Маманды бірлесіп даярлайды
Маманды бірлесіп даярлайды
513
оқылды
Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен «Мемлекеттік басқару», «Мемлекеттік және жергілікті басқару» және «Адами ресурстарды басқару» бағыттары бойынша маман даярлайтын қазақстандық жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық жөніндегі Меморандумға қол қою рәсімі өтті. Шара барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Азамат Жолманов және Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйледі.
«Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ашық, әділ, қоғамның сұранысына сай қызмет көрсететін, заманауи талаптарға икемді мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстарды атқа­рып жатыр. Бүгінгі Меморандум мемлекеттік қыз­метті басқаруды дамытуға, мемлекеттік қызмет сала­сын модернизациялауға, HR технологиялар мен құралдары кеңінен қолдануға негіз болатынына сенімдімін», – деді Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі Төрағасының орынбасары Азамат Жолманов.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шараның ашулы салтанатында сөйлеген сөзінде елімізде мемлекеттік басқару саласы, HR қызметі бойынша ғылыми зерттеулер жүргізілуі керек екенін атап өтті.
«Қазір елімізде 30-дан астам жоғары оқу орны мемлекеттік басқару саласы бойынша маман даярлайды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен және Мемлекеттік басқару академиясы­мен бірлесе отырып, білім бағдарламасын жаңар­туымыз қажет. Мемлекетік басқару жүйесін қайтадан зерттеуіміз керек. Себебі цифрлық күш көп нәрсені өзгертіп жатыр. Ал мемлекеттік қызмет жаһандық өзгерістерге дайын болуы керек. Бірлескен жұмыс­тың аясында магистранттар мен докторанттар мем­лекеттік қызмет жүйесі, HR қызметі бойынша қолданбалы зерттеулермен айналысатын болады», – деді министр. Алдағы уақытта меморандум аясында ортақ зерттеулер жүргізу, білім беру бағдарламаларын бірлесе әзірлеу және қолданысқа енгізу, мемлекеттік басқару және HR саласы бойынша сарапшылар пулын құру жоспарланған. «Бүгін жоғары оқу орындарының ректорларымен және өкілдерімен кездесіп, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру процесін кадрлық және эксперттік қамтамасыз ету бойынша маңызды мәселелерді талқыладық. Университеттердің әлеуетін біріктіру және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлау мемлекеттік саясат­тың стратегиялық басымдықтарын іске асыруға септігін тигізеді», – деді Президент жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.
Құжатқа қол қою рәсімінен кейін тараптар меморандум аясында жүзеге асырылатын іс-шаралар бойынша дайындалған жол картасын талқылады. Енді жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары мемлекеттік органдарда прак­тикадан және тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алады.