Түрік әскері көрші Сирияның Идлиб провинциясындағы 40 нысанға зеңбірекпен соққы жасады, – деп жазады 24.kz.
Осылайша, Түркия өзінің жауынгерлеріне жасалған шабуылға жауап қайтарған. Бұған дейін осы провинцияда артиллериялық соққы салдарынан 4 түрік сарбазы мерт болғаны ресми түрде айтылған еді.
Тағы тоғызы түрлі жарақат алды. Олар өңірге атыс-шабысты болдырмау үшін жіберілген.
Алайда, ресми Анкараның мәлімдеуінше, Сирия әскері сарбаздардың қайда жүргенін алдын ала біле тұра, шабуыл жасаған.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Түрік әскері зеңбіректер және F-16 жойғыш ұшақтарының көмегімен соққы жасап жатыр. 40-қа жуық нысанға шабуыл жасалды. Салдарынан 30-35 сириялықтың көзі жойылды» деді.