«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Атырау облысында мұнайшылармен, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен және шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесті. Мақат ауданының Доссор кентінде мұнайшылармен және сала ардагерлерімен кездесу өтті. Олардың айтуынша, көптеген кәсіпорында, әсіресе өзге елдің капитал үлесі бар компанияларда шетелдік және қазақстандық қызметкерлердің жалақысын есептеу кезінде әрдайым теңдік сақтала бермейді.
«Мұнайшылардың, геологтердің, бұрғылаушылардың, инженерлердің, технологтердің, басқа да мамандардың жемісті жұмыс істеуінің арқасында сала отандық экономиканың локомотивіне айналды. Корпорациялардың үстеме табысы қатардағы жұмысшыларға лайықты еңбекақы төлеуге бағытталу маңызды. Сондай-ақ ірі инвесторлар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаты бойынша өңірлерді дамытуға қаржы құюы тиіс», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.