Мемлекет қызметіне орналасу кезінде үміткерге қазақ тілін білу талабы қойылуы мүмкін. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов айтты.
«Қазір мемлекеттік қызметшіге азамат өтініш берген тілде жауап беруі керек деген талап бар. Біз бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бүгінде Мемлекеттік басқару академиясына магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін қойылатын шарттардың бірі – азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі орта деңгейден төмен болмауы тиіс.
Сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу кезінде мемлекеттік тілді меңгеру туралы талап бекітілді. Қазір біз мемлекеттік қызметке орналасу кезінде қазақ тілін міндетті білу талабын енгізу мәселесін талқылап жатырмыз. Егер бұл талап бекітілетін болса, оны қосымша хабарлаймыз», – деді Азамат Жолманов.
Спикер мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілді меңгеру мәселесі кейінгі уақытта қоғамда қызу талқыланып жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, қызметшілер қоғам талабына сай өздерінің кәсіби дағдыларын жетілдіріп отыруы тиіс.