қаржыландыру үшін Агробанк құрып, барлық ауылдық жерлерде филиалдарын ашу керек деп санаймыз», – деп жауап берді «Ақ жол» басшысы.

Еске сала кетейік, Ұлытау өңірінен, әйгілі Жошы хан кесенесіне зиярат етуден жұмысын бастаған «Ақ жол» демпартиясының сайлауалды үгіт-насихат тобы осыған дейін Қарағанды облысы Теміртау қаласының еңбек ұжымдары және кәсіпкерлерімен, жергілікті ақсақалдармен кездесулер өткізді.