Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы ашаршылық миллиондаған қазақтың ғұмырын жалмады. Сол зұлматты күндерде «жаптым жала, жақтым күйенің» құрбаны болып кеткендерде баршылық. Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Шет совхозының тұрғыны болған ақын Қасым Сырымбетұлы зобалаңды жырға қосқаны үшін итжеккенге айдалып кеткен. Жас күнінен аймақтағы ақындармен айтысқа түсіп аты шыққан Қасым Сырымбетұлы 1930 жылдардағы қазақ даласын қан сасытқан жұтты жырлады. Қазақ зиялылары шамасы келгенше бас көтеріп жатқанда ақын ішкі шерін қағазға төкті. Сол өлең мынау еді: 1932 жыл. Келдің Кеңес, малмен егес, Көрсең жинап алыңдар. Бір қаралы, тек жаралы, Енді қалған әлім бар. Совхоз құрдың, кедейді «ұрдың», Ішкіздің жалғыз қазаннан. Аштан өлдім, сенен көрдім, Өлгенім жоқ ажалдан. Нені білдің, елді қырдың, Жеткізем деп мұратқа. Жеткізбедің, жерге тықтың, Апардың айдап сыратқа Колхоз ұйым құрдың жиын, Мал құртуға әдейі. Бірік дедің, іріктедің, Ылғи ғана кедейді. Өлді кедей, тамақ жемей, Социализм осы ма? «Досым» дедің, «қосыл» дедің, Бердің өлім досыңа. Ақыр соңында халықтың зарын жырлаған ақын, солақай саясаттың құрбаны болды. Оны 1935 жылы қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің қыспағына ілікті. 1936 жылдың 30 маусымында Қасымға Жоғары сот «Халық жауы» деген айып тағып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Қолына кісен салып, Поляр шеңберінен тысқары жатқан «Медвежье горы» деген лагерьге жөнелтеді. Жазушы Жайық Бектұровтың ақын туралы жазбаларында онымен қалай танысып, біліскені туралы айтылады.
«Әлі қайратты кезіміз ғой. Қамауда жүріп, қазақтың қырық шақты тұтқыны жұмысты қирата істеп, кейде лагерь бастықтарынан рұқсат сұрап, ортамыздан қой сатып алып, қазақтың баяғы сері жігіттеріндей оқта-текте етке бір тойып, сорпа ішіп, әлденіп қаламыз», – деп еске түсіріп күледі. «Отыз екінші жылғы өлеңім үшін сол кезде сотталғаным тәуір болды. Әйтпесе, бұл өлеңмен отыз жетінші жылға іліксем бірден атылып кететін едім. Өйткені аштықты, асыра сілтеушілікті сөккенімді «Кеңес өкіметіне қарсылық, нағыз халық жауының зиянкестік ісі» деп аяусыз үкім шығарып, ата салатын еді», – деген екен Қасым Сырымбетұлы.Белгілі профессор, филология ғылымдарының докторы Мәуен Хамзин: «Тағдырдың тауқыметін жастай көріп, еңбекке ерте араласқан балуан жігіт Қасымға ағаш қию жұмысы қиынға соқпаған сияқты. Күндік норманы артығымен орындаған еңбекқор да тәртіпті азамат кесілген мерзімін ерте аяқтап, 1938 жылдың 20 қазанында елге оралады» деп жазады «Өшпейтін шырақ» деген еңбекте. Қасым Сырымбетұлы елге аман-есен оралғаннан кейін, қаламды тастамайды. Жады мықты Қасым, замандас ақындардың өлең-жырын жатқа айтқанымен де ерекшеленді.
Қазыналы қария туралы «Әкем Кеңес дәуірі дүрілдеп, қылышынан қаны тамып тұрған уақыттың өзінде қазақтың біртуар ұлдары, Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабаевтардың шығармашылығын уағыздап, халық арасына таратып отырушы еді», – деп еске алған екен ұлы Төлеген.Бұл ертеңгі буын білсін, Алаш ардақтылары ұмытылмасын, деген Қасым ақынның аманаты еді. Жылдар жылжығанымен, өткендегі зұлмат ұмытылмақ емес, бір ғана өлеңі үшін жер айдалған Қасым ақын туралы жазарымыз көп. Өйткені, «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» емес пе?
Қарағанды облысы