Сенімді серіктестікке серпін берілді
Сенімді серіктестікке серпін берілді
469
оқылды
Жексенбі күні Қазақстанға АҚШ-тың Мемлекеттік хат­шысы Майкл Помпео ресми сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәрте­белі мейманды «Ақорда» резиден­ция­сында қабылдады. Мемлекет басшысы амери­калық дипломатқа ілтипат біл­діріп, екі ел ара­сында диплома­тиялық қарым-қатынас орнаған кезден бастап екіжақты ықпал­дастықты дамытуда мол табысқа қол жеткізілгенін атап өтті.
– Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы­лардың бірі болып мойындаған ел. Біз бұл тарихи фактіні үнемі есімізде ұстаймыз. Мемлекеттеріміз арасында көп­теген бағыт бойынша, оның ішін­де ядролық қаруды таратпау, халық­­ара­лық терроризммен күрес және эко­но­микалық ын­ты­мақ­тастық секілді са­ла­лар­да ты­ғыз қарым-қатынас ор­на­ған. ­Со­ны­мен қатар өзара ық­­пал­­дас­ты­­ғы­­мызды одан әрі дамыту мақ­сатында пай­да­лануға бола­тын әлеуетіміз де бар, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы кезінде АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездескенін атап өтіп, Америка көшбас­шы­сына өзінің сәлемін жолдады. Сондай-ақ Қазақстан Президенті амери­калық әріптесімен әлемнің кез кел­ген жерінде кездесуге дайын екенін, де­генмен бұл жүз­десудің Қазақстанда өткенін жөн санайтынын айтты. Айта кету керек, М.Помпео­ның қазақ еліне жұмыс сапары­мен келуі өте маңызды рөл ат­қарады, себебі АҚШ Мемлекет­тік хатшысы елімізге соңғы рет осы­дан бес жыл бұрын келген. Сон­дық­тан бұл сапардың Қазақстан үшін де, АҚШ үшін де маңызы үлкен. Ол жөнінде Қазақстан Пре­зидентімен кездесу бары­сын­да Майкл Помпео да айрық­ша тоқталып, Американың Ор­­талық Азияға қатысты жаңа стра­­тегия­сының негізгі ережелері ту­ра­лы мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев С5+1 (Орта­лық Азиядағы бес ел + АҚШ) диалогы форматының ма­ңызды еке­нін атап өтіп, 3 ақ­панда Ташкентте өте­тін кезекті оты­рысының табысты бола­ты­нына сенім білдірді. Тараптар барлық бағыт бойын­ша, оның ішінде сауда, инвес­тиция, IT-технология, демокра­тиялық құн­ды­лықтарды ілгері­лету және халық­аралық тер­роризмге қарсы іс-қимыл салала­рындағы екіжақты байланыс­тарды тереңдетудің маңызын атап өтті. Мемлекет басшысы Қа­зақстанда Ауғанстан бойынша ар­найы өкіл лауа­зымын ашуға ниетті екенімізді айтты. АҚШ-тың сыртқы саяси ведом­ство­сының басшысы Қазақстан Президентіне қонақ­жайлылық көр­сеткені үшін ал­ғы­сын айтып, екі елдің эконо­мика, халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бағыт­та­рында дәстүрлі әрі сенімді серік­тестік қалып­тасқанын жеткізді.
– Біздің экономикалық бай­ла­ныс­­тарымыз өте жақсы. Екі ел ара­сында тікелей әуе қаты­насын ашу мүмкіндігі қарас­тырылуда. Энергетикалық ба­ғы­т­тағы ын­ты­мақтастықтан бө­лек, басқа да салалардағы байла­ныс­тарды өркендету үшін әлеуе­тіміз зор. Пре­зидент Дональд Трамп сізге сәлем жол­дады. Бүгін осын­да өзіңізбен кез­­дескеніме қуаныш­тымын, – деді Майкл Помпео.
Сондай-ақ америкалық дип­ломат Қазақстанның «Жусан» операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс ай­ма­ғы­нан өз азаматтарын қай­тарып ал­ғанын жоғары бағала­ды. Елі­міздің Ауғанстанда бейбіт­шілік орнатуға, оның экономи­касы мен адами әлеуетін күшей­туге қосқан үлесіне тоқталды. Майкл Помпео Қазақстанда қолға алынған саяси реформалар жайында да жылы пікірін айтып, оның іске асуына сәттілік тіледі. Сонымен қатар тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Майкл Помпео Әуе қатынастары туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын құптады. Атал­ған құжат «ашық аспан» қағи­даттарына жауап береді, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасында тұрақты әрі тікелей әуе рейсін ашу үшін құқықтық негіз қалады.