Ғасырлық тарихы бар кеудеше
Ғасырлық тарихы бар кеудеше
1,050
оқылды
Тұтас Қазақ елінің тарихында ақтаңдақ болып күні бүгінге дейін нақты ақиқаты анықталмай келе жатқан қасіретті зұлматты репрессия ел көкейінен өшпек емес. Халықтың маңдайалды білімді азаматтарын түгелдей қырып, қуғын-сүргінге ұшыратқан сол бір аса ауыр кезеңде ақмолалық Жанайдар Сәдуақасов та болған еді. Күні кеше 125 жылдық мерейтойына орай «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінде өткен дөңгелек үстел барысында қайраткер тұлғаның өзі киген кеудешесі музейге аса құнды жәдігер ретінде тапсырылған. Азапқа толы сол күндердің үнсіз куәгеріне айналған киімнің ғасырдан астам тарихы бар болып шықты... Жанайдар Сәдуақасов 1898 жылы Ақмола губерниясының Ақмола уезінің Сарысу болысында (қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылы) дүниеге келген. Жастайынан білімі мен ұйымдас­тырушылық қабілеті елден ерек болған азамат қазақ жастары ұйымының жетекші­лерінің бірі болған. 1916-1918 жылдары – «Бірлік», 1918 жылы – «Жас қазақ», 1918-1919 жылдары – «Қазақ жастарының демократиялық кеңестері» ұйымдарына жетекшілік еткен. Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында жас та болса зор жауапкершілікті мойнына алып, халық комиссары, республика прокуроры, ҚАССР ОАК жауапты хатшысы ХҚК төрағасының бірінші орынбасары, «Жас қазақ», «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарған. Елдің білім, мәдениет және заңнама саласын дамытуға зор үлесін қос­қан арда азамат Кеңес заманындағы озбыр саясаттың құрбанына айналды. Өмірінің соңына дейін халқына қал­т­қысыз қызмет еткен азаматтың киген кеу­дешесі ұрпақтарымен ғасырдан астам уақыт бойы көздің қарашығындай сақталып келіпті. Бүгінде «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешенінің төрінен орын алған Алаш қайраткерінің кеуде­шесінің де тарихы тереңге кеткен болып шықты. Жанайдар Сәдуақасұлынан қалған жалғыз мұраның атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа тапсырылып, киімнің ғасырдан астам уақыт бойы өңін бұзбай сақталғанын немересі Перизат Құрманқызы көпшілік алдында майын тамызып тұрып айтып берді. Перизат апайдың айтуынша, кеуде­шенің тарихы сонау 1935 жылы Жанайдар Сәдуақасовтың жалғыз ұлы Рүстемнің дүниеге келген күнінен басталған. Қуғын-сүргінге ұшыраған Жанайдар Сәдуақас кеудешесін немересін көруге келген әкесіне сыйлық ретінде ұсыныпты. – 1935 жылы Жанайдар Сәдуақасовтың жалғыз ұлы Рүстем дүниеге келеді. Қуа­нышты хабарды естіген Жанайдардың әке­сі Сәдуақас Жалмақанұлы Арқадан Алматыға барады. Тұңғыш немересін көріп, мауқын басқан Сәдуақас 1-2 күннен соң қайтуға оқталғанда баласы Жанайдар үстіне киіп отырған құрым кеудешесін әкесіне сыйға тартады. «Әке, мына кеудешемді енді Сіз киіңіз. Суық өткіз­бейтін жақсы киім. Кішкентай немереңіз­дің қуанышына келген құрметіңізге сыйлаймын», – деп иығына жапқан екен, – дейді Перизат Құрманқызы. Ауылға келген соң Сәдуақас ұлы сыйға тартқан киімді көпшілікке көрсетеді. «Баламның берген сыйын Сізге сыйлай­мын. Сіз осыны киіңіз», – деп кеудешені Түсей деген құдасына сыйға тар­тыпты. Құдай қосқан құдасы ұсын­ған киімді қуана қабыл алған Түсей кеудешені киіп, біршама уақыт қолданады. Бірақ көп ұзамай, 1937 жылы Сталиндік репрессия басталып, қа­зақ зиялы­ларын тұтастай қамауға алу, жазалау ша­ра­лары басталады. «Халық жауы» деген жаламен Жанай­дар да, оның әкесі Сәдуақас та қамауға алы­нып, ату жазасына ке­сіледі. кеудеше «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кет­кен аласапыран заман­ның кейпінен қатты қо­рыққан Түсей ақсақал кеу­дешені Сәдуақастың от­басына қайта әкеліп тапсырыпты. Замана ызғарының жайын жүрегімен сезген Сәдуақастың жұбайы Сара Матай­қызы: «Шырақтарым, мына әкелеріңнің көзіндей болған киімге ие болыңдар, өздерің киіңдер», – деп кеудешені есейіп қалған ұлдары Сағынай мен Ырзыханға табыстайды. Кейін Сәдуақастың кенже ұлы Құрман есейген кезде оны ағасы Ырзыхан шақырып: «Бұл әкеміз Сәдуақастың ағамыз Жанайдардың үйінен алған сый – құрметі еді. Әкеміз бен ағамыздан айрылдық. Қазір мен мұны жұмысқа киіп жүрмін. Енді бұл киім өмірімнің соңына дейін менде болады. Егер мен өмірден озып кетсем, осы киімге өзің ие бол! Оны сақта, оның тарихын бала-шағаңа айтып отыр, ол ең қымбат ескерткіш, әкеміз бен ағамыздың көзі!», – деген екен. 1994 жылы Ырзыхан Сәдуақасұлы 84 жасында қайтыс болады. Содан кейін Құрман Сәдуақасұлы ағасының өсиетіне сәйкес кеудешені алып кетіп, бүгінгі күнге дейін өз үйінде көздің қарашығындай сақтап келіпті. 2023 жылы 21 ақпанда Ж.Сәдуа­қасов­тың 125 жылдығына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты мерейтойлық шарада кеудеше алғаш рет көрмеге қойылып, оны Құрман Сәдуақасұлы «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешенінің қорына салтанатты түрде табыс етілді. Қазіргі уақытта Жанайдар Сәдуақасовтың кеудешесі музей төріндегі аса құнды жәдігерлердің біріне айналған. Бүгінде «АЛЖИР» мұражайының қорында он тоғыз мыңнан астам жәдігер бар. Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Грузия, Израиль және Беларусь елдерінің қала­лары бойынша зерттеу іс-сапарларында жинақталған мате­риал­дар­дың ішінде түп­нұсқа мұрағаттық құжат­тар мен фотосуреттер, «АЛЖИР» тұтқындары Әзиза Рысқұ­лованың, Роза Цыпкина­ның, Клара Бронның, Софья Зильбер­бергтардың балаларына жазған хаттары мен өлеңдері, балалардың жазған естеліктері, басқа да заттай тарихи маңызы бар құнды жәдігерлер сақтал­ған. Аталған тарихи құнды­лық­тардың қата­ры­на Жанай­дар Сәдуақасұлы­ның да көзі болған киімнің қосылуы ұрпақ үшін мол ұлағат болары сөзсіз...

Ақмола облысы