Алматыда әйелдер форумы өтті
Алматыда әйелдер форумы өтті
Фото: Марат Жүнісбеков
728
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Жаңа Қазақстан және жасампаз әйелдер» атты форум өтті. Іс-шараға университет басшылығы, шетелдік қонақтар, оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлер қатысты. Форумды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, әйелдер қауымын көктем мерекесімен құттықтады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Қыз-келіншектер еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсене атсалысуда. Өскелең ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беру ісінде әйелдер айрықша рөл атқарады» деп атап өтті. Мемлекет талантты, талапты әйел-аналардың дамуына жан-жақты жағдай жасап келеді.Сондықтан ғылым және жоғары білім саласындағы әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейтіп, ұдайы қолдау көрсетуді біз де жалғастыра береміз», – деді университет ректоры.
Оның айтуынша, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамының 68 пайызын әйелдер құрайды. Оның ішінде 347 ғылым докторы, 572 кандидат, 1 ҚР ҰҒА академигі бар. Форум барысында Румынияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мэдэлина Лупу сөз сөйлеп, елшіліктің және өз атынан ҚазҰУ аруларын құттықтады.
«Біз Румыния мен Қазақстан арасындағы екіжақты дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығын атап өттік. Өткен жылы пандемияға қарамастан, бірқатар маңызды бірлескен іс-шара  өткізгенімізге қуаныштымыз. Екі елдің арасындағы қатынасты дамыту мақсатында көптеген іс-шара ұйымдастырылды. Мәселен, Астана қаласында өткен сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Румыния үкіметаралық комиссиясының 16-отырысы өткізілді. Оның аясында Румыния Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан арасында Конвенцияға қол қойылды. Сіздермен бірге мерекені атап өтіп жатқаныма қуаныштымын. ҚазҰУ мен Румыния жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Алдағы уақытта серіктестікті одан әрі дамытуға дайынбыз», – деді елші.

Мерекелік концертте эстрада әншілерімен қатар университеттің талантты студенттері мен оқытушылары өнер көрсетті. Концерттік бағдарлама соңында көрермен «Ана туралы жыр» әнін шырқады.

Алматы