– ЖШС басшысының міндетін атқарушы Евгений Бекаев құрылтайшы Гагаркиндерге сүйеніп, бізге осы жылдың қаңтарынан бастап сауықтыру жәрдемақысын мүлдем төлемейтінін айтты. Тіпті, «қайда шағымдансақ та» жәрдемақыны төлемейтінін жеткізді. «Ұнамаса, жұмыстан шығып кетіңдер» дейді. Біз осында келгені бері сыйақы дегенді мүлде ұмыттық. ЖШС басшылығы мемлекеттік бюджет есебінен қаражат алып отыр. Мемлекеттік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасаған. Оған 15 санаттағы жеңілдікті азаматтар кіреді. Біздің бұл аурухана мен емханадан басқа жұмыс істейтін жеріміз жоқ. Өйткені бұл аудандағы жалғыз аурухана. Мемлекет тарапынан еш бақылаудың жоқтығынан біздің еңбек құқықтарымыз аяққа тапталып жатыр, – дейді «Авиценна-Бурабай» емханасының мейірбикесі Жазира Жәкенова.Ауруханадағы үш жүзден астам дәрігердің ащы жанайқайы бойынша ЖШС басшылығынан мәселенің мән-жайын білмек болдық. Директордың міндетін атқарушы Евгений Бекаев бәрі заң аясында жүргізіліп жатқанын алға тартты.
– Биыл бізде еңбек төлемінен сауықтыру мүлде алынып тасталған. Бізде барлығы, яғни жалақының аударылуы тек заң шеңберінде ғана жүргізілуде, – дейді «Авиценна-Бурабай» директорының міндетін атқарушы Евгений Бекаев.Толғағы жеткен күрделі мәселе бойынша Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасынан ресми түсініктеме беруін сұрадық. Басқарма мәліметінше, жекеменшікке өткен аурухана облыстық әкімдік пен денсаулық сақтау басқармасын хабарландырмастан жәрдемақыны төлемеуге шешім қабылдаған.
– 2017 жылдың 12 маусымында Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы «Авиценна-Бурабай» ЖШС-мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде келісімшарт жасаған. Осы жылдың қаңтарына дейін сауықтыру үшін жәрдемақы төленіп келді. Жәрдемақыны төлеуді тоқтату туралы шешімді жекеменшік кәсіпорын өзі қабылдаған. Ол туралы денсаулық сақтау басқармасын да, облыстық әкімдікті де хабардар етпеген. Еңбек кодексінің 46-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмыс беруші қызметкерлерін еңбек шартының өзгеретіні туралы 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей хабарландыруы тиіс. Алайда медициналық мекеме басшылығы заңмен бекітілген мерзімде қызметкерлерді еш хабарландырмаған болып шықты. Мұнымен қоса, қызметкерлердің еңбек шарттарында демалыс ұсынған кездегі төлемді реттеу туралы ереже қарастырылмаған. Басқарма «Авиценна-Бурабай» ЖШС басшылығын қызметкерлердің еңбек қатынастарын реттеу мақсатында еңбек келісімшарттарын тиісті жағдайға келтіру қажетігі туралы хабардар етілді, – дейді Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.Оған қоса, басқарма медициналық қызметкерлер өз мүдделерін қорғау үшін құқық қорғау және өкілетті органдарға жүгінуге құқылы екенін жеткізді. P.S.
Жекеменшік мекеменің қаржы жүйесін мемлекеттік органдар жөнді бақыламайтыны рас. Бұл орайда тағы қарапайым қызметкерлердің құқықтары бұзылып жатқаны анық көрінеді. Жүздеген ақ халаттылардың жағдайы қандай болмақ? Ал түйінді мәселенің шешімін табу үшін тиісті құзырлы органдардың тарапынан бақылау қажеттігі айқын сезіледі...
Ақмола облысы