Әлеуметтік кодекс: әлеуетті арттырудың жолы
Әлеуметтік кодекс: әлеуетті арттырудың жолы
852
оқылды
Біраз уақыттан бері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сарап­шылармен бірлесіп, Әлеу­меттік кодексті әзірлегенін білеміз. Осы кезге дейін қол­данылған заңдардың кем-кетігін түзеп, азамат­тарға әлеуметтік саланы, өз құқықтарын білуге бағыт болатын заңнама елге не бермек. Қазақстандық­тар­дың өмірін қалай жеңіл­дет­пек? Осы тақырып төңіре­гінде сараптап көрсек. Баланың бәрі бірдей емес Сонымен, Еңбек министрі Тамара Дүйсенова сенаторларға Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстырғаны есімізде. Бұл құ­жат әлі қабылданбағаны мәлім, депутаттар мен сарапшылардан жиылған жұмыс тобы түрлі мәсе­лені талқылап, бас қатырып жатыр. Дегенмен кодекстің ха­лық мүддесі үшін күшіне енгелі тұрғаны анық. Құжаттың ауқымы өте кең, кодекстің жобасы 5 бө­лім­нен, 19 тараудан және 267 бап­тан тұрады. Еңбектеген ба­ладан бастап, еңкейген қартқа дейін қамтиды. Біз бәрін тізбек­теп жатпаймыз, маңыздыларына тоқталып өтеміз. Ең әуелгісі, бала­лар жайы. Жалпы, биыл мем­лекет балалар үшін біраз игі­лік­ті істерді қолға алғаны жа­сырын емес. Бала күтімі бойынша берілетін төлемдердің мерзімі 1,5 жасқа дейін ұзартылып, (500 мыңнан астам ананы қамтиды), Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі балаларға арналған бас­тапқы капитал ретінде енгізу қолға алынбақ (6 млн-нан астам баланы қамтиды), 6-дан көп баланы дүниеге әкелген аналарға «наградталған ана» деген жаңа мәр­тебе қаралып, жәрдемақы мөл­шері өсірілмек (250 мыңнан астам ананы қамтиды). Айтпақ­шы, 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін кедейлік шегі ең төменгі күн­көріс деңгейімен емес, ме­диан­дық табыс деңгейі арқылы анықталатынын айта кеткен абзал. Қош, енді проблемаларға көшейік. әлеуетті арттыру Кодекс жобасы көп нәрсені қамты­ғаны айқын, дегенмен «сырт көз сыншы» дегендей, айтар ойы көп жандар бар. Мы­салы, соңғы жылдары елімізде ау­тизм­мен ауыратын балалардың саны біршама артқан, 4 жылдың ішінде екі есе артып, 6 мыңға жеткен. Ал олардың ата-анасына көп ауыртпалық түседі. Сондық­тан Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай аутизммен ауыратын баланың қарау­шысын ерте зейнетке шығару қажет екенін айтып отыр.
«Аутистердің мүмкіндігі шектеулі. Бұл – ешқашан айықпайтын сырқат. Оларды күту аналарға үлкен ауыртпалық түсіреді. Алайда бүгінде бір қауым елге айналып отырған осы жандардың мәселесі назардан тыс қалуда. Әлеуметтік кодексте аутизмге қатысты жеке еш­қандай талап, ереже жоқ. Ал мұндай балаларды тәрбие­леп отырған аналардың ертерек зейнетке шығуына жол ашу керек. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі, бірақ менталдық ауытқуы жоқ бала тәрбиелеп отырған аналар күтуші жалдап, тіпті кейбірі азаннан кешке дейін баласын теледидар алдына, арбаға отырғызып қоя алатын шығар. Бірақ аутизмге ұшыраған баланы қараусыз қалдыру қауіпті. Оның жанында үнемі адам жүруі керек. Сондықтан мұн­дай балалардың аналары зейнетке ерте шығу секілді жеңілдіктер алуы қажет», – дейді ол.
Бұл тұста инклюзивті мектеп мұғалім­дері үшін де осындай қолдау қажет екені айтылады. Өйткені аутизмге шалдыққан баламен жұмыс істеу педагогтерге өте қиын. Бір балаға сабақ түсіндіру эмо­ционал­ды тұрғыда ауыр. Сондықтан оған жұмсалатын мұғалімнің энергиясы өтелуі керек. Бұдан шығатын түйін – ел көле­мінде аутизммен туған балалар толық есепке алынып, бәріне тұрғылықты жері бойынша мемлекет тарапынан көмек жасалуы керек. Бұл үшін әрине, тиісті заңнамада арнайы құқықтық талап бел­гіленуі қажет екені сөзсіз. Екі қолғабір күрек Аталған кодекс бүгіндері өзекті болып тұрған жұмыссыздық жайын да қаузайды. Әсіресе, ауылдағы жұмыссыздыққа қа­тысты. Шыны керек, бұған дейін Алматы мен Астананы жағалап, не тұратын үйі, не жұмысы жоқ, кездейсоқ табыспен күнін көрген ауылдықтардың құқы қорғалмай келгені даусыз. Әлеуметтік кодекс жобасында осы жағдайға қатысты тиімді тетік қамтылған көрінеді. Қазір әр өңірде жылжымалы еңбекпен қамту орталықтары жұмыс істейді. Олар ауылдарды аралап, жұмыспен қамтыл­ғандар мен жұмыссыздар тізімін жасап, базаға енгізуде. Солардың дерегінде 450 мың жұмыссыз бар белгіленген. Бірақ бұны нақты көрсеткіш деуге әсте келмей­ді. Еш жерде тіркелмей, өзін-өзі жұмыс­пен қамтып жүргендер аз емес. Жаңа цифрландыру жүйесі солардың түгелдей есепке алынып, нақты жұмыспен қамты­луына жол ашпақ. Әр адамға ха­барлама арқылы тіркелу жолы, ұсыны­латын жұмыс бойынша ақпарат жі­беріледі. Электронды үкімет порталына кіріп қана азаматтар өздеріне қатысты мағлұмат­тарды біліп, нақты көмек алатын болмақ. Дегенмен қандай жұмыс ұсынылады? Жалақысы 100 мың теңгеге жетпейтін жұмыстарға көбі бара қоймайтыны тағы белгілі. Әрине, бұл мәселеде жұмыс берушілерді де, одан бас тартқандарды да кінәлай алмаймыз. Одан да такси қыз­метін атқарса да нәпақа айыруды жөн көретіндер бар. Такси демекші, бүгінде Яндекс, Индрайвер секілді онлайн тапсырыс алып, жолаушы таситын көліктерге қатысты проблемалар туындап отыр. Еңбек министрлігі оны екі жылдан бері толыққанды шешкен жоқ. 2022 жылы бір ғана Яндекс Таксиде 150 мыңнан қазақстандық қызмет ететіні мәлім болған. Тағы өсіп жатқаны даусыз. Ал компания жүргізушілер табысының 22 пайызын алып отыр. Бірақ әлеу­меттік төлемі не зей­нетақысы жүрмейді. Тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істей­тін осы қызмет түрі бақы­лаудан тыс қал­ған. Операторлары қада­ғалап отырғанын айтады. Алайда олар кірістің көлеміне мүдделі болғандық­тан, мұны талапқа сай жүзеге асырып жатыр деуге сену қиын. Еңбек министрлігі осы жайтты мықтап қолғаны абзал. әлеумет Зейнеткерге зейін бөлсек Расын айту керек, еліміздің зейнетақы жүйесіне қатысты сын көп. Түрлі жобалар үшін бұл қазынаға қол сұғылған кездер болды, одан қалды қазіргі зейнеткерлердің алып отырған қаржысына көңілі толмай­ды. Былтыр желтоқсанда Әлеуметтік кодекс жобасында көрсетілген зейнеткер­лердің жағдайына байланысты Еңбек министрлігі жоспарын ұсынған болатын. Сонда қарасақ, министрлік зейнет­кер­лерді үш санатқа бөліп тастаған. Бірінші санат – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан және толық еңбек өтілі бар қазақстандықтар. Олардың саны 300 мыңнан асады, базалық және еңбек зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Басым көпшілігінің зейнетақы мөлшері 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін құрайды. Екінші санат – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен зейнеткерлер, олар еңбек өтілі болғандықтан, еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алып отыр. Олардың саны 1,9 млн адамды құрайды, 2030 жылға қарай 2,6 млн жетуі мүмкін. Енді қараңыз, бұл топтың жиынтық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңімен төмендетіледі, өйткені ынты­мақты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюына және жинақтау жүйесін­дегі қысқамерзімді кезеңдегі жеткіліксіз зейнетақы жинақтарына байланысты. Яғни, әуелдегі қорға түсімдердің аздығы алдағы уақытта кедергі етпек. Ал үшінші санат – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, БЖЗҚ-дан базалық және жинақтаушы зейнетақысын алатын болады. Зейнетақы жайының оңып тұрмағанын Еңбек ми­нис­трі Тамара Дүйсенованың да сөзінен аңғарған едік.
«Қазіргі және болашақ зейнеткерлер­дің жағдайы қиындау. Бүгінгі зейнет­керлер үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі, ал ын­тымақты зейнетақы мөлшері ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 АЕК-ке дейін немесе орташа айлық жалақының 70 пайызына дейін жеткізу арқылы өседі. Ал зейнет­ақыны өз жинақтары есебінен қалыптас­тыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зей­ нетақы жарнасы енгізіледі», – деген еді ол.
Осы күні зейнет жасына жетпеген көп азаматтың зейнетақы қорына деген сенімі жоғалғанын аңғару қиын емес. Мүмкіндік берсе, көбі зейнетақысындағы қаржыны ертерек шешіп алуға дәмелі. Сондықтан зейнетақы жүйесінің өзі бір үлкен айсберг-мәселе болып тұр.