Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан: сыртқы саясат
Ғасырлар тоғысындағы Қазақстан: сыртқы саясат
1,295
оқылды
Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі сыртқы саясаттағы негізгі қағидаттарының бірі – оның көпвекторлы сипаты болды. Мемлекетіміздің сыртқы саясаттағы бағытының неге дәл осындай болғанын түсіндіріп жатудың өзі артық.  Ол үшін қазіргі заманның саяси картасына көз салсаңыз, жеткілікті. Еліміздің геосаяси жағдайы осылайша қиыннан қиыстырып жол табуға итермеледі. Қазақ мемлекеттігінің дәл қазір есеңгіремей ес жиып, өткенін түгендеп, тарихын таразылап, қайта түлеу дәуірін бастан кешіп жатқанын ескерсек, бұл жолдың дұрыстығына тағы бір көз жеткіземіз. Қазақ жерінің Ресей империясының қоластына «ерікті түрде енуінен» басталған сан ғасырлық езгі қазақ мемлекеттігінің өзгеріске ұшырап, нәтижесінде егемендігімізден іс жүзінде айырылуға апарып соққанын ұмытуға болмайды. Әрине, негізінен бұл Шыңғысхан империясы ыдырағаннан кейін Еуразия кеңістігінде болған саяси күйреулермен байланысты еді. Бұл үдеріс ұзаққа созылды, көптеген әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өзгерістер алып келді, қан төгілді, базбіреулер үшін нағыз қасіретке айналса, енді бірінің тарих сахнасына шығуына мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда Қазақстан саясат тарихындағы аса күрделі кезеңді бастан кешіп отыр. Бұл ел өміріндегі барлық салаға әсер етеді. Ең бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық ахуал жайлы айтуға болады, дегенмен, ауыр экономикалық дағдарысты бастан кешіріп көрген біздің елде шоғырланған тәжірибе де бар. Алайда, біздің қоғам дәл қазір халықаралық саясаттан жақсы үлгі алып отырған жоқ. Әсіресе Украинадағы әскери қақтығыс Қазақстан қоғамының көңіл-күйіне едәуір әсер етіп отыр. Мұның бір себебі, біздің қоғам сан алуан ұлт пен ұлыстан, түрлі дін өкілдерінен құралғандығы болса, екіншіден бәріміз де кеңес үкіметінің шекпенінен шықтық. Бұл оймен келіспеуге хақыңыз бар, күлемін десеңіз де өз еркіңіз, бірақ, қайткен күнде де біздің жетпіс жылдық тарихымыз ортақ. Ал енді біраз ой толғауға рұқсат етіңіз...
«Өткен өмір өтті: жақсы болды ма, жаман ба, одан қандай да бір сабақ алдық па, жоқ па – мұның бәрі енді маңызды емес». Бұл нақыл сөздің иесі – «Монтальондық данагөй» деген атпен тарихта қалған, әлемге әйгілі швейцар жазушысы Герман Гессе.
Өткен өмір өтті... Бұл шындықты жоққа шығару мүмкін емес. Бірақ, дәл осыған қарама-қарсы ой айтуға да болады: өмір өткен шақпен аяқталмайды. Бүгінгі ойымыз бен іс-әрекетімізді кешегі, алдыңғы күнгі тәжірибеміз қалыптастырды. Мұны мойындасақ та, мойындамасақ та, өткен шақтың маңызы еш жоғалмайды. Себебі, бүгінгі жүріп келе жатқан жолымыз өткен шақта басталды. Ал, болашақ ше? Өткен өмір өтті десек, келешек әлі келген жоқ деуімізге болады. Алайда, ол да дәл өткен шақ сияқты бүгінгі күнімізге әмір жүргізеді. Қазіргі таңда футурология бекерден-бекер сұранысқа ие боп отырған жоқ.  Әлеуметтік процестерді болжаумен шұғылданатын ғылымның бұл саласы халықтар мен мемлекеттердің «болашақтың тарихын» өздері қалағандай етіп қалыптастыруына ықпал етеді. Иә, келер күннің кейде күтпеген оқиғаларға толы болатынын тарих дәлелдегенмен, болашақтың негізі бәрібір бүгін қаланады. Украинадағы бүгінгі қасірет осы айтылған сөзімізге толық дәлел бола алады. Саясат үшін үш шақтың да маңызы зор. Саясатта жетістікке жеткісі келетін әрбір ел бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне көңіл бөлуден бөлек, өткен шақтан да сабақ алуы керек. Бұл бұрынғы кеңес үкіметінің құрамында болған елдердің, әсіресе, Еуразия құрлығының қақ ортасында орналасқан Қазақстанның тағдырына да тікелей қатысты. Сол себепті мемлекетіміздің сыртқы саясаты әу бастан-ақ өткен шақты мұқият саралауға құрылды. Дегенмен, өткен шақтан сабақ алу туралы түрлі пікірлер бар. Мысалы, Гегель «адамзат тарихтан ешқашан, ештеңе үйрене алмады» деп мәлімдеген. «Әлемдегі аласапыран оқиғалар кезінде осыған ұқсас жағдайларды еске алудан пайда жоқ, өйткені өткен шақтың естелігі осы шақтың еркіндігі мен өмірлік маңыздылығының қасында түкке де тұрмайды». Әрине, тек қана өткеннің елесімен өмір сүретіндер үшін бұл пікірдің жаны бар. Әдетте нақты саяси процесс басқа заңдарға бағынады. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз Қазақстанның саясаты - әрі өнер, әрі ғылым. Бүгінгі Қазақстан – егеменді ел. Бүгінгі Қазақстан – отыз жылдан бері жоспарлы түрде сыртқы саясатта әлемге танымал және құрметті ел болу бағытында жұмыс істеп, позитивті имидж қалыптастырып келе жатқан мемлекет. Бір дәуірдің адамдары әдетте айналада болып жатқан оқиғалардың ауқымдылығы мен маңыздылығын дұрыс бағамдай бермейді, бұған тарих куә. Дегенмен, көз жұмуға болмайтын жағдайлар бар. Дәл бүгінгі жағдай - халықаралық шиеленістің шегіне жете күшеюі, солардың бірі. Бұл шын мәнінде аса үлкен әрі ешкім күтпеген тарихи оқиға, адамзат мақсат-мүдделердің қатығысына ұшырап, «қырғи-қабақ соғыс» дәуірі қайта басталды, ақылды – ашу жеңіп, сананы – қорқыныш биледі. Әлем көз алдымызда бөлініп жатыр. Мұндай күрделі жағдайда «отты нүктелердің» қос тарапынан да бойды аулақ салып, шиеленісті тек мәмілеге келу арқылы шешуге болатынын түсініп, сыртқы саясатта дұрыс бағыт ұстанған мемлекеттер көп емес.  Қазақстан дипломатиясы бұл ретте қолдан келгеннің бәрін жасап бағуда. Біздің ұстанымымыз: «Әлем бөліп алуға келмейді». Қай құрлықта өмір сүрсе де, адам өмірі құндылығын жоғалтпайды. Демократиялық, әділ қоғам – бәріне ортақ болса деген мақсат бар. Мұндай ұстанымның негізінде халықаралық құқық пен БҰҰ жарғысын бұлжытпай сақтау жатыр. Қазақстанның бұл ұстанымын былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаев Петербург экономикалық форумында көрсетіп берді. Оның Ресейді насихаттаушы сыңаржақ жүргізушінің қитұрқы сұрағына тамаша жауап қатуы үлкен резонанс тудырып, халықаралық бақылаушылар мен дұрыс бағытты ұстанушылар тарапынан жаппай қолдау тапты. Президентіміз Қазақстанның ешқашан ДХР-ді де, ЛХР-ді мойындамайтынын айта отырып, Ресеймен тығыз қатынастан бас тартпайтынын да жеткізді. Бұл серіктестік, әрине, мемлекетаралық байланыстардың тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, халықаралық қатынастарда да тұрақтылыққа жол ашады. Бұл біздің сырқы саясатымыздың философиялық іргетасы. Кім не десе де (әсіресе сол Ресейдегі кейбір жылпос саясаткерлер) еліміздің Украинадағы жағдайға қатысты ұстанымы айқын. Шиеленіс келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешілуі тиіс. Сөйте тұра, Қазақстанның Украинаның территориялық тұтастығын қолдайтыны түсінікті. Халықаралық құқық бойынша, Украина халқы өз мемлекеттерінің тағдырын өздері ғана шешуі керек. Бұл баптан бас тартудың соңы жақсылыққа апармайтынына көпшілік көз жеткізді. Бірақ, бәрі емес... Әлемді аса ірі геосаяси және әлеуметтік өзгерістер күтіп тұр. Алайда, қалай болған күнде де халықаралық қатынастардың күрделі мәселелері зымыран және бомбаның көмегімен немесе тағы басқаша күш қолдану арқылы шешілмейді. Қазақстанның сыртқы саясаты осы бағытқа негізделген, оны біз ең биік саяси мінберлерден мәлімдеп те жүрміз. Басқа жағынан алып қарағанда, әлем бұдан кейін де өзгеріске ұшырай береді. Бұл – тарихтың бұлжымас заңы. Сондықтан, дұрыс бағыттағы ұтымды сыртқы саясаттың көздеген мақсаты – сол өзгерістерден мүмкіндігінше қиналмай өтудің жолын қарастыру. Дәл осы сыртқы саясат пен ішкі саяси процестердің, дәлірек айтқанда, халықаралық қатынастар мен өзгеріске түскен саяси-әлеуметтік өмірдің тоғысқан тұсында - халықаралық шиеленістің өртін басу жөніндегі саяси пікірталас ортаға шығады.  Қазақстанның сыртқы саясаты бірінші кезекте осыны көздейді және бұл мақсатын бірнеше рет нақты бастамалары арқылы дәлелдеді. 2022 жылдың қарашасындағы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясаттағы бұлжымас қағидаларына тағы бір тоқталып өтті: «Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғауға бағытталған теңгерімді және конструктивті сыртқы саясатын жүзеге асыруды жалғастырады. Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен, интеграциялық бірлестіктер жөніндегі серіктестермен арадағы өзара тиімді ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестік мәселелері басты назарда болады. АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен, Азия, Таяу Шығыс және Кавказ мемлекеттерімен, сондай-ақ басқа мүдделі елдердің барлығымен көпжақты ынтымақтастықты дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз». Қазақстан геосаяси үдерісте негізгі рөл ойнай алмайды. Бірақ, біздің еліміздің ұстанған бағыты – түсіністік пен сенімді арттыратын жолмен жүру. Бұл – оңай жол емес. Алайда, Жер бетіндегі барлық халықтар мен мемлекеттердің түп мүддесіне сай келетін жалғыз жол.

Тимур Серіков