Театр – көрерменді ойландыратын орын
Театр – көрерменді ойландыратын орын
881
оқылды
«Қарагөз», «Құлагер», «Алтайдан ауған ел», «86»... Бұл қойылымдардың қай-қайсысыда көрермен жүрегінен орын алып үлгерді. Себебі режиссері Фархад Молдағали әр шығармаға жаңаша көзқараспен қарап, тарихи оқиғаларға өзінше рең беріп жүр. Жаңа толқынның жарқын өкілімен театр өнерінің жаңа бағыты, қазіргі беталысы жайлы әңгімелестік. – Қазақ театр әлеміне soundrama жанрын ең бірінші болып алып келгеніңізді білеміз. Soundrama қандай жанр? Не үшін бұл бағытты таңдадыңыз? – Soundrama жанрының негізін қалау­шы режиссер Владимир Николаевич Панков – менің ұстазым. Ол кісіден кө­бірек саундрама жайлы естіп, тренингтеріне қатысқан сайын бұл жанрдың біздің халқымызға қатты жақын екенін түсіндім. Панковпен кездеспей тұрып та, осы ба­ғытта жұмыс бастағанбыз. Бірақ ресейлік режиссердің шеберлік сыныбынан кейін екінші тынысым ашылып, бұл ба­ғыт­ты тереңірек зерттей түстім. Біздің фольклор, арыға барғанда Көк Тәңірі, беріде ұлттық менталитетіміз, жел мен кең даланың дауысы, шөптердің сыбдыры, халық әндері мен жоқтау, Құран, қасқырдың ұлығаны, аттың тұяғының дыбысы сияқты дәс­түрімізге тән нәрсенің барлығы soundrama жанрына дәл келе қалды. Soundrama –жанрлардың қосындысы, сөз бен дыбыс­тың әдемі үйлесімі. Сондықтан мұның барлығы біздің тамырымызда жат­қан дүниелер. Орыс театрлары саундраманы іздейді, жаңадан құрастырады. Ал бұл жанр біздің бойымызда жатыр. Сондықтан саундрама қазақ көрермендеріне жаңа, жат бағыт болған жоқ. Керісінше көрермендердің жүрегіне жетті. Шетелдіктер біздің «Құлагер», «Қарагөз» сияқты қойылымдарымызды көрген кезде оларға экзотика болды. Саундраманы алғаш қойғанда қазаққа жетпей жатқан жанрды әкелейін немесе жаңаша бағытты көрсете қояйын деген ой болған жоқ. Жай ғана ұлттық фольклорды, ұлттық элементтерді жаңа нұсқада, әлемге енді танылып келе жатқан бағытта көрсеттік. Владимир Панков «Құлагерді» көзіне жас алып көріп, саундраманың қазақ театрларында қанат жайғанына қуанып, батасын берді. «Қазақстан театрлары саундрама қойып жүр. Бірақ ол өздерінің қазақша саундрамасы» деп бағасын берді. Біз бұл жанрдың негізін Панковтан алғанымызбен қазақтың менталитетіне сай өзіміздің қолтаңбамызбен жасап жатырмыз. спектакль – Ал былтыр көрерменге тұңғыш рет аудиоқойылым ұсындыңыздар. Бізге таныс классикалық қойылымдарға қарағанда аудио форматты көпшілік қалай қабылдады? Жалпы қазақ театрлары мұндай тәуекелге бара бермейді ғой. Сіз қорықпайсыз ба? – Жоқ. Тәуекелге барудан қорықпауымыз керек. Бұл бағыт әлемде кең таралған. Әркім өз нұсқасында ұсынып жүр. Біз халқымыздың менталитетіне жақын үлгісін ұсынамыз. Сондықтан ол аудио­қойылым болсын, пластикалық, инклюзивті қойылым болсын оның еш айырмашылығы жоқ. Тек қана халықтың көңіліне жететін, көрерменнің жүрегінен орын алатындай етіп жасау керек. Театрды көбіне көрерменді тәрбиелейтін орын дейміз. Бірақ театр көрерменге әсер ететін, оны ойландыратын орын. Адамды өз ойы­мен күресуге итермелейтін күш. Біз осы жағынан жұмыс істейміз. Менің әр экспериментім халыққа түсінікті болуы керек деп ойлаймын. Егер қойылымды мен де, көрермен де түсінбесе ештеңе шықпайды. Қойылым режиссер мен актерге емес, ең бірінші көрерменге, қарапайым халыққа арналуы керек. Сондықтан қандай эксперимент жасасақ та халықтың көңіліне жақын болуы тиіс. Ғ.Мүсірепов театры «Есіңде ме, мама?» деген аудиоқойылым ұсынды. Театрымыздың актерлары қо­йылым болады деп ойлаған жоқ. Олармен сұхбаттасып, аналары туралы айтқан балалық шағындағы естеліктерін жазып алдық. Былайша айтқанда, драматургиясыз, адамның өз өмірі спектакльде көрініс тапты. Сол үшін де қойылым бізге де, көрерменге де қызық болды. Сол спектакльден кейін театрдағы кейбір адамдарды басқа қырынан таныдық. Аудиоқо­йылым театрға басқа атмосфера, жылулық сыйлады. Екінші аудиоспектакль Асанәлі Әшімов ағамыздың күнделігі негізінде бір көрерменге арналған спектакль. Адам бір сағат бойы өзі жалғыз үлкен залда болады. Ішіндегісін шығарып, күле де, жылай да алады. Бірақ 45 минут бойы құлаққаптан Асанәлі Әшімовтың актер ретіндегі емес, адам ретіндегі толғаныстарын тыңдайды. Асанәлі Әшімовпен сөйлесіп отырғандай күй кешеді. Ең бастысы, спектакль көрерменнің жүрегіне әсер етуі керек. Осы аудиоқойылымнан кейін бір көрермен үндемей шығып кетті, енді біреуі спектакль біткен соң да 15 минуттай үнсіз отырды. Асанәлі Әшімовты танымайтын жаңа буынның өкілдері залда эмоцияларын жасыра алмай, айғайлады да. Аудиоқо­йылымның артықшылығы көрермен өзінің жан жарасымен бірге қалады. Басқа қо­йылымдарда қасында қаншама адам қаптап отырғанда қозғалуға ыңғайсызданса, бұл қойылымда не істесе де өз еркі. Режис­сер­­дің жүрегіне әсер еткен туынды, көрерменге де әсер қалдырады. Сондықтан экс­­перименттерден қорқудың қажеті жоқ. сахна көрінісі

Мән-мағынасыз спектакльдер көп

– Бір сұхбатыңызда «Қозғайтын тақырып көп. Бірақ біз өте кеш қозғалып жатыр­мыз» депсіз. Бұл театрлардың енжарлығы ма? Қазіргі қазақ театр өнерінің даму деңгейіне қандай баға бересіз? – Қазақ театрлары қарқынды дамып келе жатыр. Біздің студент кезіміздегі теа­трлардың деңгейімен салыстырсақ қазіргі театр мүлде басқа деңгейде. 2016 жылдан бастап қазақ театрлары даму жолына түсті. Театрға жаңа толқын қосылып, жас режиссерлар мен жас драматургтер, жаңаша ойлайтын актерлар мен композиторлар келіп жатыр. Осы бағыттан таймай, мемлекет тарапынан қолдау болса екен деген тілек бар. Сол кезде ғана әлемдік деңгейге шығуға лайықты қадамдар жасаймыз. Ми­нистрлікке қазақ театрларын жа­һандық деңгейге танытуға байланысты біраз жобалар ұсынып жатырмын. Өкінішке қарай, қолдап жатқан ешкім жоқ. Себебі біздің жүйе мұндай жаңашылдыққа үйренбеген. Жат сияқты көрінеді. Бірінші қадамды жасау қиын болады. Сондықтан билік те осы бағытқа қарай бейімделуі керек. Спектакльдер жаңарып, шығармашылық құрам өзгеріп жатыр. Бірақ жүйе өзгермей нәтижеге де жете алмаймыз. Ірі қалалардағы театрларды қоспағанда аймақтағы театрлардың да өз проблемалары бар. Бірақ проблема бар екен деп отыра беруге болмайды. Әркім өзінің шамасы, ойы жеткенше спектакль қояды. Менің бағытым ұлттық рухты ояту, тарихқа жаңа көз­қараспен қарау, шындықты ашу. Мен көрерменге ары қарай сол тақырыпты қызығып оқуға серпіліс беремін. Мысалы, «Алтайдан ауған елді» осыдан екі жыл бұ­рын мен де білген жоқпын. Ондай тарих болғанын қойылғанға дейін актерлар да, көрермен де білген жоқ. Спектакльден кейін ғана адамдардың қызығу­шылығы арта бас­тады. Кей театрлардың репер­туарларында не кас­са жинамайтын, не көрерменге ой тас­та­майтын мән-ма­ғына­сыз спектакльдер көп. Әр театрдың өз талғамы, әр режиссердің азаматтық позициясы болады. Сондықтан театрдың деңгейі осыған байланысты. көрініс

Режиссурадан сабақ беретін педагог жоқ

– Шыны керек, қыруар қаржыға шетелден жиі театр режиссерларын шақырамыз. Алайда «отандық режиссерлар өзге елге барып қойылым қойды» дегенді естімедік. Өнер академияларында жыл сайын театр режиссерлары мамандарын дайындасақ та, ішінен суырылып шы­ғып жатқандары аз. Болашақ театр ре­жиссерларын қалай да­йындауымыз керек? – Бізге ең бірінші театр режиссерларын да­йындайтын педагогтар жетіс­пейді. Шетелдік режиссерларды шақырсақ та оларды таңдап, талғап шақыруымыз керек. Әйтеуір шетелден деп, білім деңгейі қазақтың режиссерларынан аспайтындарды да шақырып жатамыз. Бізге шетелден мықты, пайдалы режиссер-педагогтарды шақыру керек. Сонда олардың жанында жүріп біз де үйренеміз. Қазір елімізде актерлар көп дайындалып, ал режиссерлар аз шығып жатыр. Себебі режиссурадан сабақ беретін педагог жоқ. Бұл үлкен проблема. Біздің режиссерлар шетелге шығып оқуы керек. Ал әлемдік деңгей­дегі мықты режиссерлар біздің елі­мізге келіп сабақ өтуі қажет. Солай тә­жіри­бе алмаспасақ, театрға ше­тел­дік режиссер шақыру пай­дасыз. Біз қа­­зір осы бағытта әрекет етіп жатырмыз. Мен шетелшіл емес­пін. Бірақ режиссураға келгенде Литваның, Мәс­кеудің, Польшаның, Германияның режиссерлық мектептерінен үйренетініміз көп. Солардың білімін Қазақстанға әкелуіміз керек. Ж.Хаджиев, М.Байсеркенов, Б.Атабаев сияқты мықты режиссерлар дүниеден өтіп кетті. Режиссерлық мектептің әлсіреуіне осы мәселе де әсер етіп тұр. Бірақ бұл олқы­лықтың орнын толтыруға болады. Әртүрлі жолдары бар. Біз қазір мемлекет тарапынан арнайы грант бөліп ғалымдарды шетелдік тәжірибе алуға жіберіп жатырмыз. Осы сияқты таланты бар, жағдай жетпей жүрген режиссерларды шетелге тәжірибе алмасуға жіберу керек. Өйткені 5 режиссер сырттан оқып келсе, 5 жылдан кейін ол үлкен күшке айналады. Сондықтан қазір кеш болмай тұрғанда, ұлттық деңгейде осы мәселемен айналысуымыз қажет. актриса – Еліміздегі сұранысқа ие театр режиссерсыз десек артық айтпаймыз. Жаңа қо­йылым қоярда не нәрсеге мән бересіз? Қойылымның сәтті шығуы актерға байланысты ма, әлде режиссерға қатысты ма? – Қойылымның сәтті шығуы командаға байланысты. Режиссер дайындалады, актер ізденеді. Бірақ қойылымның сәтті шығуы жұмыс басталған кездегі атмосфераға байланысты. Әрине, режиссер дайын болуы, бәрін біріктіре алуы да керек. Театрдың әкімшілігі, техникалық, актерлық құрамы, қоюшыларға да байланысты. Мен қойылым қоятын кезде ең бірінші оқыған шығармам маған әсер етуі керек. Содан кейін ғана қойылымды қоюға кірісе бас­тай­мын. Ол шығарма бір жыл, бір жарым жыл миымда пісіп жүреді. Бірден шығарма алып, қоюға кірісіп кетпеймін. Көп спектакльдерді ең бірінші ойымда пісіріп алып, сахнаға шығарамын. Бұл күнде сызып, күнде дайындаламын деген сөз емес. Мен үшін спектакльдің музыкасы маңызды. Содан кейін ғана барып спектакльдің атмосферасын табамын. сахна – Алдағы жоспарыңыз қандай? Жаңа маусымда көрермендеріңізге не ұсынасыздар? – Жаңа маусымда Ғ.Мүсі­ре­пов театры Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ», Антон Чеховтың «Апалы-сіңілі үшеу» атты спекта­кльдерін қоямыз. Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасын режиссер Д.Жұмабай сахналайды. Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит бастаған М.Әуезов театрының актерлары жеке «Шам» театрын ашып жатыр. Жаңа театрмен «№37» деген қо­йылым қоямыз. Өзімнің StartDrama театр лабораториямның спектакльдерін қайта жарыққа шығара бастаймын. Өйткені 2 жылдай уақытымды Ғ.Мүсірепов театрының репертуарын реттеуге жұмсап, өз лабораториямның жұмысы тоқтап қалды. Соны қайта қолға алмақпын. – Әңгімеңізге рақмет!