Әйгілі актер Брюс Уиллис өзінің цифрлы образын ресейлік Deepcake компаниясына сатты. The Telegraph басылымының жазуынша, қазір артист афазия дертінің себебінен кәсіби мансабын аяқтады. Десек те, көрермен алдағы уақытта Брюстің цифрлы сыңары түскен туындыларға көзайым болмақ.
Deepcake компаниясы актердің цифрлы көшірмесін пайдаланып, алғашқы жарнама ролигін түсіріп те үлгерді. Танымал комик Азамат Мұсағалиев екеуі ойнайтын байланыс тарифінің комедиялық жарнамасының озық технологиялы болғаны соншалық, көріп отырып, шын һәм цифрлы образдың аражігін ажырата алмайсың. Брюстің өзі де бұл роликтің сапасын жоғары бағалап, шығармашылық ұжымға өткенге оралу мүмкіндігін сыйлағаны үшін алғысын білдірген болатын.
Әлемдік киноиндустрия цифрлы сыңар жасау мүмкіндігін, яки DeepFake технологиясын жиі әрі ұтымды пайдалана бастады. Марқұм артистерді тірілтіп, компьютердегі көшірмесін жасаған мысалдардың өзі жетіп артылады. Бұрындары түсірілім барысында бақилық болған актердің орнына картинаны аяқтау үшін ұқсас артист іздеп, я болмаса бұрын түсірілген кадрларын жинақтайтын. Жол апатынан қаза тапқан атақты Пол Уокердің «Форсаждың» жетінші бөлімін аяқтай алмағаны есімізде. Режиссер Джеймс Ван картинаны толық бітіріп, көрермен назарына ұсыну үшін Полдың бауырларына өтініш айтты, мамандар компьютерлік графиканың көмегімен актердің цифрлы жүзін жасап, дублер болған інілеріне байлаған еді. Осылайша, «Форсаж-7» Полдың қатысуымен аяқталып, көрерменнің ықыласына бөленді. Көрермен шығармашылық ұжымды Полмен қоштасуға мүмкіндік бергені үшін алғыстың астында қалдырды. Әйтсе де, Джеймс Ванның өзінің нәтижеге көңілі толмады, Коди және Калеб Уокерлер CGI технологиясының көмегімен Полдың түр-сипатын сомдай алғанымен, кейіпкердің табиғатын аша алмады деген пікір айтты. Соның себебінен режиссер көп сахнаға марқұмның мұрағаттағы кадрларын пайдаланған еді.
Ал бүгінде технологияның қарыштап дамығаны соншалық, марқұм болған актерлердің түр-сипаты жағынан ұқсас туысын іздеп әуре болмайсың. Компьютерге тапсырма берсең болғаны, артисті кез келген тілде сөйлетіп, әртүрлі рөлде көре аласың. Осыдан он шақты жыл бұрын технологиялық деңгейге белгілі бір кедергілер һәм кемшіліктер болған. Мәселен, 2016 жылы көрермен назарына ұсынылған «Изгой-Один: Звездные войны. Истории» картинасы Питер Кушингтің цифрлы сыңарын сәтсіз жасағаны үшін Disney студиясы сынның астында қалған болатын. Таркиннің (фильмдегі Кушиннің кейіпкері) фанаттары марқұм болған актерді қайта тірілткені үшін наразы болған жоқ, актердің сыңарының шынайы емесін сынады. «Мадам Тюссо» музейіндегі манекен тірілгендей» деген мазмұндағы сыни мақалалар көп жазылды. 1994 жылы қайтыс болған Кушингтен ұрпақ қалмаған, әйелі де ертеректе көз жұмған. Актердің фанаттары Disney-дің бұл әрекетін марқұмның рухын қорлады деп қаралап жатса да, атақты компаниямен заң жүзінде есеп айырысатын ешкім болмады.
Одан бері біршама уақыт өтті. Технология жыл сайын жаңалық ашып, күн сайын қарыштап дамып келеді. Кинотанушылардың болжамынша, артистің цифрлы көшірмесін жасау мүмкіндігі болашақтағы фильмдердің өндірісі 80-90 пайыз компьютерлік графиканың көмегімен жүзеге аспақ. Расында, кинематографияда 3-4, тіпті одан аз актердің қатысуымен түсірілетін туындылар жетерлік. Енді ойлап қараңыз, бір фильмде сондай 3-4 актердің бәрінің цифрлы сыңары ғана ойнатын болса, толыққанды кино жасау үшін технология ғана жеткілікті болмай ма? Бүгіннің өзінде өндірісінің басым бөлігін компьютерге тапсырған фильмдер баршылық. Жақында ғана көрерменге ұсынылып, көңілінен шыққан «Аватар-2» туындысының 60 пайызының жұмысы студияда компьютерлік графиканың көмегімен, тек 40 пайызы дәстүрлі форматта түсірілген. Режиссер Джеймс Кэмерон жаңа технологиялардың мүмкіндігі мидағы шекараны бұзуға септесе алғанын айтып, аталмыш туындыны ең жоғары технологиялы фильм деп бағалаған болатын, тіпті киноға «болашақтан келген өзге ғаламшарлық» деген баға берді. «Аватардың» техникалық өндірісіне жауапты Роб Легато виртуалды камераның протипін жасай алды. Performance Capture деген атау алған технология арнайы камераны белгілі бір актерге бағыттасаң, монитордан актерді емес, «Аватар» кейіпкерін көруге мүмкіндік берді. Түсірілім барысына «фьюжн» қосымшасы бар тағы бір жаңа камера көмектескен. Оның көмегімен бір уақытта екі картинаны қатар түсіруге мүмкіндік туған. Құрылғыны қолға ұстап, яки иығына қойып қимылдай беруге болады. Ал компьютерлік графиканың мүмкіндігі актерлерді гримдеу қажеттігінен құтқарған. Кэмерон 1994 жылы «Титаникті» түсіру кезінде-ақ бұл фильмге 80 беттік сценарий жазған, алайда режиссер айтып отырған мидағы шекараны бұзуға 90-жылдары техникалық мүмкіндік болмады. «Күтуге тура келді» дейді киногердің өзі.
Болашақта цифрлы технологияның көмегімен өлгенді тірілтіп, түрлі кейіпкерді түрлендіре аламыз. Оған санасыз сым темірдің, жансыз жасанды интеллектің, эмоциясыз компьтердің күші жетеді, ал мүмкіндігі жетіп артылады. Бұл – үлкен жетістік, қуанышты жаңалық деп бөрікті аспанға атуға болар-ақ еді. Алайда киногерлер мен киносүйер қауым цифрлы көшірме жасауда абай болу керегін алға тартады. Мәселен, киносыншылар жоғарыда аталған «Форсаж-7» фильмінің аяқталу тарихы – марқұмның рухына құрмет көрсетудің үздік үлгісі деп санайды. Өйткені бұл киноның шығармашылық ұжымы Пол Уокердің туыстарынан рұқсат алды. Және Полды экранға қайтарудың логикаға сыятын себебі болды – картинадағы кейіпкердің оқиғасын аяқтау әрі жанкүйерлердің марқұмның өзімен қоштасуына мүмкіндік беру. Ал Полдың цифрлы сыңары «Форсаждың» оныншы бөліміне «түседі» деген ақпарат тараған кезде, Вин Дизельге алғыс жаудырған сол жанкүйерлер оны сынға алды. Мұнысын ақша табудың арам әрекеті деп актердің рухына құрмет көрсетуді талап етті. Мұндай даулы оқиға көп. Луи Армстронг, Мэрилин Монро, Одри Хепберн сияқты көптеген танымал жұлдызды «тірілткені» үшін сынның астында қалған компаниялар жетерлік.
Америкалық режиссерлер гильдиясының мүшесі және визуалды эффекттер қоғамының бұрынғы вице-төрағасы Ричард Тейлордың айтуынша, көптеген Голливуд жұлдызы өзінің цифрлы сыңарын жасау үшін түр-сипатын сканерлеу процедурасын жасауда. Артистердің мұндай көшірмелері қазірдің өзінде қауіпті экшн-сахналарды сомдауға дублер болып жатыр. Мұндай тәжірибелер жаңа түсінбеушіліктің тууына себеп, мәселен, актердің жасанды сыңарын студия жасайтын болғандықтан, авторлық құқық та компанияға тиесілі. Яғни, артист өз сыңарына өзі иелік ете алмайды.
Оның үстіне, технология «қорқынышты» қарқынмен дамуын жалғастыруда. Нейрожелі адамның түр-сипатын сканерлеуден бөлек, оның дауысын синтездеуді үйреніп алды. Адамның орнын виртуалды «жандар» алмастырады деп дүрбелең салуға әлі ерте де шығар. Әйтсе де, түр-сипатың мен дауысың өзіңе ғана тиесілі болудан қалып бара жатқаны, я болмаса, о дүниелік болғанның өзінде сенің тұлғалығыңа әлдекім иелік ете алатыны хақында қазірдің өзінде ойланбақ керек.