Өмірінің негізгі бөлігін ат үстінде өткізген ата-бабаларымыз құс баптауды жылқы үйретуден кем көрмеген. Себебі көшпенді өмір салтын ұстанған қазақ халқының тыныс-тіршілігі, салты, болмысы табиғатпен астасып жатыр.
Жаһандану дәуірінде қазақтың өзіне тән тектілігі, болмысы, ұлттық санадан ажырамаудың бір жолы – ұлттық салт-сана, дәстүрді жаңғырту десек, ұлттық спорт түрлерін дамытуды назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Себебі табиғат тылсымын неғұрлым терең тануға бағытталған халқымыздың өмір сүру образының артында үлкен даналық жатыр.
«Құсбегіліктің тарихы тым әріден басталады. Зерттеушілердің арасында құсбегілік өнердің тарихын үш мың жылдықпен байланыстыратындары да бар. Орта ғасырларда аты әлемге мәшһүр болған италиялық саяхатшы Марко Полоның жазбаларында Құбылай ханның өзінде саятшылыққа үйретілген 500 ақ сұңқары болғаны айтылады. Ақ сұңқардан бөлек, қыран құстарын баптап, күтуге сол заманның өзінде 10 мың құсбегі қызмет еткен екен. Тарихты қазбалап қарасақ, құсбегілік өнердің орта ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар дәуірінде кеңінен тарағанын көреміз.
Яғни, бұл жай аң аулау, көңіл көтеру үшін туған дүние емес. Құсбегіліктің артында табиғатпен байланыста болу, тіршілікті тану философиясы жатыр», – дейді атыраулық құсбегі Арман Қошқаров.
Құсбегілікпен 16 жасынан бері айналысып жүрген Арман Қошқаров өзін басқа салада жұмыс істей алмайтынын айтады. Олай деуінің себебі де бар. Өйткені Арман жастайынан әкенің тәлімін көріп өскен ұрпақ. Арманның әкесі Әбдікәрім Қошқаров кәнігі құсбегі. Арманды осы киелі өнерге баулып, бағыт-бағдар берген ұстазы.
«Ес білгелі құс баптауды көзбен келемін. Әкем «құстың жемін бер, томағасын қара» деген сияқты тапсырмалар беретін. Бала күнімнен сондай тапсырмаларды орындай жүріп, бүркітке деген қызығушылығым оянды. Танып-білген адамға бүркіттің киелі құс екенін түйсіну қиын емес. Құстарда да мінез болады. Тек оларды сезіне білу керек», – дейді Арман.
Арманның айтуынша, құсты баптау оңай іс емес. Әрі бұл салаға адам кездейсоқ келмейді. «Адам бар өмірін арнауға дайын болуы керек. Себебі құсты балапан кезінен баптау, күту, тәрбиелеу, оны бәйгеге қосу – ең алдымен уақытты және шыдамдылықты қажет етеді» дейді Арман.
Елімізде бүркіт көбіне Алтай, Тарбағатай, Алатау, Көкшетау таулары мен орман алқаптарында кездеседі екен. Табиғатынан жыртқыш құс саналатын бүркітті ақиық, мұзбалақ, қараша, көктабан, шөгел, көк бүркіт, су бүркіт, дала бүркіт, тау бүркіті деп те атайды.
Атырау жерінде көп жағдайда ителгі мен лашын құстарын кездестіруге болады. Сол себепті таңдауы бүркітке түскен құсбегілер көбіне жыртқыш құсты балапан кезінен тәлімбақтан (питомник) алуға тырысады екен.
«Бүркітті балапан кезінен баптау өз алдына үлкен әрі қызықты үрдіс. Кейде осы тақырыпта кино түсірілсе деп те ойлаймын. Себебі балапан бүркітті қолға үйрету, оны күту, баптау кешенді түрде атқарылатын жұмыс. Құс баптау үшін екі-үш күн бойы ұйықтамайтын да кездер болады», – дейді Арман Қошқаров.
Құсбегілер алдымен балапанмен арада тілсіз байланыс орнатады.
«Бастапқыда қолдан тамақтандыруға дағдыландырамыз. Содан кейін алыста тұрып, дыбыс беру арқылы құсты шақырып, өздігінен келіп тамақтануға баулимыз. Мұнан кейін ат үстінде тұрып жем-ді көрсетіп, шақырып, қолға келіп қонуды үйретеміз. Бүркітті басынан сипап тәрбиелеудің де өзіндік мәні бар. Яғни, басынан сипау арқылы өзіңнің құстың иесі екеніңді және оны жақсы көріп, қамқорлық жасайтыныңды сезіндіруге тырысасың. Құс иесіне мойынсына білуі керек.
Атырау облысы