Тұрғындар түтінмен тыныстап жүр
Тұрғындар түтінмен тыныстап жүр
© коллаж: Елдар Қаба
793
оқылды
Экологтар Қарағанды облысының үш бірдей қаласын республикадағы ең лас деген шаһарлардың ондығына кіргізді. Атап айтқанда, Қарағанды, Балқаш, Теміртау қалаларындағы ауа сапасы сын көтермейді. Алпауыт компаниялардың қарамағындағы өндіріс нысандары қала тұрғындарын түтінге тұншықтырып жатыр. Табиғат жанашырлары ауаның ластануына жаб­дықтардың тозуы, тазарту қондырғылары жұмысының тиімсіздігі, жаңғырту мен қайта құрудың жоқтығы, тұрғын үйлерді жылытуда тас көмірдің пайдаланылуы себеп болғанын айтады. Осыдан барып қыстың сарышұнақ аязды күндерінің өзінде қарағандылықтар желді аңсайтын болған. Өйткені осы мезгілде қала қою қара түтіннің құшағында қалады. Бұл орайда экологтар жаңа кодекске сенім артады. Өйткені бұрын зиянды затты ауаға шығаратын зауыт немесе кәсіпорын тек айыппұл төлеп құтылатын. Еңді олар айыппұл төлеп қана қоймай, ластаған дүниені қалпына келтіруге міндетті.
 – Ескі экологиялық кодексте зиянды шығарын­ды­ларды экономикалық бағалаудың тікелей және жанама әдістері қарастырылған. Алайда табиғатты пайдалану­дың бұл тетігі қоршаған ортаның ластану деңгейін төмендетуге айтарлықтай ынталандыра қой­мады. Өз кезегінде бұл мәселе жаңа қағидат енгізуді талап етті, – дейді Қарағанды облысы бойынша Эко­логия де­­пар­таменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов.
Әрине, кодекске жаңа талап енгізілді екен деп ауаның тазарып кете қоймайтыны түсінікті. Дегенмен, бұл да болса қою түтінді сейілтуге себеп болары анық. Өйткені қыстың желсіз күндері Қарағанды қаласының орталығында, Федоровка, Михайловка атанып кеткен аудандарында жүру мүмкін емес. Көк түтін қолқаны қабады. Себебі мұндағы тұрғындардың көбі үйлерін көмірмен жылытады. Сондықтан қаланың толықтай газдандырылғаны жөн. Әйтсе де, Қарағанды қаласының әкімі шаһарды түгелдей көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін кемінде 10 жыл уақыт қажет екенін айтады.
– Қарағанды қаласында 140 шақырымнан артық газ тарау желісі тартылды. 4187 үйдің көгілдір отынға қосылуға мүмкіндігі бар. Бірақ қазір 600 абонент қана газға қосылды. Төрт жылдан бері халықты үйдің ірге­сінде тұрған газ құбырына қосылуға көндіру қиын бо­лып тұр. Бір ғана Қазыбек би атындағы ау­данда 14 мыңға жуық жеке тұрғын үй бар. Ал олар­дың барлығы дерлік көмірмен жылытылады. Кө­мірдің сапасына күмән көп. Ешкім мұны тексере ал­майды. Дәл осын­дай жағдай Майқұдық, При­шах­тинск және Сұрып­таудағы жеке секторда да бар, – дейді қала басшысы.
«Қазгидромет» кәсіпорнының да мамандары қала ауасын ластаушы негізгі фактор ретінде жеке тұрғын үйлер мен кейбір кәсіпкерлік нысандардың сапасыз көмірмен жылытуын атап өтті.
– Осы мәселені шешу үшін Қарағанды облысының 2020-2024 жылдарға арналған экологиялық проб­лемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасын орындау шеңберінде жергілікті атқарушы органдар қоғамдық көлік автопаркін және тұрғын үй алаптарын, әлеуметтік және нысандарға кезең-кезеңімен тарту жұмыстарын жүргізуі керек болған. Алайда бүгінде жауаптылардың бұл жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізе алмағанын байқап отырмыз, – дейді Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Дархан Исжанов.
Осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған «Сарыарқа» газ магистралін тарту арқылы облыс аумағында 9 қала мен 114 елді мекен табиғи газбен қамтылды. Бірақ Қа­ра­ғанды мен Теміртау қалаларына газ келгенімен, оны ары қарай тарту жұмыстары кенжелеп тұр. Есе­сіне, кеншілер шаһарының тұрғындары қыс түскеннен қою түтінге тұншығып күн кешуге мәжбүр.

Қарағанды облысы