Бүгінде шайтанның өзін алдап жіберген кешегі Алдаркөсе жәкетайымыздың «жансыздары» жер бетінде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап жүр. Шайтандай өріп жүрген олардың қулық-сұмдықтарына найза бойламайды. Баланы алдады. «Бала неме алданып қалған ғой» дедік те қойдық. Шаланы алдады. «Шала шалалығын жасаған ғой» дедік те қойдық. Енді дананың өзін сан соқтырып кеткенде не айтарымызды білмей дал болып отырмыз. Кімге кінә артамыз? «Айналайындар-ау, дап-дардай болып, бармақтай бәлекеттерге алданып қалғандарың қалай?» десек, ата сақалы аузына түскен ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар жатып кеп өкпелейді.
Қош! Ай мен Күннің аманында алданып қалғандар кімдер? Олардың ұзын-ырғасы үш жүз адамнан асады. Сірә, осынша адамды қан қақсатып кеткендер де тегін болмағаны ғой. Тегі солар шайтанның туыстары болып жүрмесін? Өйткені жасаған қылмысына қарасаңыз, аумайтын шайтанның ісі. Тумасынан адамзатқа қарсы шайтекеңдер пенде шіркінді адастыруға келгенде алдына жан салмайтын еді ғой. Бұлар да солардың сортынан.
Таяуда ғана Шымкент пен Алматының бір топ азаматы «Турфирмаға алданып қалдық» деп шырылдады да қалды. Турфирмаға алданып қалғандар аты аталған екі қаланың тұрғындары ғана емес екен. Республикамыздың әр түкпірінен бар болып шықты. Сонау Оралдан бастап Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, тағы басқа да облыстардан алданғандар жетерлік.
«Мекке мен Мәдинаға апарамыз. Қажы етіп қайтарып, Құдайдың өзіне тура апаратын түзу жолға салып жібереміз. Барлық кінәларыңыз кешіріліп, елге судан таза, сүттен ақ болып ораласыздар. Мұсылмандықтың бес парызының бірі қажылыққа барудың орайы келіп-ақ тұр. Қажылық пен Умраға барып қайту су тегін арзан» деген соң еліміздің әр өңірінен ниет етушілер табыла кеткен.
Енді ше, мұндай қамқорлықты екінің бірі жасай бермейді. Сәтін салып тұрғанда мүмкіндікті мүлт жіберуге бола ма?
Өздерін «Кәусар-тревел» туристік фирманың өкілдеріміз деп таныстырған, жалаңдаған қызметкерлер жұртшылықты үгіттей бастайды. Анау-мынау емес, Құдай жолына, мұсылмандықтың бес парызының бірін өтемекке сапарға шығатын болған соң ниет етушілер оларға имандай сенеді. Жолдама құны бар-жоғы 500-600 мың теңге көлемінде еді.
Алданғандардың ішінде алматылық Абзал Айтмолдаев тіптен күйіп қалды. Ол отбасындағы алты адамға жолдама алыпты. Ал ақтөбелік 73 жастағы Жасқайрат Әмірғалиев жұбайымен жұбын жазбай өмір сүріп келе жатқандарына 45 жыл толыпты. Соның құрметіне балалары 1 миллион 200 мың теңгеге Умра қажылыққа жолдама сатып әпереді.
Умра қажылыққа талапкерлер арасында студент те бар. Абзал Айтмолдаев та турфирма қызметкерлерінің алдауына түсіпті. Бүгінде Абзал да турфирмаға өткізген қаржысын қайтара алмай жүр. Ең өкініштісі, фирма басшысының «Меккеге әне ұшасыздар, міне ұшасыздар» деп Алматы мен Шымкенттің арасына сандалтып қойғанында болып тұр ғой. Онда барады, ұшақ жоқ, мұнда келеді ұшақ жоқ. Әуежайдағылар «бізге мұндай тапсырыс та, теңге де түскен жоқ» деп алақандарын жаяды. Сонда соншама адамды сендіріп, жинап алған теңгелер қайда кеткен? Аузы күйген жолаушылар енді құзырлы орындарға шағымданбағанда қайтеді?
Ал тап осы фирма Сайрам ауданының тұрғыны Жарқын Бекмұрзаев пен жұбайынан 1 миллион теңге алып, Меккеге ұшырып жіберіпті. Жарқын мен жұбайын онда ешкім қарсы алмаған. Қонақүйден оларға орын қарастырылмаған. Қайтарға да билеттері жоқ. Ала шыққан теңгелері тез-ақ таусылыпты. Өйткені мұнда тамақ қымбат екен. Олардың осындай жағдайын кездейсоқ біліп қалған қазақтар жиналып, екеуіне көмектесіпті.
«Кәусар-тревел» туристік фирмасы ешқандай құзырлы органдарға тіркелмеген болып шықты. Оны былай қойғанда, жер-жерге барып, адамдарды алдап ақша жинап жүрген олардың басыбайлы баспанасы да жоқ. Заң бойынша фирмалар министрлік жанындағы турагенттік реестрінде арнайы тіркелуі тиіс. Бұл жөнінде «Туристік қамқор» қорының төрайымы Инна Рей былай дейді:
– Умра мен қажылыққа апаратын компаниялар да «Туристік қамқор» қорының тізімінде тұрады. Осы жерде назар аударатын бір жайт бар. «Кәусар-тревел» туристік фирмасы тізімде жоқ. Тіркелмеген. Тұрғындар қызмет көрсетудегі заңсыздықтарға тап болып отыр. Егер сіз қандай да бір шетелге шыққыңыз келсе, фирмадан не компаниядан туристік кодты талап етуіңіз керек.
«Кәусар-тревел» туристік фирмасының басшысы 27 жастағы Медет Мекебай тепсе темір үзетін-ақ жігіт. Алайда оның сол қайратын адал іске емес, алаяқтыққа жұмсап жүргені қынжылтады. Шағымданушылардың басым көпшілігі оның алғашқыда әне-мінемен алдап келгенін, соңында телефонын мүлдем өшіріп тастағанын айтады. Медет жуырда жалдамалы пәтерлердің бірінде жасырынып жатқан жерінен қолға түсті. Қазір оның үстінен Алматы қалалық Ішкі істер департаменті қылмыстық іс қозғады.
Жалпы, елімізде өз міндетін орындамай, тақыр жерге отырғызып кететін компания көп. Мәселен, Астана қаласындағы «Травэллерс. КZ» компаниясы Әсия Әділбекова, Фариза Үкенова, Әлия Тұрдығұлованың 7 миллион теңгесін алаяқтық жолмен алдап алып, не міндеттерін орындамай, не ақшасын қайтарып бермей әуре-сарсаңға салып қойған. Ресейлік «Натали турс» туристік фирмасы 31 қазақстандықты шетелге шығарып, қызықтың көкесін көрсетеміз деп 19 миллион теңгелерін қақшып алып, артынша жоқ болып кеткен. Алданып қалғандар індетіп іздеп кеп бергенде бұл фирма да ешқандай жерде тіркелмеген болып шыққан.
Шетелдіктердің де шекесі шылқып тұрмаған көрінеді. Айталық, португалиялық атақты футболшы Криштиану Роналдудың да бұрын істі болған туристік агент бірнеше жүз мың еуросын қалтасынан қақшып кеткен.
Жә, осымен тоқтай тұралық. Жалпы, шетелдерге шыққыңыз келіп, шыдамыңыз шегінен шығып бара жатса, әуелі туристік агенттіктердің, компаниялардың құжаттарын сұрауды ұмытпаңыз. Жоғарыдағылар сияқты есік күзетіп қалмайсыз. Біздіңше, ең тиімдісі шетел асып шығындалғанша, атамекеніміздегі тарихи, табиғи орындарды аралау. Сонда туған жерге аз да болса пайдаңыз тиеді. Қаржы өз елімізде қалады.
Жуырда бір танысым «Біз мынадай бір туристік фирмаға тіркелдік. Ай сайын 100 доллар төлеп тұрасыз. Қаржыңыз жеткілікті болғанда сізді қажылыққа тегін апарады. Сондай-ақ соңыңыздан адам жинасаңыз, ай сайын айлық алып тұрасыз», – деді. Бұл неткен батпан құйрық? Иілігін көргендер, бәлкім шындығын айтып отырған шығар.
Қалай дегенде де сақ болайықшы. Шайтандардың ісі көбейіп кетті ғой...