Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институт алаңында Ғылым қорының ұйымдастыруымен «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» атты ғылым мен бизнесті интеграциялау бойынша мамандандырылған диалог алаңы өтті. Іс-шара аясында Қазақстанның ЖОО мен ҒЗИ ғалымдары Ғылым қоры бизнес-серіктестер клубының мүшелеріне, кәсіпкерлерге және әлеуетті инвесторларға ғылыми идеялары мен әзірлемелерін ұсынды. Әр қатысушы 3 минут ішінде әлеуетті бизнес-серіктестерге өздерінің ғылыми әзірлемелерінің коммерциялық құндылығын баяндап берді. Ұсынылған жобалар қатарында пайдаланылған өсімдік майларын экологиялық тазарту, өртті сөндіру стикерлерін жасау технологиясы, Space 3D индустриялық принтер, теңдестірілген құрамы бар функционалды сары май, қатты шырғанақ майы және тағы басқа ғылыми жобалар бар. Диалог алаңының мақсаты ғылым мен бизнестің интеграциясын күшейтуге бағытталған, мұнда бизнес өкілдері ғалымдарға жаңа өндірістер құра отырып, ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын іске асыруда барынша нәтижелерге қол жеткізуге, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын, бюджетке салық түсімдерін ұйымдастыруды қамтамасыз етуге көмектесе алады. Диалог алаңына Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки, Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсіптері ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Нұржан Муслимов, Ғылым қорының басқарма төрағасы Әбділда Шәменов, QazInnovations басқарма төрағасы Санат Аханов, «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасы директорының орынбасары Дархан Сейтқазин қатысты. Сонымен қатар 8 спикер-ғалым, 50-ден астам бизнес өкілі болды. Іс-шара барысында Ғылым қорының, QazInnovations, «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасының (Дүниежүзілік банк) өкілдері технологияларды коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бағдарламаларына қатысу шарттары жөнінде айтып берді. «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Құрманғазы Омаровтың айтуынша, жобаларды іріктеу барысында қоғамдағы сұраныс ескерілген.
– Сегіз жобаны іріктеп алудағы басты талап – коммерциялық жағынан тиімді болуы. 30 жобаны қараған кезде нарықтағы сұраныс, тұтынушылардың болуы да ескерілді. 8 жоба нарыққа шығуға салыстырмалы түрде оңтайлы. Былтыр ғылым мен бизнесті біріктіру мақсатында «Ғылым қоры» төрт іс-шара ұйымдастырды. «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» аясында 31 аяқталған жобаның презентациясын Қазақстанның бизнес өкілдеріне ұсындық. Оның ішінде 16 жоба бойынша бизнес пен ғылым арасында технологияларды коммерцияландыру бойынша бірлескен келісімшарт жасасты, – деді Құрманғазы Омаров.Сондай-ақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібіндегі ғылыми қызмет нәтижелерінің көрмесі ұйымдастырылды, мұнда бизнесмендер мен ғалымдар технологияларды бірлесіп коммерцияландырудың тәжірибесін, көрсеткіштерін және даму жоспарларын таныстырды. Кездесу қорытындысы бойынша бизнес-кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар арасында ҒҒТҚН коммерцияландырудың 5 жобасы бойынша бірлескен қызмет туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.