Жылқы жалына жармасатындар жоқ
Жылқы жалына жармасатындар жоқ
884
оқылды
Құлагердей жүйрік тұлпарды тудырған Көкше жерінде ұлттық ат спортына аса назар аударылмай келе жатқаны көпті қынжылтады. Өйткені күні бүгінге дейін кезінде әлемде Қамбар ата түлігін тұңғыш қолға үйреткен Ботай қонысы болған өңірде жылқы тұқымын тек соғымға сойып жүр. Асфальтта өскен қала баласы түгіл ауылда туған дала баласының қазіргі уақытта атқа мінуі сиреп бара жатқаны жиі айтылады. Де­генмен, спорттың басқа сан түрлі саласына миллиардтаған қаржы еш қиындықсыз бөлініп жатқан­ы­мен, ұлттық спортқа оның ішінде, ат спортына келгенде, кежегенің кейін тартуы, өкінішке қарай, бар сияқты. Жылқы мінудің жанға жайлы, дертке дауа болатыны атам заман­нан-ақ белгілі. Өйткені елге белгілі ғалымдар мен медицина ғылы­мы­ның мамандары атқа мінген адам­ның бойында еркіндік, айбынды рух пен батылдық, жігерді жани­тын ерекше намыстың оянатынын растайды. Тіпті, ата-бабалары­мыз­дың ұрпағының көп болуы да осы жылқыға мінуінің арқасында деп аға ұрпақтан жиі естиміз. Атқа мініп жүрудің басқа ешбір массаж яки медициналық аппаратпен қай­талау мүмкін болмайтын ерек­шелігі бар екенін де дәрігерлер дә­лелдеп отыр. Бұл тұрғыда туабіт­ті ДЦП немесе қазіргі күні тұтас елі­міздің аумағында аса көбейіп бара жатқан – аутизм дертіне шалдық­қан балалар үшін аса пайдалы екені де расталып отыр. Қазақтың барлық қадір-қасиетін жылқыға теңеп, жылқымен бай­ланыстырсақ та, балаларды иппо­терапиямен яғни жылқыға мінгі­зіп емдеумен тек Ақтөбе облысы және жақында елордада ашылған арнайы ма­нежді орталықтардың жұмыс істе­уі мәселенің аса өткір екенін айғақтайды. Мамандардың айтуынша, иппо­те­рапия адамның орталық мидағы қан айналымының жақса­руына ықпал етеді. Яғни атқа мін­ген ба­ланың бойындағы 62 тамы­рында қан жүйткіп, ауру баланың тезірек жазыла бастауына, ағзаның жедел дамуына мүмкіндік береді. Әсіресе, психикалық және физи­калық жетілуінде белгілі бір те­желуі бар балалардың иппотерапия арқылы біршама қалпына келіп, тіпті аттай шауып қатарластарымен теңесіп кеткен мысалдары да же­терлік. Мұнымен қоса, иппоте­ра­пиямен емделген балалардың есте сақтау қабілеті артып, оқу бағ­дар­ламасын игеруінде де мол септігін тигізетіні анықталған. Науқас ба­лалардың интеллектісінің дамуы­на ықпал ететіні айтылады. Құлагердің тұяғы тиген Көк­шетаудың «Құлагер» атшабары ба­засында осындай арнайы манеж ашу мәселесін бұрынғы ұлттық спорт мектебінің бұрынғы дирек­торы, қазіргі зейнеткер Марат Қой­шин 9 жылдан бері көтеріп келе жатқанын айтады. Бірақ күні бүгінге дейін түрлі сылтаулармен қаражат бөлінбеген.
– Солтүстікте алты айға жуық қатты аяз болғандықтан «Құлагер» атшабары қазір қысы-жазы бос тұрады десек те болады. Жылына ары кетсе, 2-3 шара өтеді. Қалада өсіп әбден нәзік болып бара жат­қан балаларымызды атқа мінгізу қазір азайып барады. Өйткені өңір­де қазақы ауылдар құрып, ха­лықтың көбі қалаға қоныс аударып жатыр. Жазғы уақыттың өзінде ауылға барып баласын атқа мінгізіп үйрететін отбасылар кемде-кем. Үш-төрт күзетші бар. Жаттық­ты­рушылар да бар. Атшабарда ар­найы манеж салатын жер де бар. Ұлттық спорт мектебінде 30-40-тай аттарымыз да дайын. Аумағы 80х30 метрлік жабық манеж салу туралы облыс әкімдігіне 9 жылдан бері қақсап келемін. Бірақ әне-мінемен сағыздай созып келеді. Манеж жобамен үш бөлікке бө­лінеді. Бірінші бөлігінде аттармен күнделікті жаттығулар жасалады. Екінші бөлігінде науқас бала­лар­мен иппотерапиялық жаттығулар жасалады. Үшіншісінде, жалпы жұртшылыққа аттарды жалға алып мінгізуге болады. Ал кішкентай бір бөлікте балаларға киім киіп ше­шінетін, ветеринар және дәрігер мамандары отыратын орын бо­лады. Жобасын әзірлеп қойған­мын. Шамамен 20 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау керек. Жылқылар бол­ған­дықтан кішкентай ғана бөлігін болмаса ғимарат жылытуды да қажет етпейді. Бірақ облыс әкімдігі мен тиісті сала басшылары тара­пынан қолдау таппай тұр. Басқа са­лаларға қаражат бөлгенде, ұлт­тық оның ішінде қазақтың қанына біткен ат спортына берілмей тұр­ғанына ішің удай ашиды. Жақында облыс әкіміне тағы кіріп осы мә­селені тағы да бір мәрте айтып көрмекпін, – дейді Марат Қойшин.
Балалар үшін, әсіресе аутизм және ДЦП дертімен ауыратын ба­лалар үшін мұндай жобаның ауа­дай қажет екенін Көкшетау қа­ла­лық №1 арнайы мектеп-интер­на­тының директоры Ольга Бур­дин­ская да растап берді. Оның ай­туынша, пандемияға дейін мектеп балалары күзгі және көк­темгі уақыттарда иппотерапиялық ем қабылдау үшін бір жыл шама­сында ұлттық спорт мектебіне барып тұрған. Бірақ пандемия бас­тал­ғаннан кейін бәрі кілт тоқтаған.
– Бізде жалпы саны 92 бала аутизм дертіне шалдыққан. 2018 жылдың соңы мен 2019 жылдары науқастанған балалар ата-анала­рымен атқа мініп, иппотерапиялық ем қабылдайтын. Балалардың көңіл күйі көтеріліп, едәуір жақса­рып қалатынын көзімізбен көріп жүрдік. Ата-аналар да мұны бала­ларына жақсы әсер еткенін айта­тын. Балалар қыста суық болған­дықтан көктемгі және күзгі уақыт­тарда осы иппотерапиялық жатты­ғуларға баратын. Бірақ пандемия басталған кезден аталған іс кілт тоқтады. Өз тәжірибемнен байқа­ғандай, жылқымен емдейтін иппо­терапиялық мұндай жабық манеж салынса, балалар үшін өте керемет болар еді. Жыл бойына балала­рымыз үзбей барып, балалардың дамуына оңтайлы жағдай жасалар еді, – дейді Ольга Бурдинская.
Расында да облыс пен аудан орталықтарында түрлі спорттық кешендер салынып жатыр. Бұқа­ралық спортты дамытуға бағыттал­ған кешендер де қажет болғанымен, елде ұлттық спортты дамытуға назар аудару қажеттігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап көрсеткен. Дегенмен, атпен емдейтін иппотерапиялық манеж­дің әзірге салынбауының облыс­тық спорт және дене шынықтыру басқармасы бірнеше себептерін атап көрсетті.
– Ұлттық спорт оның ішінде ат спортының төрге озғанын біз де қалаймыз. Бірақ иппотерапиялық манежді салуға кедергі болатын бірнеше факторды атап өтпеске болмайды. Біріншіден, қазіргі уа­қытта қолда бары Марат Мол­дашұлы ағамыз Ақтөбеден алып келген көшірмелер ғана. Нақтысы жоба ескірген. Оны қазіргі бағамен қайта жоспарлау керек. Екіншіден, «Құлагер» атшабары Көкшетау қаласынан тыс Краснояр селосы­ның іргесінде тұр. Яғни балалардың оған барып-қайтуына мүлде ың­ғайсыз. Логистика жоқ. Қоғам­дық көліктерде халық онсыз да иін ті­ресіп тұрады. Сондықтан оны «Құлагер» атшабарында емес, қа­ланың ішінен салу анағұрлым кө­бірек баланың қатысуына мүм­кін­дік береді. Жоба шамамен 1 мил­лиард теңге тұрады. Жерді ұлттық спорт мектебінен қалалық әкім­дікке беріп, жобалық зерттеу жұ­мыстарын жүргізу қажет. Сон­дықтан қандай жерде ашылуын анықтау үшін халықтан сауалнама жүргізу керек. Жаңа жобаларға қазір қаржы берілмей жатыр. Тек дайын жобалар бойынша аудан орталықтарында ФОК-тар салу үшін қаражат бөлінбек, жаңа мәслихат сайланған соң мәселе тағы бір мәрте көтеріп, жоба мен салынатын жер жағдайын анық­тамақпыз, – дейді Ақмола облысы­ның дене шынықтыру және спорт басқармасының ұлттық және бұ­қаралық спорт бөлімінің басшысы Қуаныш Қарауылов.
– Қалай десек те, ұлттық мән-маңызға ие әрі тәрбиелік тағы­лымы мол саланың жуық арада шешілетін түрі көрінбейді. Түйінді мәселенің шешілуі ең алдымен тағы да қаржыға келіп тіреледі. Ал ұлттың айбыны мен рухын көте­ретін, ұлттың ертеңгі ұланының бойына рух пен жігер беретін мәселеде жылдамырақ әрекет ету қажет пе деген ой мазалайды...

Ақмола облысы