Әзиза Елеусін – АҚШ-тың Индиана штатындағы Bluffton High School мектебінің оқушысы. Он бес жастағы шынашақтай қазақ қызы мұхиттың арғы жағына қалай топ ете қалған деп таңғалсаңыз айтайық: ол жер-жердегі жоғары сынып оқушыларына АҚШ мектебінде бір жыл оқуға мүмкіндік беретін америкалық бағдарламаның жеңімпазы атанған. Әзизаның америкалық ата-анасы бар
Негізі Әзиза Орал қаласындағы IT лицейде оқиды. FLEX бағдарламасы жайында анасынан естіген соң, бір жыл бойы оған тыңғылықты дайындалады. Үш кезеңнен тұратын байқауда оқушы берілген тақырыптарға бірнеше эссе жазып, одан бөлек, ағылшын тілін жетік білетінін тест арқылы дәлелдеуі тиіс, содан кейінгі шешуші тур – бағдарлама өкілдерімен сұхбаттасу. Солардың бәрінен сүрінбей өткен жеңімпаз АҚШ-қа аттанып, сондағы америкалық отбасында өмір сүреді. Оны флекстықтар «хост-отбасы» (host – ағылшын тілінен аударғанда «қонақ күтуші» деген сөз) деп атайды: хост-анаң, хост-әкең, хост-бауырларың, тіпті керек десең, хост-әже-атаң болады, тек айырмашылығы – олар америкалықтар.
«Эссе жазғанда да, сұхбаттасу кезінде де неге қызығатыныңды, қандай да бір ситуация туа қалса, не істейтініңді сұрайды. АҚШ-тағы болашақ хост-отбасың сол жауаптарыңды оқып отырып таңдау жасайды. Мысалы, мен эсседе ғарыш саласына қызығатынымды, болашақта ғарышты зерттеу бойынша көшбасшы саналатын Пюрдю университетіне түскім келетінін жазғанмын. Сөйтсем, ғарыш тақырыбы менің хост-әкем Кевиннің де хоббиі екен. Оның үстіне, олар Пюрдю университеті орналасқан Индиана штатында тұратын болып шықты. Сөйтіп, мені Кевин мен Сара Уизерс өз отбасына қабылдады», – дейді Әзиза.
Отбасылық мейрамдар ерекше тойланады
Әзизаның хост әке-шешесі Кевин мен Сара бұған дейін 17 шетелдік оқушыны қонақ еткен екен.
«Содан болар, екі бөлек менталитеттегі адамдар болсақ та, тез тіл табысып кеттік. Шетелдік балалармен көп араласқан соң олардың басында қандай да бір шекаралар жоқ, барлық мінез-құлқымызға түсіністік танытады, өте ашық. Қазір олардың үйінде менен басқа тағы бір қонақ қыз – Тайландтан келген Хасана есімді оқушы бар. Екеуіміз бір бөлмеде жатамыз. Бүгінде Хасана менің жан құрбыма айналып кетті», – дейді кейіпкеріміз.
Әзизаның хост-отбасында Christmas, Thanksgiving Day секілді мерекелерде бас қосу дәстүрге айналған. Бұл мейрамдарда тіпті шалғайда тұратын хост ата-әжесі де келіп, Әзизалармен бірге бәліш, күркетауық пісіреді, оларға сыйлық үлестіреді екен.
«2018 жылы бұл үйде Алтынай есімді қазақ қыз тұрыпты. Сондықтан олар біздің асхананы жақсы біледі. Алғаш рет бауырсақ пісірген күні қуанғандарын көрсеңіз. «Біз пісірсек, бәрібір дәл бұлай дәмді болып шықпайды» деп сүйсініп жейді», – дейді Әзиза.
Мұғалімдер қас-қабағыңа қарайды
Америкалық мектептер тура фильмдерде көрсетілетіндей ме деп сұрадық кейіпкерімізден. Расымен ұқсастық көп екен: оқушыларда еркіндік көп, мектеп формасы да жоқ, мұғалім мен балалардың арасында мейлінше ашық әрі жанашырлыққа толы қарым-қатынас орнаған.
«Оқу жылында жалпы сегіз пән оқытылады: оның кейбірі міндетті пәндер болса, қалғанын өзің таңдайсың. Тағы бір қызығы, сол электив пәндерді таңдағандарда сынып айырмашылығы деген жоқ. Мәселен, физика сабағында мен он сегіз жастағы оқушылармен бірге оқыдым», – дейді Әзиза.
Мектепте көшіру, шпаргалка қолдану, жалпы академиялық адалдыққа қайшы келетін кез келген әрекет қатаң жазаланады.
«Бізге кітап оқып, сол бойынша тоқыған ой-пікірлерімізді эссе етіп жазуды жиі тапсырады. Интернеттегі материалдарды пайдалана алмайсың. Сабақ оқу үшін мектепте берілетін ноутбуктарымызда көп сайт бұғаттаулы тұрады, тек сабаққа тікелей қатысты сайттар ғана ашық. Мен әлі бірде-бір рет әлдекімнің шпаргалка қолданғанын, көшіргенін көрмеппін. Плагиат үшін School Principal-дың, яғни біздіңше мектеп директорының кеңсесінен бір шығасың», – дейді кейіпкеріміз.
Әзизаның айтуынша, мұғалімдер баламен тең дәрежеде сөйлеседі, кейде тіпті сырласады. Балалардың, әсіресе шетелдік оқушылардың көңіл күйі жоқ екенін байқаса, дереу сабақтан соң не болғанын сұрап, хост-отбасындағы жағдайы жақсы екеніне көз жеткізбейінше, тыным таппайды екен.
Черлидерлер айрықша беделге ие
«Америкалық жасөспірімдер шынымен де кинодағыдай еркін. Бұл еркіндікке олар кішкентай кезінен дағдыланған. Олардың еркін болып өсуіне ата-анасы да, айналасындағы ортасы да, мектебі де жағдай жасайды. Мектепке тіпті ұйықтауға арналған киіммен келетіндерді де көрдім. Меніңше, олардағы еркіндік көбіне шығармашылық тұрғысында көрініс тауып жатады. Мысалы, біздің мектепте белгілі бір түспен киінетін күн бар: қызыл түстің күнінде бәріміз қызыл түсті киіммен келеміз. Мұндай ерекше дәстүрімізге мұғалімдер де қосылады», – дейді Әзиза.
Фильмдермен тағы бір ұқсастық – америкалық жастардың өмірінде спорт ерекше орын алады. Кім спорттық іс-шараларға қатысады, черлидер болады – ондай оқушылар мектепте үлкен беделге ие.
«Черлидердер туралы фильмдерде олар мектепте жоғары кастаның өкілі сияқты көрсетіледі ғой. Шынымен де солай. Спорттық жарыстарға қатысатындарға арналған күрте бар, соны киіп алған оқушылар өзгелердің көзінде суперқыз/супербозбала болып көрінеді. Мектептер спортты беделді ету арқылы жастар мен балаларды онымен белсене айналысуға ынталандырады», – дейді Әзиза.
Волонтерлік жоғары бағаланады
Әзиза сабақтан тыс уақытта екі орталықта волонтерлікпен айналысады. Оның бірінде жалғызбасты аналардың балаларын анасы жұмыста болған кезде бағып қарасады. Енді бірінде мүгедектігі бар оқушылардың түлектер кешіне дайындалуына көмектеседі: көйлек таңдасады, макияжын жасайды, шашын сәндейді.
«АҚШ-та волонтерлікке баса көңіл бөлінеді. Жастар да, ата-әжелер де волонтер болуға құлшынады. FLEX бағдарламасы аясында біз кемінде 30 сағат волонтерлік етуге міндеттіміз, егер сертификат алғымыз келсе, бұл іске 100 сағатымызды арнауымыз керек. Волонтер болу оқуға түсерде де, жұмысқа қабылданарда да жоғары бағаланады», – дейді Әзиза.
Мұнда келіп, кейіпкеріміз үлкен өмірдің ережелерімен жақсырақ танысып жатқанын мойындады. Айтпақшы, бұдан бірнеше жыл бұрын Әзиза «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары атанған ата-анасымен бірге Англияда тұрып келген екен.
«Бірақ Англияда әке-шешем жанымда болғандықтан, алаңсыз өмір сүрген едім, ол кезде бұдан әлдеқайда кішкентай болдым, ағылшын балаларына сіңісіп кету де қиын болмады. Ал мұнда жасөспірімдердің ортасына түскен соң, тіл табысу бәрібір қиындайды екен. Бір жағынан ысылып жатқандаймын, үлкен өмірде ол өте керек болар. Мұндағы құрдастарым 14-15 жасынан бастап part-time (толық емес жұмыс күні) жұмыс істейді, өйткені 18-ге толғаннан бастап олар өз бетінше өмір сүруге мәжбүр. Көбі қазірден бастап жұмыс істеп, университетте оқуға ақша жинайды. Олардан үлкен өмірге керек көп дағды-қасиетті үйрендім», – деді Әзиза сөзінің соңында.