Пансионатта «оқып» жүр талай қазақ баласы...
Пансионатта «оқып» жүр талай қазақ баласы...
999
оқылды
Бүгінде «Жібек жолы» қайырымдылық ме­ке­­мелері қауымдастығының екі бірдей өңірін­дегі пансионаттарға қатысты тергеу жүріп жатқаны мәлім. Осыған байланысты біз елор­дада орналасқан қайырымдылық қордың өкілдерімен кездесіп, мәселенің мәнісін білу үшін балалардың тұрмыс-жайымен танысып қайттық. Қауымдастықтың Астана қала­сындағы бөлімшесі «Отырар» қайы­рымдылық қоры деп аталады. Мекеме Есілдің оң жағалауында орналасқан бес қабатты ғимарат екен. Дегенмен оның сыртына қарап, бұл жердің пансионат екенін ажырату қиын. Оның үстіне, біз барған күні қайнаған қызу тіршілік те байқалмады. Адасып барған бізге жол көрсеткендер тек Егемен Қазақстан көшесі 15 мекен жайында орналасқан ғимаратқа ғана бағыттап жібергені болмаса, шағын көшенің бір қуысындағы орталықты тұрғындар қайырымдылық қор екенін, балаларды тәрбиелеумен айналысып жатқанынан да бейхабар сыңайлы. Мекеменің домофоны арқылы кім екенімді таныстырып ішке кіруге рұқсат алдым. Себебі, бұл жерге бейтаныс адамдар кіріп-шығуына рұқсат жоқ. Елдегі кейбір ақпараттарға қатысты алып-қашпа әңгімелердің өздеріне түк қатысы жоқтығын түсіндіріп болған соң ғана мекеме заңгерімен бірге төраға орынбасары Шалқар Бостандықұлы әңгімесін бастады. Сөзінен ұққанымыз, қайырымдылық қор жұмысына талай жылдың жүзі болыпты. Балалардың жатын орны, сабақ оқитын кітапханасы, акт залы мен асханасын таныстырып шыққанда қор төрағасы Григорий Штрак та қасымызда жүрді. Ұлты неміс болса да қазақшаға судай басшының мұсылман дінін қабылдап, мешітке де жиі бас сұғатынын білдік. Түркияның қолдауын күткен хат
Қайырымдылық мекемелерінің жұ­мысы еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап жұмыс істеп келеді. Анығын айтсақ, Қазақстан Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін сол кездегі Ақмола облысының әкімі Аманжол Бөлекбаев Түркияға арнайы хат жазып, ұстаз сұра­тады. Тіпті мешіттің ақсақалдар алқасы ретінде Хамидолла Ысқақ хатты өз қолы­мен апарған. Сол хаттың негізінде 1992 жылы Түркиядан Абдулла Кезер атты ұстаз келеді. Аты түрікше естілгенімен, ұлты қазақ ол қиын-қыстау кезде сол елге кеткен. Кейін ұстаз ретінде туған еліне оралып, жастардың бойындағы діни тәрбиені беруге атсалысуды аза­маттығы деп ұққанын айтқан Шалқар Бостандықұлы: «Қазір ол кісі елордада тұрады. Осылайша, алғаш сол ақсақа­лымызды хат жазып, аттай қалай алғыз­дық. Сөйтіп, Ақмолада мешіттің қасында осындай медресе ашылып, мекеме жұ­мысын бастайды. Кейін 1993 жылы Светлана Жалмағамбетова Түркияға қайтадан хат жазып, ұстаз сұратады. Қысқаша мекеме жұмысы осылай бас­талды. Қазір қордың бөлімдері барлық облыста және мегаполисте бар. Кейбір орталықтарда қыз балалар да тәрбиеленіп жатыр. Бірақ қыздардың пансионаты бөлек. Қауымдастықтың мақсаты – өсіп келе жатқан жас буынның бойына тәрбиені сіңіру. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жастарымызды дінге баулу мақсаты қойылды», – дейді ол.
Бүгінге дейін қайырымдылық мекеме ретінде тұрақты жұмыс істейтін қордың пансиона­тында 3500-ге жуық тәр­бие­ленуші бар. Осы жылдарда жатар орны мен үш уақыт тамағына дейін беріп, қамқорлығына алынған мектеп жасындағы балалардан бастап сту­дент­терге дейін иман­дылық сабағын оқып, тәлім-тәрбие алып жат­қан көрінеді. Мекеменің ме­йірімін көрген 10 мыңға жуық шәкірт әртүрлі салаларда қызмет етіп кетсе, оның сыртында бір апта, бірнеше ай бойы тәрбие алған жастар жетерлік. Осылай деген мекеме бас­шылығы қор 2011 жылға дейін ашық түрде медресе түрінде жұмыс істегенін айтып отыр. Ол уақытта қор жұмысын ба­ғыттап отыратын ешқандай заң бол­маған. Алайда 2011 жылдың аяғы мен 2012 жылдың басында елде «Дін туралы» заң қабылданып, Дін істері агенттігі құ­рылды. Сол кезден бастап қайырым­дылық мекемелерін бір ізге түсіру жұмы­сы қолға алынып, діни сабақтарды діни бірлестіктер ғана бере алатын норма қарастырылған. Оған сәйкес, медресе ретінде жұмыс істеген қауымдастықтың пансионаттары ҚМДБ-мен мемо­ран­думға жасалады. Сөйтіп, агенттік, қа­йырымдылық мекемелері және ҚМДБ арасында келісімшарт бойынша, қор жұмысы жалғасын табады. Жат ағымдарға қарсы иммунитет
«Біз мұнда ешқандай ағымның со­йылын соқпаймыз. Керісінше, балаларды отансүйгіштікке баулып, біреудің ала жібін аттамау, әртүрлі дес­труктивті жат ағымдарға қарсы жастар­дың бойындағы иммунитетті қалып­тастыруға күш са­ламыз», – дейді Шалқар Бостандықұлы. Оның айтуынша, жақсы маман болу үшін, өз мамандығына адал, хал­қымызға әділ қызмет істейтін жастарды тәрбиелеу үшін имандылық қажет. «Осы қор жұмыс істеп келе жатқан 30 жылға жуық уақытта өз мақсатымыз­дан мүлт кетіп, бағытымыздан айныған күніміз жоқ. Өзіміз де осы жерде тәлім-тәрбие алдық. Күні бүгінге дейін өзіміз алған тәрбие мен білімді өзімізден кейінгілерге үйретіп келеміз», – дейді ол.
пансионатта оқып жүр талай қазақ баласы... Дұрыс қой, әрине. Бірақ осыншама баланың ішіп-жеуіне, өмір сүруіне қара­жатты қайдан табатыны көбімізді қы­зықтыратыны анық. Қор өкілдері қайы­рым­­дылық мекемелері жергілікті жеке кәсіпкерлер пен жомарт жандардың де­меушілігімен өмір сүретінін айтты. Осы уақытқа дейін мемлекеттен немесе басқа да елдерден ешқандай көмек бе­ріл­ме­генін айтқан мекеме басшылығы қор жұ­мысына сенім білдіретін ата-ана­лар­дың өздері де кез келген уақытта қар­жы­лай да, физикалық қолдауын да аянып қалмайтынын жеткізді. Қазір пансио­натқа балаларын сеніп тапсыр­ғандардың арасында көпбалалы, жал­ғызбасты немесе жағдайы төмен отба­сылар ғана емес, материалдық жағдайы жақсы отбасылардың балалары бар екен. Қор өкілдері ата-аналардан қаржылай көмек талап етілмейтінін айтады. Бірақ балалар пансионатқа қабылданар ал­дын­да бұл мекеменің қайы­рымдылық жұ­мыс­пен ай­налы­са­ты­нын түсіндіріледі. Со­дан да болса керек, ата-аналар өз бетте­рін­ше қорға қол ұшын созуды аза­мат­тық парызы деп біледі екен. Балалар мен студенттер де бар
Қазір елорданың оң жағалауындағы пан­сионатта 100 бала тәр­бие­ленеді. Мұн­дағы балалардың иман­дылық са­бақтан бөлек, орта білімді қалай алатыны қызық­тырғаны рас. «Әри­не, балалар мектеп білімін алу міндетті. Сол үшін пан­сионатымызға жақын мек­тептерде орта білімді қатар алуға бүкіл жағдай жасалған. Бізде тек оқушылар ғана емес, студенттер де бар. Өйткені қалаға арман қуып келген жастар жа­тақханадан орын іздейді. Жатын орын таппаған студенттер де бізге келеді. Қазір қор 6-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін, колледж бен уни­вер­ситет оқитын студенттерге де қайырым­дылық көрсетіп жатыр. Күндіз олар орта мектеп пен университеттеріне барады. Түске дейін сабағында, түстен кейін біздің қармағы­мызда. Қандай балалармен араласып жатыр, жатқан жері жайлы ма, тамағын уақытылы жеп жүр ме, ортасы қалай екен деген уайым болмайды. Бала­лардың жүріс-тұрысын, мектеп бағдар­ламасын қадағалайтын тәрбие­шілеріміз бар. Арнайы пән мұғалімдерін де жалдап жатырмыз. Қосымша сабақ ұйымдас­ты­рып, балалардың тоқсандық қорытынды­ларын жақсы нәтиже көрсету үшін қа­ражат бөлеміз. Өзіміздің де тәрбие жұ­мыс­тарымыз бар. Қаланы қыдырту, сая­баққа шығару секілді әртүрлі тәрбие жұ­мыстарынан бөлек, көңілді де­ма­лыс­тар да тұрақты ұйымдасты­ры­лады», – дейді Шалқар Бостандықұлы.
Оның айтуынша, қор «Зербала» жекеменшік оқу орталығымен келісім­шартқа отырып, балалардың ой-өрісін дамытуды қолға алыпты. Одан бөлек, шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін жекеменшік тіл курстарымен келісімге келген көрінеді. Мәселен, мұндағы ба­лалар араб грамматикасы, ағылшын тілі, үшінші тіл баланың таңдауы бойын­ша оқытылады екен. Тіл курстары да, оқу орталығы да балаларға дәрісті пансио­натқа келіп оқытады. Одан бөлек, ба­лаларға математика және физика пән­дерінен рэпетитор жалданады. Мұға­лімдер балалардың өздері білім алатын мектептің өзінен алынады. Тіпті мек­тепке де балаларды тасымалдауды қор өкілдері өз мойнына алып, қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндерін жеткізді. Сонда мұндағы тәрбиеленушілер аптаның бес күні пансионатта, сенбі-жексенбі үйлеріне қайтады. Діни дәрісті кім өткізеді?
Балаларға білім мен тәрбие беруге атсалысып отырғанын елдегі Оқу-ағарту министрлігі біле ме? Сөйтсек, қор жұ­мы­сына бұл министрліктің арнайы рұқсаты қажет емес екен. Өйткені бұл жердің негізгі бағыты – тәлім-тәрбие беру. Сондықтан қайырымдылық мекемесі өз жарғысы негізінде жұмыс іс­тейді. Алайда Білім басқармасы қор тәрбие­ле­нушілерін қа­ладағы қан­дай мектептің қабыл­дайтыны жө­нін­де тығыз байланыс ор­натылған. «Мә­селен, қала­да­ғы мек­тепке ба­ла­лар­ды қа­был­даған кез­­де де тәр­­бие­лену­шілер қор аты­нан барады. Бірақ рұқ­сат ата-ананың өтіні­шімен сенімхат аясында жүзеге асады. Егер ата-аналар тарапынан сенім болмаса, бауыр еті баласын білмеген, сенбеген мекемеге неме­се күмәнданған пасио­натқа бермейді деп ойлаймын. Осы жы­лы Астанада көп­теген студентті жатақ­ханадан шығарып тастады. Міне, былтыр осындай 70-ге жуық бала кезекте тұрды. Бірақ олардың барлығын қабылдай алмаймыз. Орын саны шектеулі», – дейді қор өкілі. Дін істері агенттігі, ҚМДБ арасын­дағы үшжақты келісімде көрсетілген­дей, пансионаттағы балаларды ата-аналардың өтініші бойынша мешіттен бекітілген ұстаз оқытады. Және иман сабағы тек мешітте оқытылатын көрі­неді. Оған сәй­кес, әрбір мекемеге өзіне жақын орна­ласқан бекітілген мешіт бар. 2021 жылға дейін имамдар пансионатқа келіп өздері сабақ оқытса, қазір ба­лаларды мешітке қор өкілдері өздері әкеледі. Балаларға арналған кітаптар арнайы сараптамадан өткізілетінін айтқан Шалқар Бостан­дықұлы: «Өкі­нішке қарай, БАҚ бетінде қайы­рым­дылық қорының пансионаттағы ба­лаларға жат ағымды дәріптеп, айтқанға көнбегендерді зәбір көрсеткені туралы ақпаратына байланысты ҚМДБ бір­жақты келісімді бұзып отыр. Бізге жабылған жала үшін 30 жылдық тарихы бар қордың жұмысына күйе жағылғаны құп болмады. Бізді қадағалап отырған құзырлы орын­дар бар. Тіпті ҚМДБ, дін істеріне жауап беретін агенттік қызметкерлерінің балаларына дейін осында тәрбие алып кетті. Саяси мақ­са­тымыз болса, мем­лекетке қарсы қан­дай да бір қитұрқы әрекеттер жасасақ, сыртқы күш­тердің ықпалы бо­лып сезілсе бақылау қазіргі заманда аса қиындық тудырмайды. Оны қадағалап отырған органдар бар. Қазір тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Осы іске қатысты әділ шешім шығады деген үміттеміз. Себебі соттың шешімі біздің қордың үш мыңнан аса шәкір­ті­міздің ертеңі үшін маңызды», – дейді қор өкілдері.
Алматы қалалық полиция Департа­менті Баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қазір «балалар пансионаты үйінің атын жамылып жұмыс істейтін қайырымдылық мекемелерінің кәмелет­ке толмаған баланы өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі және басқа да қылмыстарды жасады» деген күдікпен қылмыстық істі тергеп жатыр. Әзірге белгілісі, пансио­наттарда тұратын кәмелетке толмағандар жүйелі түрде діни жоралғылар мен ұжымдық дұғаларға қатыстыры­лады. Бұған көнбеген балаларға тамақ, су бермеу арқылы жазалаған, кей жағдайда физикалық күш қол­данылғаны туралы да мәлімет тарады. Тіпті күдік тудырған пан­сионаттарда жүр­гізілген тінту кезінде шетелдік діни әде­биет­тер мен оқу мате­риал­дары табыл­ған. Талай шәкіртке иман бай­лығын сыйлады деген қорға қатысты қоғамның күдігі бекер емес. Өйткені Алматыда пансионатта жүріп жәбір көрген жасөспірімдер де шындығын айтып, шырылдап жатыр. Мәселен, Алматыдағы пансионатта тұрған жасөс­пірімнің бірі «Имамдарды жолатпай, жұма намаз жабық түрде оқылды» дегенді айтқан. Оның айтуынша, қайырымдылық қорына қарайтын жатақханада тіпті шетел азаматтары діни тақырыпта ем­тихан тапсыртқан. Бұған дейін БАҚ-та құ­зырлы органдардың дәл осындай бала­лар пансионатына қатысты қылмыстық істі тергеп жатқаны айтылған еді. Әркімнің өз шындығы бар. Қалай десек те қайырымдылық қорына қатысты қылмыстық іс әділ шешілгені керек. Себебі қазақтың ертеңі ұлттық ұйытқысы бола алатын білімді, тәрбиелі ұрпақ. Сондықтан қор атын жамылып, жастар­ды жат ағымның жетегіне жетектетіп жібермеу үшін үй ішінен үй тіккісі ке­летіндердің жолын жабу маңызды.