Су үнемдеуге саясат қажет
Су үнемдеуге саясат қажет
© коллаж: Әсел Балтақызы
1,067
оқылды
Соңғы жылдары әлем елдерін алаңдатқан жаһандық проблема елімізді де айналып өткен жоқ. Қазір су ресурстарын үнемдеу жайы кез келген елді алаңдатады. Қазақстанда өзендердің сарқылуы жайлы жиі айтылады. Бұған егістіктердегі су тұтыну көлемінің көптігі себеп. Соның әсерінен экологиялық жағдай қиындай түсуде. Демек, егінге кететін су мөлшерін азайту қажет. Бірақ бұл мақсатты жақын арада орындай алмайтын тәріздіміз. Шаруалар неден шет қалды? Елде суармалы егіншілікті да­мытуға басымдық беріліп келе жа­тыр. Билік суды үнемдеу мақса­тын­да жаңа технологияларды агро­өнеркәсіп кешеніне енгізуді бағыт етіп алды. Сол себепті мемелекет тарапынан су үнемдейтін техноло­гияларға субсидия көбірек бөлінеді. Мұндай қолдау шаруалардың жұ­мысын жеңілдетіп қана қоймай, өнімнің сапасына да оң әсер ететін еді. Су үнемдеу технологияларына қаржыландыру тәртібі 50/50 әді­сімен беріледі. Яғни, су үнемдейтін технологияға көшкісі келген ша­руаға су құрылғысына кететін шы­ғынның жартысын мемлекет өтеп береді. Әсіресе, жаңбырлатып суару мен тамшылатып суару жүйесі танымал. Алайда екінші бір мәселе жол тосады. Мысалы, егіншілікте мол өнім беретін аймақ ретінде еліміздің оңтүстігі маңызға ие. Соған орай суды ең көп тұтынатын да осы аймақ. Өкінішке қарай, мұн­дағы шаруалардың көбі әлі күнге дәстүрлі суару тәсілдерін қолда­на­ды. Бұрынғыдай арық қазып, одан қалса, біраз су жерге сіңіп, тек­ке кетеді. Соның кесірінен транс­шекаралық өзендерге салмақ түседі. Дегенмен мамандар шаруалар­дың көбі мемлекет бөлетін субси­диядан бейхабар деп болжаған екен. Былтыр Ауыл шаруашы­лы­ғы министрлігі осы бағдарламаға 8,2 миллиард теңге инвестиция салуды көздеген. Субсидияларды есепке алғанда, 6-7 пайыздық же­ңілдікпен берілетін несиелер де қарасты­ры­лыпты. Алайда жергі­лікті әкімдік­терге небәрі 300 мил­лион теңгеге ғана өтінім түскен. Сондықтан мемлекет бұл салада сұраныс жоқ деп есептеп, қаржыны басқа салаға құяды. Жалпы, елімізде 1,41 млн гектар суармалы егістік алқабы бар, бүкіл егіс алқабының 6,8 пайызы ғана. Бірақ осы жерден түсетін өнім құны 850 млрд теңгені құрайды. Бұл – өсімдік шаруашылығы өнімінен түсетін табыстың 45 пайызы. Де­мек, суармалы технологиялар жүйесін қолданатын шағын ғана алқаптар елдегі бүкіл алқаптан жиналатын өнімнің тең жартысына жуық өсім береді. Суармалы технологияларды пайдалану тиімді, үнемді һәм жемісті екені жалған емес. Қазақстанда бүгінде 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмысы жүріп жатыр. Ал 2025-2030 жылдар аралығында 800 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енгізіледі деп жоспар­ланған. Осылайша, жалпы суар­малы жер көлемі 2030 жылға қарай 3 млн гектарға жеткізілмек. Мә­селен, биылдан бастап Қазақстан қант өнеркәсібін дамытуға баса назар аудара бастады. Алдағы уа­қытта Ауыл шаруашылығы министрлігі қызылша алқаптарын жыл сайын 6,5 мың гектарға ұл­ғайтып, 2026 жылға қарай 38 мың гектарға жет­кізуді көздепті. Не керек, жөнді ба­ғыт бар, дегенмен түсіндіру жағы ақсап тұр. Бұл тұста шаруаларды жаңа үрдіске баули алмаған ми­нистрліктің де айыбы бар секілді. Бұлай жалғаса берсе, су тапшылығы жыл сайын қатты се­зіле бермек. Ал «мәселенің алдын алу үшін» деп салынған су қойма­ларынан пайда бар ма? Су қоймаларының септігі тимеуде Ең әуелі су технологияларын айтпастан бұрын су қоймалары мен су ресурстарының жағдайына егжей-тегжей көз жүгірткен абзал. Қазақстандағы су қорының көлемі 90-100 текше шақырым, оның 50,8 текше шақырымын жергілікті ағын су құраса, 39,2 текше шақырымы трансшекаралық өзендер арқылы Қытай, Орталық Азия елдері және Ресейден келеді. Ал жер асты су­ларының қоры 15,5 текше шақы­рымды құрайды. Қазіргі көрсет­кіштің деңгейі осындай. Мамандар 2030 жылға қарай су тапшылығы 23,2 текше шақырымды құрап, 2040 жылға қарай елімізді сумен қамта­масыз ету жағдайы нашарлауы мүм­кін екенін болжайды. Оған бі­рінші кезекте экологиялық жағдай себеп. Екіншіден, бізде және суы ортақ көрші елдерде егістік алқап­тарының көбеюіне әсер етеді. Яғни, су тұтыну артқан сайын тапшы бола түспек. Мемлекет бұл мәселені ше­шу үшін арнайы іс-шаралар ат­қарып жатыр. Мәселен, 2025 жылға қарай агроөнеркәсіп кешенін да­мытудың ұлттық жобасына сәй­кес, суды үнемдейтін технология­лармен қамтылған аумақты 450 мың гек­тарға дейін арттыру жос­парланған. Бұл өз кезегінде жыл сайын 1,5 текше шақырым суды үнем­деуге мүмкіндік бермек екен. Әйтсе де, тіршілік көзін үнемдеуге бұл жет­кіліксіз секілді. Мәселе 1 ғана ша­ра­мен шешілмейді. Инже­нер-гидро­геолог Анар Тілеулесова жауапты органдар бірнеше ма­ңызды дүниені ескермей отырғанын айтады.
«Расымен, су үнемдегіміз келсе, салаға жаңа технологиялар көптеп енгізілуі қажет. Қазір технология­лардың белсенді түрде енгізіліп жатқанын көріп отырған жоқпыз. Суды көп мөлшерде пайдаланатын шаруашылықтан бастап меке­ме­лерде, кәсіпорындарда, жылу-электр орталықтарында суды үнем­деп, қайта пайдалану техно­ло­гиясын енгізу керек. Бүгінде ел аумағында су қорының нақты қан­ша екенін дәл болжаудың өзі қиын. Себебі оны білу үшін аймақ­тарда ылғи бүкіл процесті бақылап отыратын гидрологиялық посттар болуы керек еді. Бізде ондай пост­тар жоқ», – дейді маман.
Бірер жыл бұрын Экология және табиғи ресурстары министрі болып тұрғанда Серікқали Бре­кешев 2025 жылға дейін еліміздің 6 аймағында 9 жаңа су қоймасын салу жоспарланғанын айтқан еді. Тіпті, қыруар қаржының шет жағасын құлаққағыс еткендей болды. Оның алдында Мағзұм Мырзағалиев құрылыстар 115 миллиард теңге сұ­раған. Ведомство таяуда бұл жұ­мыстың әлі жалғасып жатқанын жеткізген.
«Елімізде қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін жинақтау көлемі 1,7 текше шақырымды құрайтын 9 жаңа су қоймасының жобасын іске асыру жоспарланған. Ақмола, Алматы, Қызылорда, Түр­кістан облыстарының әрқайсы­сын­да бір су қомасы, Жамбылда – 3, Батыс Қазақстанда 2 су қоймасы салынуы керек. Бұл жоба өз кезе­гінде 20 елді мекенге (70 мың адам) су тасқыны қаупін азайтуға, 195,3 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізуге, ауыл шаруа­шы­лығында 20 мыңнан астам жұ­мыс орнын құруға мүмкіндік бе­ре­ді», – деп мәлімдеген минстрлік.
Енді қараңыз, онсыз да ел ау­мағында 300-ден астам су қоймасы бар. Дегенмен солардың арқасында егістік жерлер суға «жарыды» де­генді естімедік. Одан бөлек, тағы бір қаупі бар. Су қоймаларына жа­қын тұрған елді мекендерге қауіп көп, кез келген сәтте су тасуы мүм­кін. Бұл – бір. Екіншіден, су қой­малары табиғи процестерді бұзады. Яғни, сол арқылы құрғақшылыққа себепші. Бұл жайында бізге кезінде техника ғылымының докторы, профессор Мәлік Бөрлібаев та айтқан болатын.
«Су қоймаларын сала беру адам­дардың табиғи процеске ­ара­ласуын көрсетеді. Су қойма­сында­ғы температураның тік страти­фикациясына барлық ­өзен-көлдің экожүйесі жаңы­лы­сып ке­теді. Көктемдегі су тасқыны жылдық ағынның 80 пайызын құ­райды. Ол ағын экожүйелерді сақ­тап отырады. Біз оны су қой­малары арқылы тежейміз. Енді өзен-көлдердің тар­тылуына әсер еттік», – деген еді.
Қайтқен күнде де су тақырыбы алдағы кезеңде мүлде өзектілігін жоймайды. Керісінше, күрделене бермек. Сондықтан салаға жауапты басшылардың бас ауыртар, су үнемдеудің түрлі жолын қарастырар уағы әлдеқашан жетті. Мұны шаруалар да ұғынса игі еді.