«AMANAT» партиясының БҚО-дағы сайлауалды штабының жетекшісі Мұрат Мұқаев пен кандидаттар «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігіндегі мүгедек балалардың аналарымен кездесті.
Партиялық тізім бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер Снежанна Имашева мен облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Мирболат Құрманғалиев әлеуметтік қолдау шараларына ел қазынасынан қомақты қаражат бөлініп жатқанын атап өтті. Әйткенмен жергілікті деңгейде шешуді талап ететін бірқатар мәселе бар.
– Біздің орталықта 12 маман бар. Атап айтқанда, логопед, дефектолог, психолог, емдеу жаттығуы бойынша нұсқаушы, массажист және т.б. Олар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі сырқат балаларға көмек көрсетеді. Балалар әртүрлі үйірмелерге қатысады. Биыл жыл басталғалы бері мамандарымыз жұмыссыз отыр. Себебі бізге бюджеттен қаражат түспеді. Мамандарымыздан айырылып қаламыз ба деп алаңдап отырмыз. Оның үстіне, балалардың санына қарай қаржы көлемін де қысқартып тастады. Былтыр оңалту орталығында 81 балаға көмек көрсетілсе, биыл тек 35 балаға қаражат берілмек, – дейді қоғамдық бірлестіктің төрағасы Мерует Санкаева.Штаб шетекшісі Мұрат Мұқаев партияның әлеуметтік салаға қолдау білдіретінін жеткізді. Сайлауалды 5 жылдық бағдарлама аясында облыстық филиал әлеуметтік осал топтарға көңіл бөледі. Қазір облыста 6 мыңнан астам мүгедек бала бар. 4 300 балаға инклюзивті білім беріледі. Оның ішінде 1 000 шақтысы мемлекеттік балабақшада, қалғаны мектепте.
– «AMANAT» партиясы өңірдегі мектептердің бейімделуін 35%-дан 70%-ға дейін арттырмақ. Оралда ерекше қажеттілігі бар жандар үшін 150 орындық оңалту орталығы салынады. Психологиялық-педагогикалық түзету мекемесі бой көтереді. Барлық спорт кешендерінде мүгедектердің жаттығуы үшін қолайлы жағдай жасалады, – деді штаб жетекшісі.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясының Сайлау қоры қаражатынан төленді.