«AMANAT» республикалық сайлауалды штабының мүшелері Қостанай облысының Арқалық қаласында сайлаушыларымен бірқатар кездесу өткізді.
Алдымен қала жұртшылығымен кездесу өтіп, оған 300-ден астам адам қатысты. Штаб мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасындағы өңірлерде әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған негізгі басымдықтар туралы айтты.
«Ел аумағындағы моноқалалардың проблемалары бір-біріне ұқсас. Халық көшіп жатыр, инженерлік желілер мен жолдардың тозығы жеткен. Білім және медицина салаларында да шешілмеген мәселелер бар. Арқалықты дамыту мақсатында Үкімет кешенді жоспар әзірледі, оның іске асырылуына партия қала тұрғындарымен бірлесіп, қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуі тиіс», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов.Бұдан соң штаб мүшелері Арқалық жылу энергетикалық компаниясының еңбек ұжымымен кездесіп, тозығы жеткен коммуналдық желілердің жай-күйін талқылады. Осы күні штаб мүшелері шағын және орта бизнес өкілдерімен де жүздесіп, сайлауалды бағдарламаның бизнесті жүргізу бойынша қарапайым ережелерді қамтамасыз етуге бағытталған бөлімін талқылады.