Түркияның оңтүстік-шығыс жағалауында, Жерорта теңізінде Искендерун шығанағында магнитудасы 4,5 балдық жер сілкінісі болды. Бұл туралы ТЖ салдарын жою басқармасынан (AFAD) мәлім етті, – деп хабарлайды Анадолы.
Жерасты толқуы Түркияның Хатай провинциясында сезілген.
Зілзала жергілікті уақытпен сағат 23:49-да тіркелді. Ошағы 5,39 км тереңдікте. Эпицентрі Жерорта теңізінің Искендерун шығанағында орналасқан.
Жергілікті биліктің мәліметінше, зардап шеккендер мен қирау туралы ақпарат түспеген.
Еске сала кетсек, 6 ақпанда Түркияда 7,7 магнитудасымен жойқын жер сілкінісі болды.
Зілзала ошағы Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында орналасқан, тереңдігі – 7 шақырым.
Салдарынан Хатай, Газиантеп, Килис, Османие, Малатья, Адыяман, Шанлыурфа, Диярбакыр, Адана және Кахраманмараш провинцияларында көптеген ғимарат қирады.
Қазіргі уақытта зілзаладан 45 968 адам қаза тапқаны белгілі болды, оның 4 267-і – Сирия азаматы.