ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев АҚШ долларының теңгеге қатысты бағамы төмендеуіне орай импорт арқылы келетін тауарлар арзандайтынын айтты, – деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Баға төмендейді деп санаймын. Себебі доллар бағамы өскен кезде, импорт арқылы келетін тауарлардың құны көтеріледі. Ал доллар бағамының төмендеуін ескере отырып, импорт тауарлардың бағасы біртіндеп түседі», – деді Е.Жамаубаев Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Сонымен қатар ол экономикада инфляция да біртіндеп төмендейтінін жеткізді.
«Жылдың басында инфляцияның (20 пайыз) жоғары деңгейі байқалып отыр. 2-3 айдан кейін бұл көрсеткіш төмендейді деп санаймыз. Нақтыланған бюджетте инфляция деңгейі 7,5-9,5 пайыз шамасында белгіленді. Атап айтқанда, елімізде тауар бағасы түседі деп есептейміз», – деді Қаржы министрі.