Көрісуден басталар киелі күн
Көрісуден басталар киелі күн
1,425
оқылды
Наурыз айы ертеден халық үшін ерекше бір сезімге бөлеп, жаңа өмірге серпілтер кезең секілді. Оның тарихын, мәнін қазбалай берсең, таусыла қоймас қазынадай. Соңғы жылдары Наурыз мейрамы түрленіп, маңызы арта түсті. Жыл сайын еліміздің батыс облыстары Наурыз мейрамын тойлауды ертерек бастайтынын білеміз. 14 наурызда өтетін Амал мерекесін меңзеп отырмыз. Бірі білсе, бірі біле бер­мейтін атаулы мере­кенің түп қазығы берік. Түптеп кел­генде халыққа ортақ құндылықтардың бастауы. Осылайша, Көрісуден Наурызға дейін кезеңді бір аралап қайтамыз. Күнтізбеден көне дерекке дейін Әлқисса, бұл мереке туралы ғалымдар пікірі әрқилы екенін жиі естиміз. Көрісу күнін зерт­теп, зерделеп жүрген ғалымдар­дың кейбірі бұл күнді геогра­фиялық ерекшеліктермен бай­ланыстырса, кейбірі Наурыз мей­рамының алғашқы кіріспесі ретінде қабылдайды. Ал кей ға­лымдар бұл дәстүрдің шығу төр­кінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады. 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолда­нысқа енгізді. Бірақ алдыңғы­сымен айырмашылығы 13 күн болған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күн­тізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі бас­шылыққа алса 1 наурыз 14 нау­рызға тап келеді екен. Ол – жыл­басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған. Де­ген­мен Көрісудің тарихын күнтіз­бенің ауысуынан іздеуге негіз жоқ. Көрісу күні, яғни Амал ме­рекесі Атырау, Маңғыстау, Ақ­төбе, Батыс Қазақстан өңір­лерінде атап өтіледі. Дегенмен тек батыста тойланады деу жаң­сақ пікір. Шынында қонақжай қазақ халқына ортақ ежелден келе жатқан көктем мерекесі. Бұған қазір тереңдей түсеміз. Мерекенің шығу тарихы анық болмағанымен, негізгі мәні көпке аян. Жалпы, бізге жақсы таныс Наурыз мейрамы­нан бұрын басталатын Көрісуге қатысты түрлі жорамал да же­терлік. Күнтізбені былай қой­ған­да, «еліміздің батысында ауа райы жылы болғандықтан көк­тем ерте келеді» деп түсіндіруге тырысатындар бар. Алайда Амал мерекесін ертеден тойлататын Батыс Қазақстан облысының қысы қатты екенін, сәуір өтпей қар кете қоймайтынын ескерсек, бұл мерекенің ерте өту себебін ауа райының әсерінен деп топ­шылауымыз жаңсақтық. Көрісу мен Наурыздың бай­ланысын іздегенде алдымыздан «Қазақтың этнографиялық ка­тегориялар, ұғымдар мен атаула­рының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиясы шықты. Осы кітаптан аталған мейрамдарға қатысты көптеген деректерді кездестіре аласыз. Наурыз – ерте заманда отырықшы иран тілдес халықтарда қалыптасқан, егін­шілік ғұрыптарымен байла­нысты мейрам саналатынын онсыз да көп оқыдық. Күн мен түннің теңелуіне негізделген, яғни, қыс қайтып көктемнің келуі, табиғаттың тірілуімен шен­дестіріліп, егін егу науқа­нының басталуымен түсінді­ріледі. Уақыт өте келе Наурыз мұ­сылман түркі елдерінің «Ұлыс­тың ұлы күні» деген ма­ғынада төл мерекесіне айнал­ғаны жазылған. Көне заманнан бері Наурыз күн мен түннің теңелген уақытында, яғни, жа­ңаша наурыздың 22-сінде (ес­кіше наурыздың 9-ы) жыл басы ретінде тойлап келе жатқан ай­тулы мейрамы. Бағзы бір замандардан дей­тініміз, Наурыз мейрамымен байланысты айтылатын аңыз-әпсаналар, мақал-мәтелдер, бата-тілектер, наным-сенімдер, салт, ырым-жоралғылар атаулы ел ішінде аз кездеспейді. Мұндай тілдік деректердің аса мол болуы Наурыз мейрамының әлеу­мет­тік-мәдени маңызының аса зор болғанын, тарихының өте те­реңде екенін көрсетеді. Амалдар наурыз айында басталады. Амал деп отырғанымыз, кәдімгі әре­кет, еңбек ету, жұмыс істеу. Жыл аяғында, яғни, наурыз айының 17-21 күндерi аралығында бо­латын жауынды-шашынды, суық, әрi лайсаң мезгiл бесқо­нақтан қатты сақтанып отырған. Самарқанның көк тасы жiбитiн күн деп Наурыз айының 22-ін айтатынын жақсы білеміз. Бұл күні Шығыс күнтiзбесi шығыста күн жылып, жер жiбiп, ашық, шуақты мезгiлдер басталатынын хабарлайды. Жаңа айдың туа­тынына дейінгі бір-екі күн мен «кеміген» айдың аспаннан екі күндік жоқ болып кету мерзімін қазақ өліара атаған. Осы арқылы алдағы айға болжам жасалады. Наурыз айының соңғы күнде­рiнде жыл құстары да ұшып келе бастайды, аралас қарлы жаңбыр, суық жел тұрады. Мұны ел құс қанаты деп атап тағы сол амалға жатқызған. Міне, осылайша өза­ра іргелес ұғым күйіне еніп, ха­лық тілінде кейде амалдың аты­мен айдың атын немесе айдың атымен амалдың атын атай берген. Наурыз айының әсіресе ал­ғашқы он күні халық тілінде түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз; ая мейіз алты күн, қырына алса қатты күн деп сипатталады. Қар күрт еріп, жер лайсаң тар­тып жатқанмен, артынша-ақ алай-түлей қар борап аласа­пыран болып кетеді. Наурыз айының 10-15-терінде өтетін бұл амалды халықтық метеоро­ло­гияда отамалы атайды. «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қар­ға келсем, қар әкетемін» де­ген отамалының серті бар дейді есепшілер. Сарышұнақ та інінен шығатын күн. Наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңе­седі, яғни, Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле ор­наласады. Есепшілер жұлдыз­дар­дың теңесуінен күн мен түн­нің теңелуін байқаған екен. Жаңа күннің жарығы мен жылуы қытымыр қысты ығыстырып, жер бетін жылылық жайлап көк қаулайды. Күн өткен сайын Күн белдеуі жоғарылай түседі. Есеп­шілер наурыздың келгенін күн мен түннің теңелгенін жан-жануарлардың қылығынан да байқайды-мыс. Қазақтың Батыс өлкесінде Наурыздың 14-інде сарышұнақ інінен шығады, күн суық болса, ін аузынан ұзамай­ды, күн жылы болса, ұзағырақтау жерге шығады. Ал тасбақа күн мен түн теңелгенде інінен аузы­на шөп тістеп шығады. Шөптің аты мәриям шөп деп аталады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген сенім бар. Егіншілер жағы дән себетін егіс­тік жерін баптап, тоған, арық-атыздарын тазалайды, атыздағы көтермелерін топырақ үйіп жа­ңартады. Саятшылар құс сал­май­­ды, аңшылар аңға шықпайды. Сегіз күннің сәні Қазақ тарихындағы айтулы ұлы тұлға, этнограф-ғалым Мәш­һүр Жүсіптің Бұхар жұрты­нан келтірген дерегінде күн мен түн теңелгенде, балық аунап тү­седі. Кейбір елдерде күн мен түн­нің теңелгенін осы құбы­лыстан байқайтын көрінеді. Жиырма тоғыз жасында Бұхарай шәрифте болған Мәшһүр Жүсіп өзі байқаған жайын: «Наурыз­дама той қылатұғын жұрттың патшалары тірі балықты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көптің алқасына қой­дырады. Отырған көп әлеу­мет сол балықтарға көздерін тігіп қарап отырады. Бір мезгілде балық біткен бірі қалмай теп-тегіс шалқасынан жата қалады. Қарындары жарқырап, лезде ба­лықтар аунаған жағынан екін­ші жағына қарай аунап түседі. Сонан соң патшалар барабан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жа­ңа жыл тойы!» деп жазады. Енді бір сөзге үңілсек, «тура сегіз той­ланады» деп жазылған, де­мек, дәл осы кезең шамалап қа­расақ 14-22 наурыз арасын­дағы санды көрсеткендей. Дәмге үлкен мән беріп, кие-қасиетін ерекше бағалап қадір­леуге байланысты халықтық түсінік бойынша әр ел арасында бір тайқазан болғаны туралы деректер бар. Мереке, мейрам­дардан тыс уақыттарда да қандай да бір ерекше оқиғалар кезінде қазан, тайқазандар жосын-жо­ралғылық қызмет атқарған. Қа­занның наурыз мерекесі кезінде де жосын-жоралғылық мәні арта түседі. Яғни, ілкіде әр үй өзінің 7 түрлі тағам қосып, пісіріп әкелген көжелерін ел игілігі, құт-берекесі саналатын қазанға құяды. Қазаннан қайтадан та­ратылып, жиналған халық бо­лып бір мезгілде ішіп-жеп, түрлі шараны атап өткен. Ол береке-бірліктің, татулықтың нышаны болып саналатын ғұрыпқа бай­ланысты атқарылатын. Осы дәстүр бойынша бір ауылдың, туысқандардың әкеліп қосқан ортақ дәмінен әзірленген көже­сінің тағы бір атауы ретінде «көпкөже» сөзі айтылады. Ел ішіндегі аса бай, дәулетті адамдардың наурызды той қы­лып өткізуі наурыздама аталған. Наурыздама тойы бір аптаға созылып, сегізінші күні тойға келгендер тарай бастайды. Арқа еліндегі дәулетті Тәти наурыз­дама тойын өткізген деп, арғын­ның атақты биі Едігені жүз кі­сісімен күткендігі жөнінде Мәш­һүр Жүсіп жазбаларында мы­надай дерек бар. «Сіз бір жақ­тан бір жаққа бара жатқан жо­лаушы емессіз, әдейін наурыз­дама қылдыра келдіңіз! Ұдайы­мен сегіз күн қылмаған соң, мұ­ның қылуға не сәндігі бар?!», – деп сегіз күн күтіп, сыйлап, бір күнінен бір күнін асыра беріпті. Наурыз мейрамында тағы бір маңызды дүние – кешірім сұрау. Мұның өзі жүректі таза ұстау, кір шалдырмаудың халық ұғымында соншалықты маңызды екенін көрсетеді. Біз атаған кітапта Кө­рісу – Ұлыстың ұлы күні атқа­рылар салттың бірі аталған. Эти­кет бойынша жасы кішілер алдымен үлкен шаңыраққа ба­рып, жасы үлкенмен көріседі. Үлкен адамның ұсынған қолын қос қолдап, сыртынан аялап алып, төс қағыстырып аман­да­сады. Әйелдер құшақ жайып амандасады. Қазақ елінің батыс өлкесінде Маңғыстау, Атырау жағында бір үйдегі жандар Ұлыс күнгі таң ата ұйқыдан тұра са­лысымен бірін-бірі құшақтап көрісетін ғұрып ілкіден бар. Ал алыстағы ағайын, жегжат-жұра­тымен Наурыз айының ішінде, не болмаса келесі Наурызға қал­дырмай, «Көріспесең – жат, бар­масаң – ұят» деп көрісуді қа­таң ұстанған. Наурызда ақса­қалдар бата беріп ізгі тілектерін айтады. Наурыз мейрамы Бұл айдың киелі бағаланғаны сонша, Наурыз мейрамы қарса­ңында туған төлді ерекше қас­тер­леп, наурызтөл атаған. Ол кө­бі­несе қозыға қатысты айты­лады. Көшпелі ортада ертеде ерте көктемде алғашқы туған ұр­ғашы қозылардың арасынан түсі келіскен, енесі өсімтал деп саналатын біреуі көгенбасы ре­тінде таңдалған. Түптөркіні мал басының көбеюіне байланысты туған бұл жорада наурызтөлдерге таңдау түседі. Өйткені қазақ жерінің табиғи-климаттық ерек­шелігіне байланысты көп өңір­лерде малдың жаппай төлдеуі күн мен түн теңескен, аяздың беті қайтқан шаққа тұспа-тұс ке­леді. Қазақы ортада наурыз­төлді ерекше күтіп қастерлеп, бөгдеге сатуға, тарту етуге жол берілмеген. Мұндай малды көбі­несе өз қызығына бағыттап, то­йына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді. Амал деген айымыз Маңғыстау өңірінде Амал мерекесіне қатысты аңыздар басқаша өрбиді. Бұл мейрамға ерекше құрметпен қарайтын адайлар Маңғыстау түбегіндегі қыстауына қонғанда көктем ерте келіп, дәл осы 14 наурыз күні жай­лауға қайтып келген екен делінеді. Жақсылықтың құрме­ті­не балаған жұртшылық содан бері Амал мерекесін тойлап бас­тапты. Осы секілді көне әңгі­ме­лер легін тізе берсек дастан құ­рауға тұрарлық. Дегенмен Амал мерекесін ел болып тойлауда этнограф мамандардың пікірі құндырақ. – Жалпы, Наурыз мейрамы дегенде «Әз Наурыз» сөзінің төр­кініне үңілгеніміз жөн. «Әз» сөзі қазақта адамға қарата ай­тылғанда сыйлы, мәртебелі де­ген мағына береді. Сондай-ақ «Әз амалы» деген сөз де бар. Күн мен түн теңелгенде Әз күні бол­ды дейміз. Батыс өңірлерде 14 наурыз – Әз амалы болып есеп­теледі. Ежелгі Нұқ пайғамбар за­манындағы риуаяттарда 14 наурыз бен 24 наурыз аралығы көктің есігі ашылып, көктем ке­летіні жазылған. Осы күндер ара­лығында қазақ халқы әр үйді Қыдыр ата (бақ) аралап жүреді деп иланған. Наурыз көжемізді ол заманда «Тілеу көже» деп ата­ған. Ауыл адамдары әр үйге қо­наққа барып, төс қағыстырып, бір-біріне тілек айтқан. Сон­дық­тан 14 наурызда Амал мере­кесін тойлатудың артығы жоқ. Көктем мезгілі қонақтай бастай­тын сәт дәл осы күн болып тұр, – деді этнограф Болат Бопайұлы. Мифологиялық таным мәні Бұл тұстағы Қыдыр ата мен наурыз көженің өзінен бөлек тақырыптың ұшын шығаруға болады. «Қазақтың этногра­фия­лық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедияда екі ұғым­ның тығыз байланысты екені жазылған. Қыдыр ата – халық­тың байырғы мифологиялық танымында адамға ырыс, құт дарытатын, көксеген тілегін орындайтын, қысылып-қинал­ғанда дем беретін, қауіп-қатер­ден құтқаратын әулие ретінде түсіндіріледі. Ел түсінігінде Қы­дыр ата елеусіз жанның, қарт адамның, мүсәпір жанның, арып-ашқан жолаушының кей­пінде көрінуі мүмкін. Содан Қыдыр ата шырақ жаққан жерге келеді деп, Ұлыс­тың ұлы күні Наурызда жұп шы­рақ жағатын болған. Ондағысы, бақ қонып, Қыдырдың назары дарысын деген пайымдаудан. Ұлыстың ұлы күні Наурызда ақ­сақалдардың қол жайып, «Бө­денедей жорғалап, Қырғауылдай қарғалап, Қыдыр келсін қасыңа. Осы тұрған боз үйге, Қыдыр ата дарысын!» деп айтатыны да бе­кер емес. Ел ішіне таралған аңыз­дардың бірінде Қыдыр ата төрт түліктің берекесін беруші бейнеде де көрінеді. Аңызда «Ер­теде жыртық үйлі бір кемпір-шалдың үйіне қонған Қыдыр ата «ертең күнбатыстан күншығысқа қарай қалың мал шұбап өтеді. Сол малдарға шамаларың кел­генше ен салып алыңдар. Ен сал­ған малдың бәрі сендердікі болады, ал ен салынбаған мал айдалаға кете береді» деген екен деседі. Енді бір аңызда Қыдыр ата егіншіге Диқан баба бейне­сінде ұшырасатын көрінеді. Жаз жауынды болмай, құрғақшы­лық­қа ұшыраған егін жөнді шық­паған диқанның қырманы тым қораш болып, үйелменінің жылдық азығына жетпейтін­діктен көңілсіз күйде отырады. Сол кезде сонау жерден келе жатқан ақсақалды, ақ таяқты бір қарт кетіп бара жатып, Қырман қызылды болсын, Қыдыр дары­сын деп, таяғымен нұқиды. Егін­ші «қырманның түбі көрініп жатқанда, несіне дарысын?» дейді екен. Әлден кейін қараса, қырманы қызылға толып, мол астықтың астында қалады. Қыр­мандағы қызылды әлгі егінші ауылдастарымен бөлісіп, ауыл аймағы аштықтан аман қалып­ты. Содан бері егіншілер жерге дән сепкенде, «Менің қолым емес, Қыдыр бабаның қолы» дейді. Яғни, Қыдыр ата түсінігі кез келген жерде бақтың, ырыс-несібе мен молшылықтың, сәт­тіліктің иесі саналады. Бұдан не ұғамыз? Наурыз жыл басы деп отырмыз, демек, адамдар келген жылдан жақсылық күтетінін осы арқылы ымдаған тәрізді. Ұлыстың ұлы күнгі Қыдыр түні қара қазанның түбі бос бол­масын деп, май тамызып, үйдегі ыдыстарға сүті бар, айраны мен уызы бар, ағарған атаулыны құйып қояды. Қайсыбір ыдысқа бидай, арпа, сұлы толтырып, ба­қырға бұлақ суын толтырады. Бұл жоралғы жыл бойы мол­шы­лық болсын деген тілеуді аңғар­тады. Наурыздың 21-інен 22-сі­не қараған түні молшылықтың жоралғысы ретінде әрбір шаңы­рақта міндетті түрде қазан толы наурыз көже әзірленеді. Дәстүр бойынша наурыз көже қыстан арнайы сақталған соғым еті, оған бидай, тары, арпа дақылда­ры қосылады. Наурыз көже кем дегенде жеті дәмнен жасалады. Су, тұзды да дәмге қосады. Нау­рыз көже құрамы жеті түрлі дәм­нен артық та болады. Бір анығы, дәм тақ сан түрінде болуы тиіс. Өйткені наурыз «береке, бірлік» идеясын білдіреді де, тақ бөлін­бейтін, «бірлік саны» ретінде ұғынылады. Қыстан қалған, нау­рызға деп қап түбінде сақтал­ған соғым еті қыстың дәмі деп ұғынылса, ал ең соңында наурыз көжеге қосылатын ағарған келер жаздың дәмі саналады. Жасы үлкен ауыл, ел, әулет, әулет қа­рия­ларының кейбірінің аты Нау­рыз, Наурызбай болса, ке­ліндер жағы эвфемизммен көп­көже, тілеукөже деп атайды. Наурыздың негізіндегі құндылық Сонымен, Көрісуіміз бар, Наурызымыз бар, осы бір амал кезеңі атайтын болсақ, қазір осы күндердің бізге берері не? Ал­дымен Наурыз мейрамы халық­тың санасына маңызды дата есе­бінде сіңісіп үлгерді, өзге атау­лы күндердің ешбірінен кем тойланбайтынын айтқан жөн. Ендігі мейрамның мәні жалпы­халықтық сипатқа ауып, біз көп айтатын бірлік пен берекенің негізін қалаушысына айналуы тиіс. Ол үшін тағы да маңызын арттырар қосымша мән жүктеген дұрыс тәрізді. Бұл тұста бірнеше дүниені алға шығаруға болады. Мәселен, біріншісін жақындас­тыру деп алайық. Қазір ел-жұрт көрші мен туыстың арасы бұ­рын­ғыдай жақын емесін айтып жатады. Бұл күні ертедегі көш­пенділер ескі киім-кешек пен көнерген заттарын өртейтін бол­ған. Үй ішін әсемдеп, алдағы мен арттағы, оң жағы мен сол беткейде отырған қырық үйге дейін бас сұққан. Дастарқанға төрт түрлі дәнді дақыл қойылып, ел ырысы тасығанын тілеген. Енді қараңыз, осы жерден екін­ші құндылық шығады. Жаңағы суреттеуімізге үңілсек, құдды қазір біз тойлатып жүрген жаңа жыл мейрамы іспетті. Әлемде датасы бөлек өзіндік жаңа жыл­дарын тойлайтын елдер бар. Қазіргіні кері теппесіміз белгілі, бірақ екеуінің де өзіндік мәнін сақтауға болатындай. Бұл пікірді құптаушылар жетерлік. Мысалы, этнограф Жамбыл Артықбаев түбі қазақтың жаңа жылы наурыз айында тойлану керегін біраз бері айтып жүр. – Наурыз мерекесі неолит дәуірінде, яғни тас дәуірінде, біздің заманымызға дейінгі 7-6 мыңжылдықтардан бері бар. Бұл мереке жайлы қажет десеңіз көне адамзат аңыздарында, Ін­жілдегі Нұқ пайғамбардың оқи­ғасында да айтылады. Діни мей­рам дегені желеу ғана, Кеңес Одағы заманында ұлттық бол­мысқа қарсы күрес қатты жүрді. Сол себепті дінді сылтау етіп ұлт­тық болмыстан айырды. Нау­рыз – салт-дәстүрді түгендеу емес, тірілту. Бұрын да айтып келдік. Амал мерекесін өз басым құптаймын. Бұл тұста батыс өңірін бөлудің қажеті жоқ. Амал – қазаққа ортақ той. 14 наурыз бен 22 наурыз арасы – көктем қонақтайтын шақ. Яғни, жер дүниенің жаңарар сәті. «Наурыз­дың келгенін судағы балық та сезеді» деген сөз бар. Самарқан­ның көк тасы жаңа жылда жібиді деген – осы, – дейді тарихшы-этнограф. Қалай алсаңыз да, амал айы­мыз халықтың жаңа тынысын ашып, серпілуіне рухани тұр­ғыдан дем беретін кезең. Бір­лікке ұйытар мерекенің көп­тігінен керегеміз нығаймаса, құлап қалмасы анық. Аңғар­ғанымыздай, Көрісу мерекесі мен Наурыз мейрамы – екі бө­лек қуаныш, әйтсе де ұйытар игі ісі мен айтары бір. Алғаш­қысы, байырғы бабалар иланып, көне аңыз айғақтаған жаңа жыл бол­са, екіншісі күн мен түн те­ңес­кен, жер жібіген киелі шақ.