Талдау мектебінің екінші кезеңі аяқталды
Талдау мектебінің екінші кезеңі аяқталды
©Н.Байбулин
691
оқылды
Елордада Талдау мектебінің екінші кезеңіндегі оқыту курсы аяқталды. Аталған мектеп Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының бастамасымен, Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қолдауымен құрылған болатын. Екі айға жалғасқан екінші кезеңде Талдау мектебінің тыңдаушылары аналитикалық материалдар даярлаудың түрлі дағдыларын меңгеріп, қабілеттерін жетілдірді. Бүгін оқыту курсының соңғы дәрісінде тыңдаушылар командалық жобаларын ұсынды. Талдау мектебінің алғашқы кезеңіндегідей бұл жолы да сегіз апталық курс теориялық және практикалық блоктарға бөлінді. Дәріс оқу үшін белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар шақырылды. Олар түрлі аналитикалық әдістер мен тәсілдер туралы дәрістер оқып, шеберлік сабақтары мен тренингтер өткізді. Сабақтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілуін жобаның бір ерекшелігі ретінде атап өткен жөн. Екінші кезеңнің соңғы күнінде Мәулен Әшімбаев аналитикалық тәсілдерді күшейтудің маңызды екенін айтып, командалық жобаларды қорытындылады. Оқыту курсының басында іріктеуден өткен 60 қатысушы он командаға бөлінген еді. Олардың әрқайсысы аймақтық мәселелердің бір бағытына арналған тақырыптарды таңдап алды.
«Талдау мектебінің екінші кезеңі Қазақстанның өңірлік даму мәселелері мен перспективаларына арналды. Курс аясында 32 сағатты құраған дәрістер, шеберлік сабақтары және тренингтер өткізілді. Тыңдаушыларға белгілі отандық және шетелдік сарапшылар, аналитиктер және ғалымдар дәріс оқыды. Осы жоба сіздердің кәсіби маман және тұлға ретінде қалыптасуларыңызға өзінің зор септігін тигізеді деп үміттенемін. Сол жолда өздеріңе сәттілік тілеймін», – деді Сенат Төрағасы.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта мектептің жұмысы түрлі форматта жалғасатынын және оған қатысушылар Сенаттың заң шығару қызметі мен Палата іске асыратын жобаларға жұмылдырылатынын айтты. Оқыту курсының қорытынды күнінде тыңдаушылар үшін журналист Ерболат Мұхамеджан мен саясаттанушы Ғазиз Әбішев ток-шоу форматында тренинг өткізді. Соның аясында қатысушылар талдау барысында пікірталас әдістерін және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын іс жүзінде қолданды.
Айта кетейік, Талдау мектебінің екінші кезеңіндегі дәрістердің видеонұсқасы мектептің ресми YouTube арнасында жарияланады. https://www.youtube.com/@SchoolofAnalytics.