Театр – өмірлік сұрақтарға жауап табатын орын. Сол театрдағы әр жаңалықты бойынан өткізіп, қиындығы мен қуанышына қатар күйінетін театр сыншысы деген жұрт бар. Олар ұлтты тәрбиелейді, талғамды түзейді, көптің көзін ашады. Бүгінгі театрдың деңгейі мен қазақ мәдениетінің жағдайы жайлы белгілі театр сыншысы Айзат Қадырәлиевамен әңгімелестік.
– Сізді театрсүйер қауым сыншы ретінде жақсы таниды. Жалпы, театр сыншысы ретінде өмірге де сын көзбей қарайсыз ба?
– Сыншы дегеннен гөрі театртанушы деген дұрыстау көрінеді. Өйткені мен әлі тану үстіндемін. Сосын өмірге де, өзіме де сын көзбен қарайтын адаммын.
– «Сын – шын болсын, шын – сын болсын» дейді Мұхтар Әуезов. Бірақ қазір қоғам шын мен сыннан алыстап кеткен сияқты. Неге?
– Енді адамдар білгені мен көргенін емес, салғаны мен алғанын мақтан тұтып, мұрат ететін кезеңде шындықты айтпақ түгілі, жағыңды ашқың келмей қалады екен. Бәрібір естімейді. Сонда да айтарым, сыннан алыстап, шындықтан айналып өткендердің сазайын уақыт өзі-ақ тарттырады. Қысқасы, шындықтың жеңбей қоймайтындығын естен шығармауымыз керек.
– Сын сардары Әшірбек Сығай сіздің ұстазыңыз еді. Ұстазыңыздың үмітін ақтай алдыңыз ба?
– «Ақтадым» деп айтуға ауыз бармайды. Ақтауға тырысып жүрмін.
Премьералардың көпшілігі көрерменнің есінде қалмайды
– Әшірбек Сығай бір сұхбатында: «Штамп деген – қазiр қазақ сахнасының негiзгi дертi. Ол не деген сөз? Бiрiздiлiк, сол баяғы бiр ұқсастық. Анау рөлiнде де, мынау рөлiнде де қолы ербең-ербең, сол баяғы дауыс, сол баяғы үн, сол қимыл, сол күлкi. Еш өзгерiс жоқ» деп күйініпті. Одан бері бірнеше жыл өтті. Театр сахнасы бұл дерттен айыға алды ма?
– Қарсы уәж айтушылар табылар, бірақ бұл дерт асқына түспесе, айыға алды деп айта алмаймын. Жылына бірнеше рет қойылатын премьералардың көпшілігі есте сақталмай, ұмытылып қала береді. Несіне жасырып жабамыз, кейіпкердің іс-әрекеті сеніммен қабыспайтын, оқиға-тартыстардың жалаң түсіндірілетін кездеріне жиі тап келіп жатамыз. Сендіре алмайды. Кейіпкерлерді бір-біріне ұқсатпай, әрқайсысының жаңа қасиетін әйгілеуге келгендегі әлсіздіктерін көріп, актерлердің жауапкершілігі азайып бара ма деп қорқамын. Жан қинауы жоқ. Жан қиналмаған жерде шынайы өнер тумайды ғой. Содан барып, Әшірбек ағай айтқандай, сол бірізділік, сол баяғы дауыс, сол баяғы қимыл. Білесіз бе, кино болсын, театр болсын, біз әлі күнге дейін меңгере алмай келе жатқан ең күрделі мәселе бар. Ол – Адам. Оның ішкі психологиясы. Яғни, адам образын жасау. Ал ұмытылмайтын бейне жасау үшін техникалық тәсілдерді білу аз. Ол үшін алдымен үлкен ойлы, шебер суреткер болуы керек. Бұлай болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірде Facebook парақшасына жазып едім: «Режиссурасы түте-түте, декорациясы тақ-тұқ, музыкасы тасыр-тұсыр, костюмдері олпы-солпы болса да шеберлігі мықты актерлік ойынды көргім келіп жүр» деп. Бұл – сана-сезіміңді ессіз баурап алатын артистердің еңбегіне қашан да зәру болатынының айғағы. Бірақ көрермен, әйтеуір спектакльге емес, актердің ойынын әдейі көруге келетін күн көбірек болса екен деймін.
– Кезінде «Хабар» арнасында ұстазыңыздың «Жансарай» атты жобасы көрсетіліп, көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп еді. Жалпы, қазақ телевизиясында небір керемет кейіпкерлерді сөйлететін, театр өнері жайлы ой толғайтын бағдарламалар болды. Қазір мұндай хабарлар азайып кеткен сияқты ма?
– Соңғы уақытта «Abai TV» арнасындағы «Сарасөз» бағдарламасын көріп жүрмін. Сарасөзді бірнеше адам жүргізеді екен. Жүргізуші ақын-жазушы өз саласындағы кейіпкерлерді ашудағы талпынысы жаман емес. Ал өнер адамдарын зерттеуге келгенде селқостық барын байқаймын. Театр туралы білім-пайымы пәлендей жақсы болмағаннан кейін де, онда болып жатқан жақсы-жаман шаруаларға бас қатырып жатпайды. Сол жаттанды, қарабайыр сұрақтармен қалып жатыр. Ал «Жансарайды» жүргізген Әшірбек ағай қай мамандықтың адамын шақырса да мәдени-танымдық, рухани-әлеуметтік, қоғами-саяси мәселелерді батыл көтергенімен құнды болды. Халқымыздың ең таңдаулы деген аяулы азаматтармен өткір-өткір сұрақтар қойып, салмақты ой-пікірлер өрбітуімен тыңдаушылар мен көрушілердің айызын қандырып келді. Қоғамды, ең бастысы адам баласын толғандырар сан қилы проблемаларды тілге тиек етті.
Әдебиетіміздің інжу-маржандары игерілмей келеді
– Қазір қойылым сәтті шықпаса, шетелдік шығармалар жиі сахналанып кетсе, өз-өзімізді «жас драматургтер жоқ» деп ақтап алатын болдық. Дегенмен драматургияға сұранып тұрған, елеусіз қалған қазақ классиктерінің шығармалары бар ма?
– Ұлттық әдебиетіміздің інжу-маржандары театрда ғана емес, кино, бейнелеу өнерінде де өз дәрежесінде игерілмей келеді. Себеп біреу: сценарист-драматургтер мен режиссерлер қазақтың тарихына, салт-дәстүріне, мінез-құлқына жетік емес. Біразы тіл білмейді. Тіл білмеген жерде олардан бояуы қанық, қазақ өнеріне тән туынды күту бекершілік. Мәселен, қазақ комедиясының атасы атанған, реализм бағытын ұстанған Бейімбет Майлиннің шағын пьесаларында шындық деген атойлап тұр. Ғасырына, жылына қарамаса, тура бүгінгі күннің кейіпкерлері. Неге соларды қоймасқа? Бізге осы өз драматургіміз Майлин, Аймауытовтан гөрі, шетелдің авторы Мольер, Чехов ыстық боп тұрады ғой, әйтеуір. Содан соң біз Шыңғыс хан, Абылай хан деп хандардан ары аса алмай қалдық. Енді-енді ептеп Алаш арыстарына келіп жатырмыз. Ал ғасырлар тереңінен сыр тартқан эпостық шығармаларымыздағы қаһармандарды неге тұшынып көре алмай жүрміз. Жыл он екі айдың қай мезгілінде болсын күн демей, түн демей жауға қарсы аттанған қаншама қайсар батырларымыз мен шешен билеріміз бар. Ақырғы демі біткенше елі үшін, жері үшін ат үстінен түспеген сол батырлардың көзсіз ерлігін, ақыл-қайратын, айла-амалын, сөзге тапқырлығын неге бүгінгі ұрпаққа көрсетпеске? Ауыр дене жарақаттарына қарамастан жауға қарсы шапқан ұлы жүректілерді көрсете алмауымыз режиссерлердің фольклор сиқырына, шежірелер сырына, халқымыздың бас батырларының құдіретіне дендей алмауынан ғой дейміз. Бұларды айтпағанның өзінде, бұрын қойылып жүрген ұлттық шығармалардың өзі әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмай келеді. Кейіпкерлердің басына бөрік, үстіне шапан, қолына қамшы ұстатқаннан ұлттық мінез сомдалмайды деп шетінен бәрін шешіндіріп жатырмыз. Рөл бергені үшін табынып, көп актерлеріміз тіпті сахнаға жалаңбұт шығып кетуге дайын тұр. Білмеймін, қазір ойлау еркіндігіне қол жеткізсек те ұлттық нақышта ойлай алатындай көріністер, кадрлар жағы тапшылығына қайранмын.
Министрлік жанынан «репертуарлық бөлім» ашылса
– Елдің мәдениеті осы саланың тізгінін ұстаған басшыға байланысты қалыптасады ғой. Дегенмен бұрынғы Мәдениет және спорт министріне: «Театр және кино саласын жіті зерттеп жүрген кәсіби мамандармен жеке-жеке кездесу ұйымдастырса» деген ұсынысыңызды да айттыңыз. Естір құлақ болмаған соң сөзіңіз жетім қалмады ма? Бүгінгі министрден не күтесіз?
– Иә, театр өнерін жаңа сатыға көтеру мақсатында бір нәрсе дегенбіз. Оның бәрін түгел қайталап шығу мүмкін емес. Жалпы, алдыңғы министрдің қолға алуға тиіс маңызды ісін я болмаса аяқсыз қалған жұмысты ары қарай жалғастырып кету жағы бізде әлі дамымаған. Міндетті түрде, жаңа министрдің атын атап шақыру керек, бәрін қайта айтып шығу керек. Сосын, бүгінгі министрлер жаңа театр құрылса, соның ашылуында, айтулы мерекелерде тілек білдірумен ғана шектеліп жатыр. Айтылған, жазылған ұсыныстармен жұмыс істеп, өнер адамдарының басын қосып шешім шығарып жатқандарын әлі көрмеппін. Қазақ өнерін саралауға келгенде, мәдениет біліктерінің төмендігі қынжылтады. Ал мәдениет министрінен бастап мықтап ойланатын мәселелер өте көп.
– Сонда ол қандай мәселелер? Кеңінен тоқтала кетсеңіз?
– Білмеймін, көп нәрсеге атүсті қарап келе жатырмыз ғой, бұл екі ұсынысқа аттың басын бұрып қарарына күмәнім болса да айта кету парыз болар. Біріншіден: «Қазақ драматургиясы және театр репертуары» дегенді жиі айтатын болғандықтан, театрларының репертуар жағдайына жаңаша өзгеріс енгізу керек. Яғни, бұрыңғы репертуарлық-редакциялық коллегияны қайта құру керек. Келген пьесаларға жауап беретін театрдағы әдебиет бөлімі бар емес пе, дерсіз. Иә, ол бар. Бірақ түскен шығармалардың барлығын оқып, талқылап отырады дегенге күмәнім бар. Мысалы, кейбір драмалық шығармалар дап-дайын боп келе қалмайды. Айтар ойы бар пьеса жұмыс барысында жетіле түседі. Ең бастысы, шығарманы тани білу керек. Драма табиғатын, сахна заңдылығын жақсы білетін адамдар барлық жерде отыр деп айта алмаймын. Репертуар қалыптастыруда әсіресе драматургтермен байланысты орнықтыруда әдеби бөлімнің рөліне қазір кім мән беріп жатыр, айтыңызшы. Мән беруге тиіс орындарда дос, туысқан, жерлес, рулас отыр. Өнерді өстіп құртып жатырмыз ғой. Театр өнерін түсінуге шама-өреміздің жетпей жүргенінің бір көрінісі – бұл. Ал репертуарлық-редакциялық орталығы болса, сол жақтан сұрыпталып, театрларға мүмкіндігінше көркем дүниелерді ұсынуға тырысар еді. Сондықтан министрліктің жанынан «репертуарлық» бөлім ашып, оны барынша күшейте түсу қажет.