Елімізде жаңадан АИТВ/ЖИТС жұқтырғанның көбі – жұмыссыз еркектер. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі айтып отыр. Атын естісе адам шошынатын дерт ХХІ ғасырда да адамзаттың басына әңгіртаяқ ойнатып жатыр. Төрткүл дүниедегі ең ақылды ғалымдар оны толық жеңудің «кілтін» таба алар емес. Таяуда медициналық журналдар ғылыми сенсация жариялады. Әлемде үшінші адам сол аурудан жазылып шықты. Алайда миллиондардың жылт етіп жанған үміт оты ізінше жалп етіп сөнді. Үміттің үзілгені жаман. Кейбір науқас агрессивті болып бара жатқан көрінеді. Жағдайын сұрай келген ақ халаттыларға айбат шегіп, вирусы бар шприцті қадауға тұра ұмтылады.Қырық миллион жанды жалмаған дерт
Алдымен аз-кем статистика. Дүниежүзінде аталған аурудың емін зарыға күтіп, ғалымдарға қиыла қараған жан көп. АИТВ/ЖИТС бойынша БҰҰ біріккен бағдарламасының (UNAIDS) «АИТВ жөніндегі жаһандық статистика» ақпараттық бюллетенінде жазылғандай, күн сайын шамамен 16 мың жан адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ немесе орысша ВИЧ) жұқтырады.
Әлемде 2021 жылы АИТВ жұқтырған 38,4 млн (ауруын жасырғандарды немесе дертінен хабарсыздарды қосқанда, шамамен 43,8 миллионнан астам) адам болды. Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан (ЖИТС немесе СПИД) бір жыл ішінде 650 000 (ауруын жасырғандарды немесе дертінен хабарсыздарды қосқанда, шамамен 860 000) адам өлген. Дүниежүзінде жұқтырғандардың 15%-ы немесе 5,9 миллионы бойында вирус барын білмеген.
Өткен ғасырда эпидемия басталғалы, 84,2 миллион (113 млн) адам сол вирусты жұқтырды. Содан бері 40,1 миллион (48,6 млн) адам жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы туындатқан аурулардан көз жұмды.
Өкінішке қарай, 2021 жылы әлемдегі АИТВ жұқтырған 38,4 миллион (43,8 млн) адамның 1,7 миллионы (2,1 млн) 14 жасқа жетпеген балалар болыпты. Жалпы, АИТВ дертіне душар болғандардың көпшілігі, 54 пайызы – қыз балалар, әйелдер. Қазақстанда керісінше.
«Әрине, табиғи жағдайларда безгек масаларының шағуы арқылы берілетін плазмодиум (Plasmodium) тектес қарапайым қан паразиттері тудыратын инфекциялық аурулардан, мысалы, безгек-маляриядан планетада жылына бір миллиондай адам қайтыс болады. Бірақ безгек «ескі» эпидемияларға жатады, онымен күресу жолдары анықталған. ЖИТС эпидемиясы дамуын жалғастырып жатыр. Вирус мутацияға ұшырап, одан өлім-жітім де жылдан-жылға өсіп барады», – дейді еліміздің ЖИТС орталығының мамандары.
Қазақстандықтар неден сақтануы қажет?
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін адамдардың саны – шамамен 30 854. 2022 жылдың соңындағы жағдай бойынша таралу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 161,4 адамнан келеді. Бірақ бұл статистикаға АИТВ/ЖИТС-тен өлгендер, жасырын тексеріліп, аты-жөнін, тұрғылықты орнын көрсетпегендер, елде уақытша тұратын шетел азаматтары қосылмаған. Салдарынан, дертке ұшырағандардың нақты санын ешкім білмейді. Ведомство жұқтырғанын сезсе де, тестілеуден өтуден бой тасалап жүрген немесе ондай статусынан мүлдем бейхабар болып, ары қарай таратумен айналысатын адамдар болатынын жоққа шығармайды.
Ондайларды анықтауға тырысқан мемлекет түрлі шара қабылдап жатыр. Мысалы, 2020 жылғы 12 қарашада Қазақстан Үкіметі №758 қаулыны қабылдап, елде жүрген шетелдіктерге тегін тестілеуден өтуге жағдай жасады.
«Қазақстан азаматтарын, қандастарды, Қазақстан аумағында тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, босқындарды және пана іздеген адамдарды АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимді, құпия медициналық зерттеп-қарау және консультация беру қағидаларын» енгізді.
Алайда бұл тексеру бәрібір міндетті емес, ерікті түрде жүргізіледі. Мигранттар, мысалы, мобилизациядан қашқан ресейліктер бұл рәсімнен уақытша не тұрақты тұру ықтиярхатын алғанда бір рет қана міндетті түрде өтеді.
«Қазақстанда 2022 жылдың 10 айында АИТВ-инфекциясының 3 358 жағдайы тіркелді. Соның ішінде 110-ы – шетел азаматтары. Барлық жаңадан жұқтырғандар арасында еркектердің үлес салмағы басым: 66,9 пайызы ерлер. 2022 жылдың 10 айында тіркелген АИТВ жұқтырғандардың көбі – 30-39 жас аралығындағылар: үлесі – 34,5%. Салыстыра кетсек, 2021 жылдың 10 айында олардың үлесі 36,4% болған. 40-49 жастағылары – 29,6% (2021 жылғы 10 айда – 26,8%). 20-29 жас тобындағылардың үлесі – 16,5% (2021 жылғы 10 айда – 17,8%)», – деп мәлім етті Денсаулық сақтау министрлігі.
«Бұл негізі ауыз толтырып айтатын сома емес. Мұның сыртында кәсіби міндеттерімізді атқару кезінде ВИЧ-инфекция жұқтыру қатері жоғары. Қаншама медициналық қызметкер жұқтырып та алды. Мамандар вирусты зертханаларда зерттейді, инфекциялық ауру ошағына барады. Адамдарға ВИЧ-позитивті статусы барын хабарлау да психологиялық тұрғыдан аса ауыр. Мұның сыртында біз оларға кризистік консультация беруіміз қажет. Суыт хабарды әркім әрқалай қабылдайды. Сенбейді, жылайды, айғайлайды. Бірақ бұл бәрібір төбесінен жай түскендей әсер етеді», – деді Гүлжан.
Орталық мамандарына сырқатты өмір бойы әрі үздіксіз, антиретровирус терапиясын қабылдауға дайындау жүктелген. Бұдан бөлек, сыр тартып, тілдесіп, ол адамның тағы кімдермен жақын байланыста болғанын анықтауға міндетті. Нәтижелерге тұрақты мониторинг жүргізу деген – ол да бар. Яғни, индекстік тестілеуді жүргізуі, контактіде болғандардың жұқтыру тәуекелі дәрежесін анықтап тұруы, эмоционалды тұрақсыз, дискордантты жұптарды достық кабинеттеріне бағыттауы керек.
Мамандар халықтың белгілі бір топтары арасында, контингенттерде эпидемияның таралуын бақылап отырады. Соның аясында инъекциялық есірткіні тұтынатын нашақорларды, жезөкшелікпен айналысатындарды, гомосексуалдарды және трансгендерді, АИТВ-инфекциясын жұқтырғандарды аралау да соларға жүктеліпті.
«Бұлардың бәрінің арасында стационарлы немесе жылжымалы Сенім пункттері арқылы профилактикалық бағдарлама шараларын жүзеге асырамыз. Сенім пункттері арқылы немесе аралау барысында шприц, мүшеқап, сауаттандыру материалдарын тегін таратамыз. Контингенттен міндетті түрде экспресс әдіспен АИТВ-инфекцияға диагностика жүргізуіміз керек. Олардан пайдаланылған шприцтерін жинап алуға тиіспіз. Бұл науқастар көбіне өмірден түңілген, қит етсе, долданып, агрессия танытады. Үйлерді аралағанда қабаған итті шынжырынан босатып, айтақтап жатады. Абайламасаң, қолданылған шприцті ұсынып тұрып, созған қолыңа қадай салуы мүмкін. ЖИТС орталықтарының мамандары психологиялық, эмоционалды тұрғыдан ауыр жағдайда жүр. Кейде бордай егіліп, жылап аламыз», – деді орталық маманы.
Медицина қызметкерінің көзінше қолын тілетін суицидшілер кездесетін көрінеді.
Қынжылтатыны сол, Қазақстан солтүстік көршінің ақпараттық айдынына батып кетті, ал Ресей әлемдік астыртын ымыраласу теорияларын кең уағыздауда, оны тіпті Қазақстанға еркін таралатын ресейлік федералдық телеарналардан көрсетеді. Кесірлі теорияны жақтаушылар АИТВ/ЖИТС вирусының барына сенбейді, оны Америка ойдан шығарған деп есептейді екен. Салдарынан, маманның мәліметінше, сол теорияға сеніп, әлемге өшіккен бірқатар науқас өшін орталық мамандарынан алуға, соларға қасақана жұқтыруға тырысады, пышақ, басқа өткір, ауыр заттарды сілтейді. Атыс қаруынан оқ жаудырған оқиға да болыпты. Бұларды мамандар «диссидент» атайды екен.
Бұл жерде комиссиялық сапарлар кезінде түрлі есептік деректерді жинау үшін ЖИТС орталықтарының әкімшілік қызметкерлері де, волонтерлар да үйлерді аралауға қоса аттанатын болып шықты. Яғни олар да басын бәйгеге тігіп, ұстараның жүзімен жүреді. Еріктілерге ешқандай ақы төленбейді, ал орталықтардағы медициналық емес қызметкерлердің еңбекақысы соңғы 7 жылда елеулі өспепті.
Ғасыр індетінің емі табылмаған соң, вирус жұқтырғандардың өмірін өкініш пен қасірет торлап, өмірден баз кешуі, шадыр науқастардың сала мамандарына қарсы агрессиясы өрши түсуі ықтимал деген алаңдаушылық бар.
Бәлкім, әлемдегі ондаған миллион сырқаттардың үміт еткен, тіршілік дәметкен тілегі орындалып, ғалымдар ЖИТС-ті жоятын тәсілді табатын шығар.